Қуандық Бишімбаев ісінде прокурор ретінде көпшілікке танылған Айжан Аймағанова Құрылтай депутаты қызметіне кіріскеніне екі апта толуына байланысты атқарған жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутат әлеуметтік желідегі парақшасында Құрылтайдағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің құрамында жұмыс істейтінін жазды. Осы аралықта ол заң жобаларының біріне қатысты жұмыс тобының отырысын өткізіп үлгерген.
Аймағанованың сөзінше, бұдан бөлек, өзге де заң жобаларын талқылауға қатысып жүр.
“Сонымен қатар басқа заң жобалары бойынша бірнеше жұмыс тобының жұмысына қатысып жүрмін”, – деді Аймағанова.
Депутат қызметіндегі алғашқы екі апта ішінде 18-ге жуық азаматты жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелері мен ұсыныстарын тыңдағанын жеткізді.
Аймағанова алда атқарылатын міндеттер аз емес екенін атап өтіп, басты мақсаты - азаматтардың сенімін ақтау екенін айтты.
“Осы жылдар бойы азаматтар мен журналистер тарапынан үлкен қолдау сезіндім. Бүгін менде осындай мүмкіндік бар болса, оған сіздердің де үлестеріңіз бар деп есептеймін. Әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын!” – деді депутат.