Цифрландыру таңқалдыруын тоқтатпайды

Malim Админ

  • 30.10.2020

Қазір қалалық жерлерде жарамдылық мерзімі аяқталған жүргізуші куәлігін ауыстыру түк қиын болмай қалды. Ұялы телефон арқылы барар уақытыңызды алдын ала белгілеп, халыққа қызмет көрсету орталығына барсаңыз болғаны, сол жерде медкомиссиядан өтіп, мемлекеттік қызмет ақысын төлеп, фотоға түсіп, бас-аяғы жарты сағаттың ішінде су жаңа жүргізуші куәлігіңізді алып кете бересіз. Немесе құжаттарыңызды электронды порталға тіркеп қойып, айтылған мерзімде дайын кәулікті алып кете аласыз.  Бұрынғыдай  бірнеше күндік сандалыс, бюрократия, бармақ басты, көз қыстылық, жемқорлық жоқ. Мұның бәрі цифрланудың арқасы.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің бүгінгі Орталық коммуникациялар қызметінде баяндамасына қарағанда «Цифрлы Қазақстан» тұрғындарды таңқалдыруын тоқтатпайды. Енді қала маңындағы елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін антенна-матчталық құрылғылар орнатпақ екен.  Б. Мусиннің айтуынша, үлкен қалалардың маңындағы елді мекендерде қала ішіне кіретін жер үйлерді оптикалық интернетпен қамту қымбатқа түседі.

«Оптиканы ауылдағы әр үйге тарту қымбат. Мысалы, Қосшыда 3-4 ай бұрын антенна-матчталық құрылғылар орнату жұмыстары басталды. 10-ға жуық антенна -матчталық құрылғы салынды, қазір бесеу іске қосылды», - деді министр.

Б.Мусиннің сөзінше, антенна-матчталық құрылғылар орнату жоспарлары әр қала бойынша бекітіледі және ведомство сайтында жарияланады. Ал «оптикалық» интернетті тұрғындар көршілермен бірігіп операторарға жүгіну арқылы өз қаржысы есебінен тарта алады. Сол антенна-матчталық құрылғылар тарататын интернеттің сапасы қандай болмақ?

«Байланыс сапасы бойынша, бізде реттеуші ретінде байланыс сапасын анықтауға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық актілер бар. Егер сигналдың бір бөлігі болса, онда стандартқа сәйкес - интернет ұстайды, белгілі бір байланыс бар. Бірақ интернетте сапалы жұмыс істеу үшін бұл байланыстың жеткіліксіз екенін біз түсінеміз. Сондықтан бізде екі проблема бар: интернеттің сапасына қатысты нақты талаптар жоқ, екіншісі, бізде аналитика жоқ: қай жерде, қандай жағдай, ұстай ма, жоқ па. Мәселені шешу және интернет сапасын бақылау үшін біз екі жолды таңдадық. Біріншісі, Bailanys.bar халықтық бақылау қызметі. Ол қазір жұмыс істеп тұр, бір түймені басу арқылы кез келген пайдаланушы біздің дерекқорымызға жылдамдық деректерін жібере алады. Бұл бізге республика бойынша қандай да бір елді мекеннің координаттары мен тарату жылдамдығын көрсетеді. Тиісінше, осы деректердің барлығын базада жинақтай отырып, біз республика бойынша жағдайды, сигналы әлсіз аймақтарды көріп отырмыз. Егер осы халықтық бақылау қызметі тараса және біз барлық сигналдарды тіркейтін болсақ, онда біз арнайы өлшеу құрылғыларымен сигналдың әлсіздігін түзетуге және белгілі бір айыппұлдар салуға құқылы және өкілеттігі бар инспекторларымызды қайда жіберуге болатындығын білетін боламыз. Бұл сіздердің шағымдарыңызға жауап беруге мүмкіндік береді және осы ақпарат негізінде интернетке қатысты барлық мәселелерді шешу үшін жоспарлы жұмыс жүргізе аламыз», - деді Бағдат Мусин.

Екінші жол – заңнамалық деңгейде бірқатар өзгерістерді талап ететін реттеушінің рөлін күшейту дейді министр.

