Ақын Бақытжан Раисова өлеңдері

Бақытжан Райыс 1959 жылы қазанның 6 – жұлдызында, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Еңбек аулында (Таңба) дүниеге келген. 1976 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіріп, Бақытжан Райыс С.М. Киров атындағы (қазіргі Әл- Фараби) Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Аталған университетті 1981 жылы үздік бітірген. 1999 жылы ақынның «Ай мен Алтай» тұңғыш жыр жинағы Алматыда «Білім» баспасынан басылып шығады. Содан бастап, әр жылдары Бақытжан Райыстың «Сезім сәулесі», «Шағылға біткен шынармын», «Ай патшалығы», «Кәусар дүние», «Жердің күн беті», «Бота көзі төңкерілген дүние», «Жаны жарық жұлдыздар» жыр жинақтары және «Жалын мен оттан жаралыа...» атты мақалалар мен эсселер жинағы шықты. Қаламгердің балаларға арнап жазған «Бақыт әкелетін ертегілер» кітабы «Дәуір» баспасынан жарық көру үстінде. 2022 жылы Бақытжан Райыс Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.

Malim Админ

  • 22.10.2024

Суреткер

...Қоңыр салқын үнімен селеулердің

Сабыр сақтап даламда кемелдендім.

Сыбызғы үнді  сазынан өлеңі ескен

Менің жаным  сарайы шеберлердің...

 

Тасты жарып шыққанда таудан шынар,

Ғажабынан тірліктің арман туар.

Күлімдесе кеудемде  Күн суреті

Бабам менің қанымен салған шығар...

Бейкүнә шықтың көзі ақық жасты,

Жалт еткен ғұмырымен бақұлдасты.

Дірілдеп сағағында қайран өмір

Қызыл гүл қара  жермен жақындасты.

Көлдердің мөлт еткенде қарашығы,

Жайраған жасыл белдің жарасымы,

Жалғыздың жанына  жара салған шығар

Шатырлап найзағайдың тау асуы...

Алтайда жүз жыл бағып Ай қабағын,

Суреткер бола алмасам таң қаламын.

Бұтағын қарағайдың шайқап өскен

Кербұғым, Кәусар текті Кермаралым.

Жұтынып жұпар шашса өрден шынар,

Көрем деп көздің нұры көрден тұрар.

Қарығып көркемдіктің құдіретінен

Қамығып талай шебер өлген шығар?..

                       

  ДАРАБОЗ

(Батыр Баянды еске алу)

Дала, дала, көшпендінің ең соңы,

Күн астында Күнікейім дер сені.

Қанатымен құстардың сәлем жолдап, кең сері,

Сүйіп едім мен сені.

Қас тұлпардың жер тарпыған дауысы,

Қас батырдың қабырғаны қайыстырған намысы.

Ақ пердені қақ жарып келе жатты дарабоз,

Ай астында қалады аунап дала боз.

Дарабоздың соңынан шұбырғандай қалың ел,

Кісінеген даусына қосады екен зарын ел.

Дәл осы жол, жо-жоқ, жесір дауы емес-ті,

Жоқтап еді туған жердің дауын ол.

Енді ешқандай бөгетке, тоқтамасы сезілер,

Қызыл шоққа қариды, оттай жанған көзін ер.

Мұны көрген дұшпан да, жыға қашар шатырын,

Әз жанынан түңіліп, кәлласынан безінер.

Дауыл күнгі теңіздей шалқып, тасып айнала,

Көтеріліп қалды дейсің, жасыл шөп те жайлана.

Жан баспаған түкпіріңді шайқап кеткен сұмдық сөз,

Жас сұлудың ернінде күбірлейді жай ғана.

Қалқып ұшқан қаралы оққа, қарсы шапқан дарабоз,

Жан бауырың бір күйдірсе, мың күйдірді қарагөз.

Намыс буған, жан ышқынған, жойқын шабыс еді бұл,

Көтере алмай талып жатты дала боз...

 

ӨМІР

Мына жарық жалғанда

Кетпесін деп арманда,

Біреуге ырыс, бақ берген,

Берекесін ап берген

Өмір, өмір, өмір – ай.

Оянсын деп ойсызға

Қаптаған қайғы, мұң берген.

Айылын жимас арсызға

Оқ боп тиген сұр мерген.

Өмір, өмір, өмір – ай.

Көше кезген бал ашып,

Қасиет кетіп тектіңнен.

