Билік "Боратты" жеңе ала ма?

Алмас НҮСІП

  • 24.10.2020

Кешелі бері, екі күн бойы бүкіл қазақстандықтардың аузында екі сөз болды: бірі – Борат, екіншісі – көк ту. Біз көк туымызбен мақтанады екенбіз. Осынша резонанс тудырған оқиға «Борат-2» фильмінің тұсаукесері болған күні бүкіл елді шарпыды. Бәріміз әлеуметтік желіде бас фотомызға «Мен көк туымды мақтан тұтам» деген жазу жазып, қарсылық білдірдік. Бірақ, өңшең ығай мен сығай жиналып, «Борат-2» фильміне ешқандай жарнама агенттігі жасап бере алмайтын ғажап насихат жасап бергенімізді білмей де қалдық.

«Борат-1» шыққанда да солай болған. «Осы жұрт неге сонша дүрлігіп кетті?» деп, фильмді арнайы көргендердің намыстан жүрегі неге жарылып кетпеді? Өйткені, бұл фильм біз ойлағандай өзге жұртқа қызық бола қоятын шығарма емес. Қазақстанның аты мен туы бар демесеңіз, фильм ретінде көруге де тұрмайтын қоймалжың бірдеңе. Кім біліпті, Борат осы фильмі үшін мол ақша табуына өзіміз де аз еңбек сіңірмеген шығармыз. Осынша дарынсыз фильмнің Қазақстан деген елді келемеждегені үшін ғана соншама жетістікке жеткені қызық (18 млн АҚШ долларына түсіріп, 200 млн АҚШ долларын тапқан).

Иә, екі күн бойы көк туды мақтан тұттық. Боратты боқтадық. Дикий Арман ұстай алмай жүр екен, біз батыр деп санайтын жекпе-жек өнері саласында жүрген әлдебір жігіттер «қолыма түссе мойнын үзем» депті. Бұдан басқа өзінің өр рухты ел екені есіне түсіп, сырттай кіжінген, топқа еріп, жаппай даурыққан қалың ел. Тіпті, бір топ жас Борат келемеж қылған көк туды аспандата көтеріп, АҚШ елшілігіне барып, арнайы петиция тапсырды. Бұл оқиға да сырттай қарағанда күлкі шақыратын еді: Боратқа АҚШ-тың не қатысы бар, Ұлыбританияның елшілігіне неге бармайды деген сұрақ туындаған. Бірақ, бізге мұндай мәнсіз сұрақтар қызық емес болатын, өйткені, біз рухтанып тұрғамыз. Борат, Борат деп жүріп, оның ұлтын да ұмытып кеткен сияқтымыз. АҚШ елшілігі «Америка Құрама Штаттарының үкіметі бұл фильмді қаржыландыруға, өндіруге немесе таратуға ешқашан қатысқан емес», деп, мұны бізге не үшін айтып кеп тұрсыңдар деген лепте жауап берді.

Елдің екпіні басыла бастаған тұста «сонымен не таптық?» деген сұрақтар да қойыла бастады. Рас, жұрт жаппай даурығып жүргенде де «бұларың не?» деген ұстамды адамдар да шықты. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісінде сондай пікірді алғаш болып айтқан режиссер Данияр САЛАМАТ болды.

«Біз бұл күйге қалай түстік? Мәселе басқада, бауырлар... Көк туымызды  сүю үшін, Ата заңымызды сүйейік. Ата заңымызды сүю үшін, әділдікті сүйейік. Әділдікті сүйсек, адал болайық? Ата заңымызды жырымдап, черновикке айналдырдық. Одан кейін-ақ әділдік жырымдалып, шұлғауға айналды. Енді көк ту қалай аман қалады? Осы мазақ болғанымыз, мазақ болған... Үйде жатып көк туды сүйгеніңіз, түздегі туымызға (намысыңызға) қалқан бола алмайды!»

Содан кейін барып, жұрттың пікірі екіге жарыла бастады. Тіпті, аз уақыт өткен соң көк туға оранып алған «патриоттар» ет қызулықпен өздерінің абайсызда топқа қосылып кеткенін, монетаның екінші жағын ескермегенін түсініп, өкініп қалғандай да болды. Туға оранған акция болмаса, Борат тақырыбының қызығы қалмай бара жатты.

Сол тұста әнші, депутат Бекболат ТІЛЕУХАН «Борат-2» фильміне қатысты, Сиднейдегі мүсінге, ондағы көк туға қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Орыс тілінде! Қазақ онсыз да рухтанып тұр ғой деді ме екен, әлемдегі халықаралық тілдердің бірінде сөйлеп, әлемге базына айтқысы келген сияқты. Бірақ, мәлімдемесінде әлем елдеріне «қазақ мұндай ел емес, сенбеңіздер», деген сыңайда сөз арнамапты. Сөзін мемлекеттік хатшы Қырымбек КӨШЕРБАЕВҚА, Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДИНГЕ, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВАҒА және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида БАЛАЕВАҒА арнапты. Орыс тілі не үшін керек болды сонда? Әлде, әлем елдері Қазақстанның депутаттары үкіметке шындықты шырқыратып тұрып айта алатынын көрсін деді ме екен...

«Түсініктеме беріңіздер! Бұл фильм баяғыда-ақ мораль мен этика талаптарынан шығып кетті. Халықаралық құқық бұзылды. Дипломаттар мандатына кірісерде ұлттардың дәстүрі мен рәміздеріне құрметпен қарауға ант бермеуші ме еді?! ...Нақты реакция мен шаралар қабылданбай, мәселені жауып қоюға болмайды. Неге әлі күнге дейін бұл жексұрын флешмобты өткізуді қолдаған елдерге наразылық нотасы жолданбады? ...Біздің халқымыз қашаннан бері өзінің рәміздері мен  байрағын қорғай алмайтын болған?» - деп кете береді.  

