«Астана» қаржы орталығы ішкі туризмді де дамытпақ

  • 22.10.2020
  • Malim Админ

21- қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков қызық мәселеге қозғау салды. Депутаттар 2020-2022 жылдардың бюджетін түзеп, күзеп, өңдеп отырған еді. Кестедегі қыруар қаржыға көз жүгірткен Жамбыл Ахметбеков бас көтеріп, Астана қаржы орталығына, Қазақстанның тікелей инвестициялар қорына екі айға 68,8 млрд теңге Қаржы министрі арқылы бөлінгенін сөз етті.

«Астана» халықаралық қаржы ортылығына қосымша бөлінетін 70 млрд теңге бюджетке қашан қайтады? Қайтар қаржыдан кіріс бола ма?» - деп сұрады депутат. Бір қарағанда, назар аударатындай жаңалық емес, әдеттегідей мемлекет пен квазимемлекеттік құрылымдар арасындағы бюджет бөлісудей. Алайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Астана» халықаралық қаржы ортылығына жалпақ тілмен айтқанда өз күніңді өзің көріп, мемлекет бюджетіне салмақ салмай, қайта кіріс кіргізіңдер деген тапсырмасын ескерсек депутат Жамбыл Ахметбеков қойған сұрақтың жаны бар.

Бір айта кетерлігі, президенттің осы тапсырмасын орындау үшін «Астана» халықаралық қаржы ортылығы  алдағы екі жылға бюджет сұранысын қысқартып та тастаған еді. Мәселен,  қаржы орталығы 2020 жылғы бюджетке 13,074 млрд теңгеге өтінім берсе, 2021 жылға 11,821 млрд теңгеге түскен. Ал 2022 жылы 9,9 млрд теңгені қанағант тұтқан. 2023 жылы 9,1 млрд теңгеге өтінімдерін қысқартқан. Яғни, тұңғыш президент  Н. Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында ашылған, инвестиция тарту мен халықаралық қаржы нарығындағы Қазақстанның өкілі болып, түрлі шаралар атқаруы тиіс, 2018 жылы құрылған бұл орталық бүгінде шығынын азайтып, аяқтан тұрып келеді. Ал сонда депутат Жамбыл Ахметбеков көтерген не мәселе?

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, оның да мәнісі бар екен. Мәселен, Үкімет биылғы карантиннің сабағын ескеріп, экономика еңсесін тез әрі қалыпты көтеретін басым бағыттарды анықтап, ішкі туризмді дамытуға шешім шығарған.

«Астана» қаржы орталығы екі ай ішінде бюджеттен 68,8 млрд теңге алды, оны біріншіден, 120 млрд теңге көлемінде қайтарады, екіншіден, осы қаражатты түгелдей Каспий жағалауының инфрақұрылымын дамытуға жұмсайды.  Бұл қаражатқа Каспий теңізінің жағалауынан бірнеше бесжұлдызды қонақ үй салады»-деді министр.  Яғни, «Астана» қаржы орталығы бюджеттен алған ақшасын екі есе өсіммен қайтарады. Және Каспий жағалауына турист толтыратын инфрақұрылымды реттейді.

Осындай ауқымды жобаларды атқарып тастайтауға 2 жылдың ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы өсіп жетілді ме? Ресми деректерге қарасақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығына екі жылдың ішінде 42 мемлекеттің 563 компаниясы тіркеліпті. Олардың арасында актив көлемі әлемде екінші орындағы Қытай Құрылыс банкі, Қытай Даму банкі секілді қаржы институттары мен CITIC, Wood Co сияқты әлемдік ірі брокерлер және даму институттары бар екен. Бұл компаниялар еліміздің қаржы технологиялары, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне 444 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат салыпты. Биылғы 9 айда пандемияға қарамастан Astana International Exchange (AIX) биржасының ресми тізіміне 68 құнды қағаз бен 45 түрлі эмитент енген. Биржаның сауда мүшелері саналатын 8 халықаралық және 18 қазақстандық брокер тіркелді. Қаржы орталығының биржасына тартылған акционерлік капиталдың көлемі 291 млн АҚШ долларына теңесті. Бұл соңғы үш жылда Қазақстанға тартылған акционерлік капитал көлемінен 4 есе артық. Коронавирус әкелген  экономика дағдарысына қарамастан 2020 жылдың үш тоқсанында «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушы компаниялары мемлекет бюджетіне 5,678 млрд теңге салық пен міндетті төлем төлепті.  2019 жылдың 12 айында көрсеткіш 6,99 млрд теңге болғанын ескерсек,  мемлекет бюджетіне түсірген түсімнің өскенін байқаймыз. Биыл шілдеде AIX биржасында Қазақстан мен Орта Азияның орта бизнес кәсіпорындарына акционерлік қаржыландыруға жақсырақ қолжетімділік ұсынуға бағытталған Өңірлік акциялар нарығының сегментін (REMS) іске қосты. Аталған сегмент аясында алғашқы эмитент болып «ЦентрКредит банкі» АҚ тіркелді.

Сондай-ақ, қаржы орталығы шетелдік ірі компаниялар мен ұлттық компанияларды ғана демеп отырған жоқ. Елдегі шағын және орта бизнеске де барынша қол ұшын созып келеді. Мәселен, Халықаралық қаржы орталықтарының халықаралық қауымдастығы (WAIFC) аясында шағын және орта кәсіпкерлік үшін қолайлы орта құру жобасы көтерді. Бұл жоба коронадағдарыста аса маңызды. Өйткені шағын және орта бизнес дағдарыстан кейін қалпқа келу үшін ресурсқа мұқтаж екені айтпаса да түсінікті.

Бұдан басқа, «Астана» халықаралық қаржы орталығы 2025 жылға дейін исламдық қаржыландыруды  дамытпақ. Жобаға сай, 2025 жылға дейін  Қазақстанда исламдық банкинг, капитал нарығы,  исламдық сақтандыру және қайта сақтандыру, исламдық банктік емес сектор, исламдық әлеуметтік сектор, исламдық қаржы технологиясы және халал индустрия дамымақ.

Осындай ауқымды жобаларды «Астана» халықаралық қаржы орталығы   – цифрлы технологияларды, соның ішінде қаржы технологиясын дамытып жүзеге асырмақ. Азаматтар мен бизнес қызметтің онлайн форматта көрсетілгені тиімді екенін орталық түсініп отыр. Осы жолда орталықтың қолдауымен компаниялар бизнес моделін қазірден өзгертіп жатыр.

Байланысты жаналықтар

"Қазақстанның инвестициялық сенімділігі тұрақты деңгейде"

25.08.2020

Министр «екеудің орнына бір реттеу» қағидасын ұсынды

01.07.2020

Ешкіден 42 түрлі өнім алып отыр

25.03.2021

Жайылым кең болса, мал да көбейеді, ет өндірісі де артады

18.03.2021

Қытайға заңсыз темір рудасын сатқандар анықталды

04.02.2021

Қолма қол ақшасыз төлем көбейіп келеді  

20.10.2020