Тезекпен үй жылыту: Атамқұлов жалтарды, Ноғаев не дейді?

  • 26.10.2020
  • Malim Админ

Түркістан облысында газдандыру жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Бірқатар ауылдарда газ құбыры тартылғанымен, газдың келмей тұрғанын жазғанбыз. Мәжіліс депутаттары (Б. Дүйсенбинов, А. Перуашев, Е. Никитинская, К. Абсатиров, Д. Еспаева, Е. Барлыбаев, М. Қазбекова) осы мәселені көтеріп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұловқа, Энергетика министрі Н. Ноғаевқа депутаттық сауал жолдапты.

Оқи отырыңыз: Ноғаевтың жоспары қандай?

Депутаттар газы жоқ елдің рейтингі бес тиын деп долданып-ақ отыр. «Қазақтың қара шаңырағы–оңтүстік аймақ, инфрақұрылымдық даму, сапалы өмір сүру тұрғысынан тек Түркістан қаласымен ғана шектеліп қалмауы керек деп есептейміз. Оның үстіне құдайға шүкір еліміз күнін көре алмай қол қусырып отырған жоқ, әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп биік мақсат қойған ел. Бірақ, жылына 50 млрд шаршы метр газ өндіретін Қазақстанның халқы сол газбен үйін жылыта алмаса біз қандай өмір сапасы туралы айта аламыз, ондай әлемдік рейтингтің құны бес тиын», - дейді депутаттар.

Естеріңізде болса, Түркістан облысы Келес ауданы «Біртілек» ауылы, «Еңбекші» және «Ораз ата» елді мекендерінің тұрғындарының айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын аталмыш ауылдарға газ құбыры салынып, тұрғындар өз қаржыларына үйлеріне құбыр тартып, газ пештеріне дейін қойып алған. Осындай жағдай Жетісай ауданының Көктөбе ауылында, Сайрам ауданының жеті ауылында, Ордабасы, Қазығұрт ауданы ауылдарында орын алған. Өкінішке орай бүгінгі күнге дейін осы ауылдарға көгілдір отын әлі жетпеген.

«Егер газ болмаса, тұрғындардан неге 4 жыл бұрын қаржы жиналған? Тұрғындармен кездесу кезіндегі шағымдарға сүйенсек Жетісай ауданындағы 72 мектептің 39 әлі де көмір қызуымен жылынады. Мысалы: М. Мәметова атындағы №33-ші; №35 Қараөзек; №69 Мақташы; №30 І.Жансүгіров; №32 Ш.Құдайбердиев атындағы мектептер орналасқан елді мекендерге газ сонау 2014 жылы беріліпті, бірақ сол уақыттан бері аттай алты жыл өтсе де бұл мектептердің газға қолы жетпей отыр. Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімшілікте, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіруде. Бірақ, мардымды, нақты жауап ала алмадық. Әрине, сылтаудың түрі көп, қағаз бәрін көтереді. Осы ауыл азаматтары мен мектептерге газдың жетпеуіне себеп болып отырған шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті органның басшыларына көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытып, келе жатқан қыстың қарсаңында тезекпен жылынып өмір сүруге кеңес береміз. Сонда мүмкін, бұл мәселе жылдам шешілер», - дейді депутаттар.

Депутаттар министрлерден бұл мәселе қашан шешілетінін сұрады. Бұл сауалдан Бейбіт Атамқұлов «мен жауапты емеспін» деп, жалтарып кетті. «..Жылумен жабдықтау, газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне берілді. Осыған орай газбен қамту мәселелері Министрліктің құзіретінен тыс екенін хабарлаймыз» делінген Атамқұловтың жауабында.

Ал Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев әлі жауап бермеді. Ноғаевтың жауап беруге 10 күні бар. Не дер екен?

 

Байланысты жаналықтар

Курьер барып келетін, шауып келетін бала ма?

28.05.2021

Белсенділерді не үшін қамап жатыр?

18.04.2020

Қазақстанда темекі тұтыну бойынша зерттеу қорытындысы шықты

15.05.2020

Біртановтың "Б" жоспары күл-талқан болды

21.06.2020

...Құдайдан шипа сұрағандарды түсінбеймін

28.10.2020

Өзбекстан президенті өзіне жала жапқандарға жаза тағайындады

31.03.2021