Ақын Айтуар Өтегенов өлеңдері

Айтуар Оспанұлы Өтегенов 1946 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы Аққиiзтоғай ауылында туған. Ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi.

Malim Админ

  • 02.10.2024

МЕНІҢ КЛЕОПАТРАМ

Арнадан асып сыймаған,
Жүректе жатыр әндерім.
Жаныма гүл сыйлаған,
Ізбасар ұл сыйлаған,

Сен – Клеопатрам менің.
Даралығымды кіндіктен,
Ұғып біліп,
Жара-мұңымды кірпіктен,

Ұмыттырып.
Жіберген, иә, сен
Клеопатрамсың,
Күліп тұрып.

 

АҚМЫШТАҒЫ КӘРІ АҒАШ

Алыптықты көргiң келсе,
Осы ағашты көр мықты.
Шор-шор бұтақ, терең тамыр орнықты.
Найзағайдың жебесiне шыдаған,
Көрiп зорлық, қорлықты.
Жеткен бiзге өлмей-өшпей дiн аман,
Ұғындырып ерлiктi.
(...Саяхатшысымақ бiреу таңдана,
Таңданғаны өз алдына, паңдана.
“Тарас еккен бұны да”, - деп кергiптi.
Осындайға буырқанбай, күймей гөр,
Шындық суға суарылған,
Өтiрiктi сүймейдi ел.
Туған жердiң топырағынан жаралған,
Бұлағынан нәр алған,
Мәңгi жаса, Бәйтерегiм, билей бер).
Бұтағына талай қыран жұмыртқасын шайқаған,
Бұл бәйтерек сұлап барып,
Тiк тұрыпты қайтадан.
Айдаһардың елестетер кескiнiн,
(Және оның ысылын да естiдiм),
Жiтi көзге байқаған.
Ақмыштағы алақандай осы бiр,
Оазистiң жұпарынан жұтамын.
Қызыл қала, қызыл iңiр, тұт* әнiн,
Көкiрегiне қондырып,
Мүмкiн Тарас еккен болар,
Кетiктегi бағына,
(Нулы, сулы Украинасын сағына),
Кесiп алып осы ағаштың бұтағын.
Кеуде кере, кеуде кере, осы бiр.
Оазистiң жұпарынан жұтамын,
...Сақтай алмай асылдарды кеттi есе,
Бiрге көктер жасыл алқап көктесе.
Бәйтерегiм, тамызық боп бiр пешке,
Абайсызда кетпесе екен,
Кетпесе...

 

АТА ҚАЗАҚ

Бір шыңырау және онда жалғыз қауға,
Құтым болған түссе де сансыз дауға.
Әрқашанда қамқор боп қол созасыз,
360 әулиелі Маңғыстауға.
Еліңіз бар иесін көптен күткен,
Тоза жаздап тозбаған өктемдіктен.
Сізге ұсынар киесі дарысын – деп,
Әулиелер бойына жерден біткен.
Қайда да қошемет мол сүйікті Ұлға,
Әлемді Көсемдікпен ұйыттың да.
Таныттыңыз Қазақ атты халық барын,
Ғасырда дара туған биік Тұлға.
Қоғамдағы талдайсыз әр ізді Сіз,
Ел алдында ұғынып парызды Сіз.
Қазақ ұлтын топаннан сақтап қалу,
Жолын білер Нұх пайғамбар тәріздісіз.
Қара түндер келмеске кетті дейміз,
Бақыт құсы бізге де жетті дейміз.
Елбасының игі істе қадамына,
Бекет – Ата жар болсын, деп тілейміз.
Аз көрген жоқ өмірден атам азап,
Басталады енді өмір өте ғажап.
Жасай берсін Нұрсұлтан Назарбаев,
Ұрпақ берер есімі – Ата-Қазақ!!!

 

МАҢҒЫСТАУ ПЕРНЕЛЕРІ

Маңғыстауда...
Көп дейді жұмбақ үңгір,
Жұмбақ үңгір құпиясын тыңдағым бір
Келген еді.
Амал не, жақпар тастар,
Қымтанады сыр шертпейді күңгір-күңгір.
Күңгір-күңгір сырлары ағытылса
Жүре берер еді ғой нұрланып жыр...

 

ЖЫР ОҚИМЫН ТАСЫҢНАН

О, Маңғыстау, жасырған,
Құпияң мол неткен бұл?
Жыр оқимын тасыңнан,
Қына басқан көктеңбел.
Өткен өмiр айқаста,
Iстеп кеткен дегенiн.
Қой таста да, ай таста,
Таңбасы бар жебенiң.
Мәңгiлiк боп ұраны,
Жоғалмастан нұр әрi.
Мавзолейлер, мазарлар,
Айдалада тұр әлi.
Небiр тарих жатыр-ау,
Сынып, мұрты кертiлiп.
Жетi жұрт кеп, япырау,
Кеткен дейдi жетi жұрт.
Тұлғасына тұнған әр,
Сұрақ қоям шыңдарға.
Мына қорым кiм болар,
Сақтар әлде,
Оғыздар ма,
Ғұндар ма?