Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Корея тарапынан қауіп күшейген жағдайда ядролық күштерге қатысты заңның тиісті баптарын қолдануы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
КХДР Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесін Кореяның Орталық телеграф агенттігі (KCNA) таратқан.
Ведомство өкілі АҚШ пен оның одақтастарының әскери әрекеттері Пхеньянның жіті бақылауында екенін айтты.
"Тиісті баптардың іске қосылуы нені білдіретінін саралап, мұны елеулі ескерту ретінде қабылдауға кеңес беремін. КХДР Қарулы күштері АҚШ пен оның одақтастарының жаңа әскери қадамдарын үнемі бақылап, мемлекет қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді бағалап отырады", – делінген мәлімдемеде.
Солтүстік Корея Қорғаныс министрлігі АҚШ пен Оңтүстік Кореяның Пхеньянға қатысты айыптауларын да сынға алды. Ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай айыптаулар қарсы тараптың жаппай қырып-жоятын қаруға байланысты әрекеттерін бүркемелеу үшін айтылып отыр.