457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Трамптың «ауқымды әрі керемет» заң жобасы Сенаттағы дауыс беруден өтті

АҚШ Конгресінің Сенатында президент Дональд Трамп ұсынған салықтарды қысқарту мен мемлекеттік шығындарды қайта бөлуге бағытталған «ауқымды әрі керемет» заң жобасы процедуралық дауыс беруден өтті. Құжатты 51 сенатор қолдап, 49-ы қарсы дауыс берген, деп хабарлайды Malim.kz NBC News телеарнасына сілтеме жасап.

Республикашыл сенаторлар Том Тиллис (Солтүстік Каролина) пен Рэнд Пол (Кентукки) құжатты қабылдауға қарсы шыққан демократтарға қосылды.

«Партия басшылары ішкі келіспеушіліктерді шешуге тырысқандықтан, процедуралық дауыс беру бірнеше сағатқа кейінге шегерілді», – деп нақтылады телеарна.

Әлеуметтік шығындарды қысқарту, әскери саланы ұлғайту

Заң жобасы салықтарды азайтуды, иммиграциялық қызметті қаржыландыруды арттыруды және әлеуметтік аз қамтылғандар мен балаларға медициналық көмек көрсететін Medicaid бағдарламасының шығындарын қысқартуды көздейді.

Сонымен қатар, қорғаныс саласына, әсіресе Трамп ұсынған Golden Dome («Алтын күмбез») зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін жасауға бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту жоспарланған.

Сенатор Рэнд Пол құжатты сынға алып, оны «қарыз мәселесін шешуден гөрі, шығындарды арттыру туралы заң жобасы» деп атады.

Жоба аясында әскери шығындарды биылғы жылдың соңына дейін 150 миллиард долларға (128 млрд еуро) көбейту, жаппай депортациялар мен Трамптың иммиграциялық саясатын жүзеге асыруға қосымша федералды қаржы бөлу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, мемлекеттік қарыз шегін 5 триллион долларға (4,27 трлн еуро) дейін көтеру ұсынылған.

Заң жобасы бойынша соңғы дауыс беру жақын арада өтеді. Бұған дейін, 22 мамырда АҚШ Өкілдер палатасы бұл құжатты қолдаған болатын.

Трамптың «Алтын күмбез» жүйесіне қатысты жоспары

20 мамырда Трамп АҚШ-тың үстінен 175 миллиард доллар (149 млрд еуро) тұратын жаңа зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі «Golden Dome» салу жоспарын жариялады.

Оның айтуынша, бұл жүйе гипердыбысты, баллистикалық және қанатты зымырандарды атып түсіре алады. Ол құрлықта, теңізде және ғарышта орналастырылады. «Радарлар мен зымыран ұстайтын қондырғылардың бір бөлігі ғарышқа орналастырылады», – деді Трамп.

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет бұл жүйе ядролық болсын, кәдімгі болсын — кез келген зымыран мен ұшқышсыз аппаратты атып түсіруге қабілетті болатынына сендірді.

Фото: Tasos Katopodis/Getty Images