Қазақстанда тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу қажеттігі туралы көп айтылып жүр. Мен де бұл тақырыпқа бірнеше рет тоқталдым. Оған жетудің жолдары белгілі: жаңа жобалар қажет, экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу керек және тағы басқа, деп хабарлайды Malim.kz.
Алайда, меніңше, қазірдің өзінде қалыптасқан салаларымызға да назар аударып, солардың ішінен дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеген жөн. Мұндай әлеует аз емес. Соның бірі – металлургия.
Қазақстанның минералдық-шикізат қоры мол. Мұның өзі терең өңдеуге негізделген тұтас өндірістік кластерлер құруға мүмкіндік береді. Мұны нақты мысал арқылы қарастырайық. Мәселен, мыс өндірісі.
Мыс әлемдік өнеркәсіпте бұрыннан сұранысқа ие металл. Ал жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамыған сайын оған деген қажеттілік одан әрі артып келеді. Өйткені электроника өндірісін мыссыз елестету қиын. Сондықтан Қазақстан үшін осы бағытта жаңа өнім түрлерін шығарып, ел ішінде қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік мол.
Әзірге біз бұл шикізаттың едәуір бөлігін өндірілгеннен кейін көп өңдемей-ақ шетелге жөнелтеміз. Ұлттық статистика бюросының деректеріне назар аударайық:
• 2024 жылы Қазақстан шетелге 1,8 млн тонна мыс кені мен концентратын 3,14 млрд долларға экспорттады;
• 2025 жылы – 1,4 млн тоннадан астам өнім 2,8 млрд долларға сатылды;
• биылғы қаңтар-шілде аралығында 845 мың тонна өнімнің экспорты 2,3 млрд долларды құрады.
Әрине, экспорттан ел экономикасына қомақты валюталық түсім түсті. Бірақ бұдан да көбірек пайда табуға бола ма? Әрине. Ол үшін шикізатты ел ішінде тереңірек өңдеу қажет.
Өйткені мыс концентраты – өндірістік тізбектің бастапқы кезеңі ғана. Одан кейін балқыту, қара мыс пен анодты мыс өндіру, тазарту, катодты мыс шығару, одан әрі мыс сым шыбықтарын, сымдар мен кабельдер жасау кезеңдері бар. Ал өндірістік тізбектің соңында техникалық бөлшектер мен түрлі жабдықтар тұр.
Яғни өңдеу сатысы көбейген сайын өнімнің қосылған құны да арта береді. Соның нәтижесінде жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылады, білікті мамандарға, энергияға, көлік пен сервистік қызметтерге сұраныс өседі. Шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, ел ішінде толыққанды өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыруға болады.
Оның үстіне мыс концентратының құрамында тек мыс қана емес, алтын, күміс және коммерциялық тұрғыдан құнды басқа да элементтер болуы мүмкін. Заманауи металлургиялық кәсіпорындар өңдеу барысында оларды да бөліп алуға қабілетті.
Мыс балқыту өндірісінің тағы бір артықшылығы – күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, уран және химия өнеркәсібі үшін маңызды шикізат.
Ормуз бұғазының жабылуына байланысты бұл мәселенің өзектілігі тіпті арта түсті. Жеткізу тізбегіндегі іркілістер уран өндірісіне қауіп төндіреді. Ал әлемде уранға деген сұраныс, керісінше, өсіп келеді.
Артықшылықтары айқын. Әлем мыс жаңа экономиканың негізгі металдарының біріне айналатын кезеңге қадам басты. Электр желілерін жаңарту, жаңартылатын энергетика, электромобильдер, дата-орталықтар және жасанды интеллект инфрақұрылымы орасан көлемде мыс қажет етеді.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, қазіргі жобалардың даму қарқыны сақталса, 2035 жылға қарай әлемдік нарықта мыс ұсынысының айтарлықтай тапшылығы туындауы мүмкін.
Қазақстанда көптеген елде жоқ артықшылықтар бар: өзіміздің шикізат қорымыз, қалыптасқан металлургия өндірісі, жаңғыртылып жатқан энергетикалық және көлік инфрақұрылымы. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктің бәрін тиімді пайдаланып, инвестицияның жаңа кезеңін бастау.
Алғашқы қадам ретінде жаңа мыс балқыту кәсіпорындарын салуға болады. Одан кейін катодты мыс өндірісін кеңейтіп, экономикалық тұрғыдан тиімді болған жағдайда біртіндеп күрделірек әрі қосылған құны жоғары өнім түрлеріне көшуге мүмкіндік бар.
Осы өндірістік тізбектің неғұрлым көп бөлігі Қазақстан аумағында орналасса, табиғи ресурстарымыздан түсетін құнның соғұрлым үлкен үлесі елімізде қалады. Ол жалақыға, салыққа, технологияға, инвестицияға және жаңа кәсіби құзыреттерге айналады.
Сондықтан ең әуелі мыс концентратын шикізат күйінде экспорттауды біртіндеп азайтып, оны ел ішінде одан әрі өңдеуге басымдық беруге болады.
Бүгінде әлемдік бәсеке тек табиғи ресурстың өзі үшін жүріп жатқан жоқ. Негізгі тартыс – сол ресурстан кім көбірек қосылған құн жасап, оны өз экономикасында қалдыра алады деген мәселеде.
Демек, Қазақстандағы индустрияландырудың жаңа кезеңін дәстүрлі салалардағы өңдеу деңгейін арттыру арқылы жүзеге асыруға болады. Сонда біз шикізатты ғана емес, сол шикізаттан өзіміз өндірген дайын әрі жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттайтын елге айналамыз.