Әділет жолдан адасып,

Ақты бір қара деп білген.

Өмір, өмір, өмір – ай.

Үйлесіп ағың көгіңмен

Жайнап бір тұрса сары Күн.

Көктемнің гүлін төгілген

Аязыңмен қарыдың.

Өмір, өмір, өмір – ай.

Арманның атын талдырып,

Жүк арттың нардай сенімге.

Жаһанда жалғыз қалдырып,

Жақсыны қиған өлімге.

Өмір, өмір, өмір – ай.

Үмітін жанның үздіріп,

Шоққа да бастың табанын.

Соңында қалған ізгілік

Жаудырап маған қарадың...

Өмір, өмір, өмір – ай.

Жақсылық көшкен дариямен

Жамандық қатар ағады.

Данышпан өмір – қариямен

Бір мыстан кеті – і – іп барады.

Өмір, өмір, өмір – ай!

 

Мұң

Білем, сезем осы бір мұңның тек емесін,

Біреу ғайып боп, қалдырғандай тек елесін.

Әйтпесе бәріне биіктен қарайтын

Әлемге аян ғой Құдай емесім...

Бұл, бәлкім қырғыздар айтқан жыр ырғағы,

Өзбектің Аллаға арнаған құрбаны.

Бұл, бәлкім, бұршақтап қара бұлт қанаты

Қазақты жылатқан Мұқаңның жырлары?

Қаңбақтар көшкіні. Ауғанның даласы.

Адаспай тұрмайтын адамзат баласы.

Бұл, бәлкім, мәңгілік ғашығын іздеген

Абайдың нұр тұнған көзінің қарасы.

Бұл деген сұмдық қой, ақылға қарай ма,

Қайғысыз қара су жұбатпас қалайда.

Ақындар ерте өлсе, шетінен дарынды

Осы мұң ғарышқа әкетті деп ойла.

 

ШЕКСІЗ ҮЙЛЕСІМ

Дүние дел-сал ...

Жиылмаған көкпеңбек шатыры әлі,

Құс жолы ақиқатқа шақырады.

Көз нұрым шашырады

Ай кезбеге.

Сөздерім шашылады,

Қай кезде де

Түпсізге сіңіп аптығы басылады.

Құпиясы қат-қабат қырғын дүние

Пендесінен бір керемет жасырады ...

Адам болды ақыры бар ғаламның

Өзіне - өзі көзі қазған ақымағы.

Тайға таңба басқандай жазылғаны –

Әшкере боп маңдайдың жазулары ...

Ми құтысын аударып-төңкереді,

Өмір мәнін іздеген аз ұлдары.

Жапыраққа қараймыз жазу іздеп,

Тағдырға өкпеліміз, назымыз көп.

Кім біледі, қай күні қайтарады

Келген жаққа қайтадан барыңыз деп.

Өмір солай ... өз-өзінен үйлеседі,

Кей сәтте ақ пен қара бірлеседі?!

О дүниенің де керегін толтырмаса,

Адамзат алшаң басып жүрмес еді...

 

ТҮНГІ ЖЫР

Жұлдыздар кестеге ауады,

Түн ару – аспанның зергері.

Құс жолы зымырап барады,

Адаммен ісі жоқ жердегі.

 

Ақ боз ат кісінеп күн асты,

Ақ таңға айналар әр күні.

Дөңгелеп гүлдер де қыр асты,

Нұрымен қуантқан жарлыны.

Ақ нөсер – ақ күміс таяғы 

Кіндігі кесілген даланың.

Мәңгілік сұрақты қайталап баяғы

Аллаға алақан жаямын ...

Ақиқат – ұзақшыл, аяңдап,

Шексізден ... жол тартар ғаламға.

Бәріне, бәріне, бәріне алаңдап,

Ақылым шығады алаңға ...

Сан мың жыл жамылған ай бозын,

Қара түн – қамалған көк бөрі.

Өлеңмен күбірлеп жерде өзім,

Жақыным жылайды көктегі...

 

Жаз

Қара жер, қара суды ішіп-жеген,

Мөлдіреп шие даңқын түсірмеген.

Қызыл шырын үрпінен жаз гүлдеген

Келе жаттым жұмақтың ішінде мен.

Тал басында жамырап жасыл шырақ,

Күн үстіне құяды асыл шуақ.