«Бақылауды күшейту үшін біз интернет сапасына қатысты белгілі бір талаптарды күшейтіп, белгілейтін боламыз. Секундына қандай да бір мегабайт немесе гигабит «дейін» емес, «бастап» болатындай. Нақтырақ айтқанда, операторлар белгілі бір жерде ұсынуға тиіс интернет сапасының нақты төмен көрсеткішінен. Екіншісі, мүдделі тараптармен бірлесіп радиожиіліктерді бөлу стандарттарын бекітеміз және әзірлейміз. Бұл бүгінгі күні пайда болған және жеткізілетін сигналдардың сапасын жақсарту үшін оны шынымен қажет операторларға радиожиіліктерді таратуға және сапаны арттыруға мүмкіндік бермейтін белгілі бір латифундизммен күресуге көмектеседі. Үшінші ұсыныс - байланыс операторларына салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайту. Ешкім де қарсы емес, қазір біз заң жобасының тиісті мәселесін шешу бағытында жұмыс істеп жатырмыз», - деді Мусин.

Сонымен қатар, талшықты-оптикалық желілерді тартпай (ТОБЖ), тұрғын үй кешендерін пайдалануға беруге тыйым салынады. Қазірдің өзінде инфрақұрылымдық даму министрлігімен уағдаластыққа қол жеткізіліпті.

Қазақстанның 18,7 млн халқы  6459 елді мекенде тұрса,  4751 елді мекендегі 17,5 млн адамға интернет жетіпті.  Енді  «Ауылға ТОБЖ орнату» жобасы жалпы ел бойынша 2,4 млн адамды қамтымақ. Ел бойынша 20 мың шақырым «оптика» төселіп, 3,5 мың мемлекеттік нысан қосылмақ.

«Талшықты-оптикалық байланыс желісі – ТОБЖ – газбен немесе сумен қамтамасыз еткенмен бірдей. Біз интернетті ауылға – мектептерге, ауруханаларға және әкімдіктерге жеткіземіз. Әр үйге тарту - бұл «мобильді интернет» жобасы. 928 ауылдық және шалғайдағы елді мекендерде 601 мыңнан астам адамды қамтитыны антенна-мачталық құрылғылар, базалық станциялар орнатылды», - дейді Мусин.

Министр шалғай ауылдағы ара қашықтығы атшаптырым үйлерге бұл жобамен желі тарту қиын әрі қымбат дегенімен,  мәселені шейринг шартымен шешпек. «Барлық ұялы байланыс операторлары «Кеңейту» жобасында келісімге келді. Мысалы, үш түрлі қондырғының орнына 3 оператор бір ортақ «мачтадан» сигнал ұстап, тарататын болады» дейді.

Елді мекендерге сапалы интернет барған соң ауыл тұрғындары да қалалықтар сияқты цифрлы Қазақстанның шапағатын кең-молынан көрмек.  Мәселен, аудан аралап қағаз анықтама жинамай, үйінде отырып  онлайн анықтама жібере алады. Кейінірек, министрлік жоспары іске асса, электрондық форматта жер беру мен алу ісіне қатыса алады. Мәселен, әзірленіп жатқан заң жобасы мақұлданса,  Жер комиссиясы алынып тасталмақ, қағазсыз қызмет көрсету енгізілмек.  жер учаскелерін беруді коммуналдық қызметтермен келісу рәсімі автоматтандырылады. Цифрландырудың арқасында жер телімдерін беру мерзімдері айтарлықтай қысқарып,  жер учаскесін тікелей беру бойынша жалпы мерзім 1 жылдан 30 күнге дейін қысқармақ.

Айтпақшы, «Цифрлы Қазақстанның» шалғайдағы елді-мекендерге қанат қағып келе жатқанын  ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров құп көретінін де бұрынырақта айтқан еді.
«Ауылшаруашылғы саласын  цифрландыру бойынша жоспарларымыз көп, бірақ мен үш негізгі мәселені атап өтейін. Біріншісі – жер қатынастарын цифрландыру. Заң жобасы қабылданғаннан кейін барлық жерлер электрондық форматта берілетін болады. Негізгі міндет – адам факторын, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты жою, сондай-ақ өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту. Екіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің қадағалануы және үшіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасы» деген еді министр.  Сапархан Омаровтың айтуынша, цифрландыру жүйесі жалған есеп беретін астық қамбаларының өтірігін ашып бермек.

Айта кетерлігі, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүйелі және нәтижелі іске асыруды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеке бақылуында ұстап отыр. Мемлекет басшысы пандения кезінде «Цифрлы Қазақстан» сыр бергенін мәлімдеп, тиісті шенеуніктерді қызметтерінен алып тастаған еді. Қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қаржысын қымқырды дегендерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.Жалпы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының ауқымы өте көп: жасанды интелектен бастап, полиция, медицина, білім, халыққа қызмет көрсету, ауылшаруашылық, өнеркәсіптік, коммуникация салаларына қатысты күрделі және жүйелі жаңартулар енгізілмек.