Әрине, бұл сөзді Тілеуханға дейін де талай қазақ айтты. Тіпті, президенттен, сыртқы істер министрінен шара қолдануды талап етті. Бірақ, бұл шаруаға мемлекеттің араласа алмайтынын түсінуіміз керек еді. Ұлбританияға немесе Австралияға, Боратқа қатысы бар (?) тағы басқа елдерге наразылық нотасын жолдаудың жөні бар ма жалпы? Оларда АҚШ-тың берген жауабын бермей ме: «Біз қаржыландырған жоқпыз, сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар АҚШ конституциясы кепілдендірілген құндылықтар». Бірақ, білдей бір депутаттың өзі түкірігіне шашалып, публикаға ойнап отырған елдің қарапайым тұрғындарына мұндай демократиялық ұстанымдарды түсіну қиын-ау. Қазақтың туы бөлек әңгіме, қазақтың өзіне автоматпен оқ атып жатқанда мәу деуге шамасы келмеген (Тілеуханның Боратқа қатысты 2009 жылы айтқан сөзі екен) депутат-әншінің (және басқалардың) бұл қылығын «публикаға ойнау» деп атағаннан басқа ретін таппадық.

Жарайды, Бекболат айтты екен деп, мемлекеттік хатшыдан бастап, ақпарат министріне дейін намыстары оянып кетіп, президентке «осылай болып жатыр, не істейсіз?» деп барып тұрса. Сосын, президент арнайы мәлімдеме жасаса... Актер Саша Барон Коэнге «мынауыңды тоқтат!» деп, ескерту айтса... Қызықтың көкесі сонда болар еді: «Мыналарың расында Борат екен ғой», деп әлем сонда күледі. Боратты сырттай соттай салатын шетелде қашып жүрген біздің олигархтар емес. Қазақстанға кіргізбей қоям деп қоқан-лоққы көрсете қоярдай, соның Қазақстанға зар болып тұрғаны тағы шамалы.

Қалай дегенде де, бұл ешқандай да Қазақстан жайлы фильм емес екенін түсінуге тиіспіз. Қазақстан мен қазақтар бұл жерде тек абсурдқа құрылған сюжеттің негізі ғана, әйтпесе, бұл қандай да бір деректен қателесті яки бұрмалады деп, айып тағатындай деректі немесе биографиялық фильм емес. Егер, біздің билік бұл фильмге реакция білдіріп, ресми түрде айыптайтын болса, онда, сезікті секіреді дегеннің кебін киеді деген сөз. Және бір ескерерлігі, биліктің ол реакциясынан қандай да бір нәтиже шығады дегенге сену қиын. Осыған дейін өткен бір де бір сайлауын әділ өтті деп мойындамаған ЕҚЫҰ да, БҰҰ да Қазақстан билігінің сөзін сөйлей қояды деген – «Бораттан» өткен абсурд қана.

Сонда не істеу керек?

«Борат-1» фильмі шыққанда сол кездегі Біріккен корольдіктердегі елші Ерлан ЫДЫРЫСОВ «Біз Сталиннің құқайын да өткергенбіз, Бораттың да бұл пәлесі өтеді, деген сөз айтқан. Бәріне көнбіс қазақ бұған да көнеді дегенді айтқысы келген шығар. Құр тулап, айдалаға шаба бергенше, өзіміздің көнбістігімізді тағы бір мойындап, бұл да сол көнбістігіміз үшін, ата заңымыз мың өзгеріп жатқанда да қыңқ етпеген сорлылығымыз үшін алған еншіміз деп қана қарау керек сияқты. Айтпақшы, осы Ыдырысов бір сөзінде Боратқа «қазақты әлемге танытқаны үшін» рахмет те айтқан. Бәлкім, «Борат-2» фильмінің шығуына осы елшінің сөзі себеп болды ма екен... Енді, көптеген ұлтшыл (!), көк ту жамылған қазақтар қалағандай мемлекеттік хатшы дан тартып, президентке дейін Боратқа арнайы қайрылып сөз сөйлеп жатса, үшіншісі де түсіріліп қалуы ғажап емес... Ол кезде немізбен мақтанар екенбіз?

Байланысты жаналықтар

Ту туралы заң және "Борат-2"

27.10.2020

Саша Коэн неге Қазақстанды әжуалағанын айтты

27.10.2020

«Борат-2» фильміне қарсы жастар АҚШ консулдығына барды

23.10.2020

Бақытбек Смағұл: "Бораттан" гөрі жерімізге көз сүзген қытайлықтар мен ресейліктер қауіпті

26.10.2020

Мәдениет және спорт министрлігінде сыбайлас жемқорлық өршіп тұр

08.06.2020

Сыртқы істер министрлігі "Борат-2" фильміне байланысты мәлімдеме жасады

24.10.2020
MalimBlocks
Ту туралы заң және "Борат-2"

Саша Коэн неге Қазақстанды әжуалағанын айтты

«Борат-2» фильміне қарсы жастар АҚШ консулдығына барды

Бақытбек Смағұл: "Бораттан" гөрі жерімізге көз сүзген қытайлықтар мен ресейліктер қауіпті

Мәдениет және спорт министрлігінде сыбайлас жемқорлық өршіп тұр

Сыртқы істер министрлігі "Борат-2" фильміне байланысты мәлімдеме жасады