Ақ пен көгі алмасқан кереметтен

Мен отырмын адамға ақыл сұрап.

Ақша бұлттың көгілдір жайлауында,

Өмір жатты отты күн қайнауында.

Ақ жауынның іңірлік ықыласы-

Қылаң шөптің көрініп қаулауында.

Бөртіп бүгін көгорай түйнектері,

Оймақ ерін ойыпты жидектері.

Бусанған ана жаздың бауырында

Барады балпаң басып үйректері...

Мұнда жоқ көк бет дауыл, құйын ізі,

Қарақат – сұлулықтың тамшы жүзі.

Таңғалып жапыраққа отырғанда

Бас жарып шықты жерден нұр уызы.

Шымырлап кәусар тұма қайдан шығар,

Бұлбұлдар ақ қанатын жайған шығар.

Жаз қызығын термелеп торғай отыр

Ер жетіп жусан қырда қалған шығар...

 

Жұмақ

Кері итеріп не оздырып уақытты,

Жан өмірге келгенімен  бақытты.

Ұлы өнерді сата алмайтын  ешқашан

Төксе  дағы алтын, гауһар, жақұтты.

Өмір қатал, зар шегеді шерменде,

Мен жұмаққа барсам дейді өлгенде.

Жылап тұрып, жұмақ санар тірлікті,

Күллі өмірдің әділеті бар менде.

Таң атпаса қара жерге құлап түн,

Несі қызық күресі жоқ жұмақтың.

Қобыз сарын қосылмаса не болар,

Қаңбағына мұң оралған қыраттың.

Сыңсып өскен жүзімнен дәм татарсың,

Өне бойы тәтті ұйқыға батарсың.

Жұмақтан да жалығарсың бір күні

Бақпен бірге келмесе егер қатар сын.

Мың-миллион раушан гүлдің жамалы,

Көкжал толқын күнде сүйген жағаны.

Бұл фәниді жұмақ демей не дейсің,

Күнәдан пәк сәби есік қағады.

Көк төрінде қатар жүзгени күн, айы,

Қыран ойы, шексіз және қиялы,

Бір ғұмырға бір жұлдыздан келетін

Маған  жайлы осы дүние жұмағы.

 

Тау баласы

Өзін таудан төмен ұстау – біздің жақтың әдеті,

Бауырына ап пана болу – өнегесі көретін.

Күн өрмелеп шыға алмаса, қысы суық болғаны,

Разы болар жақсылыққа себезгілеп төгетін...

Біздің жақта періштелер ақша қар боп күледі,

Күн менен  Ай табиғатқа өзі келіп сіңеді.

Ізгілік пен парасатқа сәби құсап сенеді,

Ел жанында ертегілер қатар өмір сүреді.

Тәкаппарлық – тау суреті айнакөлдің бетінде,

Тау секілді адам көрсең, тастан тұяқ, кетілме.

Қарағай да қол созбайды, қайың өтер айналып,

Пейіш саған тік қарайды өкін, мейлі, өкінбе.

Төрт мезгілде қоңыр салқын  пейілінен аумайды,

Мұнда тіпті тазалықтың өзі келіп аунайды.

Мұнда сүлей сыпыра жырау  бұлбұл ғана сайрайды,

Сыбызғы орман сырнайлатып, сөз жаратар таңдайлы.

Жарық ойнап шың басында, көлеңкелер көшеді,

Жалт бұрылып жарқабақтар жол тағдырын шешеді.

Тоқсан тоты тоғай аңқып, жұпар шашса өрден гүл

Найзағайлы бұлтты ашады өлең-сөздің нөсері.

 

Май шам

Май шаммен өткен ғасырлар,

Шуағын Күннің шашыңдар.

Тас ғасырдан да досың бар,

Жас ғасырдан да досың бар.

 

Май шамды үзбей жағатын,

Тауысып төзім-тағатын.

Бұрыштағы алып көлеңке

Сәуледен күлім қағатын.

 

Жымиып май шам жанатын,

 Май болып уақыт таматын.

Сүйіп те қалған көбелек

Күйіп бір ләззат табатын.

 

Түнімен ойға шоматын,

Асықпай жүрек соғатын...

Ғасылға кеткен бір күні

Ғасырдан ұзақ болатын.

 

Май шамын жаққан дәуірлер,

Армандарыңды көріңдер.

Мейірін жанның шалқытып,

Бізге де сәуле төгіңдер.