Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы өтті. Жиынға вице-спикер Дания Еспаева, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина, Үкімет өкілдері мен депутаттар қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бюджет жобасымен алдағы жұмысты депутат Татьяна Савельева басқаратын жұмыс тобы жүргізеді. Оның айтуынша, заң жобасы бірінші оқылымға шығарылғанға дейін депутаттар бюджеттің негізгі параметрлеріне, соның ішінде кірістер мен шығыстарға, сондай-ақ бюджет тапшылығына назар аударады.
Республикалық бюджет туралы заң жобасының бірінші оқылымы 14 қазанға жоспарланған. Осыдан кейін депутаттар салыстырмалы кестені талқылауға кіріседі.
Таныстырылым барысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, Ұлттық қор трансферттері, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау мәселелері көтерілді. Депутаттар ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты мәселені де бюджет жобасын талқылау барысында қарастырмақ.