Шаштайұлының стихиясы

Malim Админ

  • 08.10.2020

«Жүрелеп отырып, арқасын тосқанның өзінде ішінен қасарысып ұмсынбай қойса екен деп тіледі. Бірақ әлсіз қолдар мойнына оратыла кеткенде не істерін білмей бірер сәт шоқиып отырды да қойды». «Шал мен жылқы» повесінің дәл осы жолдары қандай машақатпен, қандай толғаныспен жазылғанын білмейміз, бірақ дәл осындай эпизодтар мен кескіндер Жұмабай Шаштайұлының суреткерлігін мойындата түседі. Бір оқығанда жазуы бастықпағандай, олпы-солпыдай көрінетін прозашының жаттандылықтан қашып, өмірлік құбылыстарды қазымырлана дәл суреттейтіні – кітаби тіркестерді, тіркестерді ғана емес, кітаби прозаны мансұқтағаны. Кітаби проза баланың анаға деген махаббатын жырлағанымен, өмірлік шындықты айта алмайды.

«Шал мен жылқы» повесінде аязды күндерде жылқысын іздеп шыққан Қосшыбай шалдың ойын ой қуалап, жас күнінде – 30-жылдардағы аштықта үй іші, ауыл аймағы түгел қырылған кезде кәрі шешесін арқалап қырғыз асып бара жатқандағы көрген азабын бір еске алғаны да суреттеледі. Қосшыбай сонда онсыз да тірі әруақ боп, құр сүлдері ғана қалған шешесінің алдына арқасын тосып отыруын отырғанымен, «ішінен қасарысып, ұмсынбай қойса екен» деп тілейді. Бірақ өлмелі кемпірдің әлсіз қолдары Қосшыбайдың мойнына оратыла кетеді...

ХХ ғасырдың сексенінші жылдары адамның сүйегі ақсөңке боп шашылған аштықты жазудың өзі азаматтық ерлік. Сөйтсе де, Ж.Шаштайұлы аштықты саясиландырып, әдебиетке публицистиканы араластыратын немесе ұлтшылдық конъюнктурасына ұрынатын жазушы емес. Ол жағынан жазушы өте кірпияз. Өзге шығармаларында да, дәл осы повесінде де Ж.Шаштайұлының бүкіл ұмтылысы – адамның жан-дүниесін ашуға, қазақ баласының түрлі мінездерінің образдарын психологиялық тұрғыда суреттеуге бағытталған. Көркемдік, әдебиеттегі көркемдік – әдемі сәттердің сұлу суреті ғана емес қой... Көркем ойдың бір сипаты, прозадағы ең басты сипаты өмірлік шындық емес пе?

Жұмабай Шаштайұлының прозасындағы өмір шындығы – қазақтың дәл өзіндей қарапайым һәм сонысымен құнды. Жазушының кейіпкерлері де ұлы тұлғалар мен ұлы оқиғалардың қаһармандары емес. Мойынсеріктің азын-аулақ малын бағатын Қосшыбай шешесін арқалап қырғыз асып бара жатып, шешесінен қайтсе құтылуды қоса ойлап келеді. Өмір шындығы осындай болды ма, әлде төбеқұйқаны шымырлатар бұдан да өткен оқиғалар болды ма, мәселе онда емес. Мәселе жазушының дәл осындай сәттерді төбеқұйқаны шымырлатар көркем шындыққа айналдыруында. Бұлайша жазу Шаштайұлының стихиясы.

Ж.Шаштайұлы бұл повесті ертеде жазған, шығармашылық тұрғыда шын суреткерше құлаш сермеп, өзінің жазушы ретіндегі стихиясын дәл осы повестен тапқан. Әдебиетте алғашқы шығармаларында тапқан стихиясынан жаңылып қалатындар көп. Ол трагедия. Бұл тұрғыдан Ж.Шаштайұлын қазірге дейін өз жолынан жаңылмаған жазушы деуге болады. «Шал мен жылқыдағы» буырқанған теңіздей айналып соғып отыратын ой ағысы, қазақтың тарау-тарау күйіндей бірнеше желі оқиғаның схематизмге мүлде ұрынбайтын композициясы, қас-қабақтың діріліне дейін дәл суреттелетін психологизм кейіннен «Біздің заманның Аязбиі» романында жаңа, биік деңгейде көрінді. Бұл роман қазақ әдебиетінің осы жанрдағы зор табысының бірі.

Қазақ прозасында шартты реализм деп атауға болатын бір құбылыс бар. Әрине, «шартты» дегеннің өзі де ұғынық үшін айтылған анықтауыш. Шартты реализмнің басты сипаты дәл осы шақты елестетіп, шамамен жазуында. Кейде эпизодтар ғана емес, тұтас романдар шартты реализммен жазылып, бұл тәсіл жазушы шығармашылығының арқауына да айналп кетуі ғажап емес. Бұл санатқа тарихи шығармалар, фэнтези немесе өзге де жанрлық ерекшелігі бөлек дүниелер кірмейді. Әңгіме тек тірі факторды жоғалтып алған реалистік прозадағы осы бір құбылыс туралы. Ой еңбегіне жүгінген шартты реализм шынайылықтан ада, жасанды проза. Жұмабай Шаштайұлының прозасы шынайы өмір реализмі, суреткерді жегідей жеп туған жан еңбегінің жемісі.

Болат Мүрсәлім

Байланысты жаналықтар

Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

20.03.2024

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

12.03.2024

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

28.09.2023

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

20.09.2023

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

03.02.2023

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

20.04.2022
MalimBlocks
Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

Қаныштанушы 88 жаста болатын.  

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

Ол 4 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

Айманына деген сағыныш, «перзент сүю» сылтауымен оны ренжіткені, оның соңы қайғылы қаза...

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

Қаламгер 74 жасында өмірден озды

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

Елін сүйген ерлер партиясын құрған

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

Әңгімелерімнің басым бөлігі өзімнің басымнан кешкендерім, сезінгендерім