Ақын Рахат Қосбармақ өлеңдері

Рахат Құсайынұлы Қосбармақ 1972 жылы 19 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы «Қызыләскер» (бұрынғы «Тұрман») деген жерде, Сам құмында дүниеге келген. 1994-2002 жылдары Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында редактор, аға редактор, бас редактор, төрағаның орынбасары болып жұмыс істеді. "Алаш" сыйлығының иегері.

Malim Админ

  • 07.11.2024

*  *  *

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Раңы ырғалатын көктемінде.
Баялыш, жыңғыл тұнған байтағым-ай,
Боз жусан бой түзеген тептерінде.
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Асау күн, аялдамай, өткенің бе?!
Бұйратты, бұйырғынды белдер қайда,
Кетті ме кесір шалдың кетпенінде?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Керіліп күн күймесін жеккенінде –
Ерініп ерке бала мал өргізіп,
Басатын қара кемпір «жетпегірге».
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қарттарым қазынасын төккенінде –
Қауқылдап баласына бата беріп,
«Қадамың құтты болсын!» деп келінге.
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қол созған қоңыр күмбез көкте күнге.
Қой жайған құба жоным қымбат маған,
Мен үшін керегі жоқ Меккенің де.
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Жаныма Жасаған жыр еккенінде –
Түндігін қараша үйдің желпілдетіп,
Нөсерін нөпір жырдың сеппедім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Белеске бесті мініп, беттедім де;
Қымсына қыздың қолын ұстатқызып,
Ең алғаш ынтық еткен отты ерінге.
Мекенім Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қыз аулы – қырдың анау беткейінде.
Қылаңды қыр астынан тосып алып,
Алқынып, ақ бетінен өппедім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Жайнаған жауқазыны көктемінде.
Талай күн таңға дейін сыр шертіскен
Қалқаның халін біліп кетпедім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Мұң қалды көңілімнің кептерінде.
Сабылып жететұғын шақтар қайда,
Сағынып, шаршап, азап шеккенімде?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Аймалап самал бетті өпкенінде –
Алаңсыз асыр салып, ойнап-күлген
Алыстап, арзу күндер, кеткенің бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Ащыағар, ала көпір өткелінде.
Айдын көл, асу-асу белден өтіп,
Қырықтың қырқасына жеткенім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Ақша бұлт ақбас шыңға шөккенінде –
Арудың желбіреген желегіндей
Арманым, азғана аял етпедің бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Арта алман өткен күнге өкпе мүлде.
Дүркіреп көшкенің бе, дүние жалған,
Алтынды айырбастап теп-тегінге?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Күй қалды домбыраның шектерінде.
Қайыптың тамағында қалған әндей
Ғайып-күн, бір қайрылмай кеткенің бе?!
Ой, дүние-ай!..

 

БЕЙНЕУ

Адырнадан бабам оқ атқан жері,
Ақ отаудан анам от жаққан жері.
Атамекен Бейнеуден атқа мінген
Адайымның нешебір ақтаңгері.
Армандаған ақ таңы атқан жері,
Алтын күні алаулап батқан жері.
Ата-бабам ақорда туын тігіп,
Ат байлайтын қазығын тапқан жері.
Тұрман менен Тұрышым,
Сам, Сыңғырлау – тынысым.
Ақжігіт пен Ноғайтым,
Арылмаған ырысың.
Қарақұм мен Үстіртім –
Қаратаудай ірісің.
Аспантай мен Матайым –
Алатаудай ұлысың.
Шағырлы мен Шөмішті –
Шалқып жатқан өрісім.
Жетіқақ пен Көлтабан –
Жайлауымның бірісің.
Асалы мен Көкетай –
Махаббаттың гүлісің.
Күйкенұшқан, Манашы –
Құрбанымның құнысың.
Амантұрлы, Қожалақ –
Азаматтың дүрісің.
Атақозы, Ер Шабай –
Ерлерімнің пірісің.
Есенияз, Ер Төлеп –
Өткір алмас қылышым.
Балуанияз, Ер Қармыс –
Байтақ елдің жырысың.
Қараша үйдің үзігін жапқан жері,
Қазанынан талғажау татқан жері.
Орманбет би өлгесін, Манашыны
Он бір бидің опасыз сатқан жері.
Қантүленіп, ерлері ноғайлының
Қайта айналып, қалмақты шапқан жері.
Қарсақ жортпас қара дөң ел қонғанда,
Қара бұлақ бауырынан аққан жері.
Ырғызбай мен Қарасай –
Жаннның сая, дауасы-ай!
Тасастау мен Қайнар су –
Тоғыз бұлақ саласы-ай!
Төңірекшың, Тоқсанбай –
Ежелгі елдің қаласы-ай.
Бұлақтыкөл, Қопа мен
Жарқұм – бәрі жараса-ай;
Төлебай мен Мүлкаман,
Сарша – жердің дарасы-ай!
Тарау-тарау құмдары
Таусылмайтын санаса-ай!
Сирақшыққан, Құлажат,
Серкебайдың арасы-ай!
Айыршағыл, Елемес,
Табиғатың тамаша-ай!
Алтықұлаш, Бөкеннен
Ала дөңге қарашы-ай!
Отызқұдық, Онқұдық,
Бейнеудің, беу, даласы-ай!
Шопанияз, Орындық,
Үшсай, Ұшқан, Аласай.
Қарабұлақ, Ақшағыл,
Шүңкілдектің ауасы-ай!
Бата дарып басына бақтан гөрі,
Қастерлеген талантты тақтан гөрі.
Қанша ғасыр қан төгіп, қайран бабам,
Қамын жеген босамай аттан белі.
Қасиетіңнен айналдым, Бекет атам
Қауіп пенен қатерді қаққан жері.
Қара тасты қақ жарып қайласымен,
Қабырғалы мешітін соққан жері.
Есенқазақ – ерегім,
Ежелгі көз дерегім.
Қаратүлей, мен сені
Қамалымдай көремін.
Сырымтескен сыр шертер,
Сыбызғы боп терегің.
Уәліде ас берген
Уәжі мол ел едім.
Жыланды мен Қарасай –
Теңіз түбі тереңім.
Көксеңгір мен Дәуқара –
Көк тіреген беренім.
Тұрайымбет, Тортай құм –
Тұла бойың шер едің.
Өліқолтық, Шөмішкөл –
Өткел бермес сор едің.
Жыңғылдыой мен Ақсайым –
Жылғалы су жер едің.
Бесшымырау, Бернияз,
Бекесқазған, Төлебім;
Ащыбұлақ, Аққолқа,
Ақтанберкін – қорегім.
Қақпақты мен Қарнаудан
Табылады керегің.
Азынаған аптабы, соққан желі,
Аш түлкідей адырда жортқан жері.
Алты ай қысты аударып ат үстінде,
Ащы дәмін тірліктің татқан жері.
Атан түйе тарта алмас ауыртпалық
Арқасына аяздай батқан жері.
Аталарым сонда да ауа көшпей,
Атажұрттың ауасы жаққан жері.
Боранқұл мен Бұғабай –
Боз жусанға бұ да бай.
Бесөгіз бен Тәңкенің
Бетінде өрген құралай.
Жері от та, суы мол,
Шыңыраудан шығады-ай.
Молақтың кең ойында
Мола біткен тұрады-ай.
Құсшы әулие, Тесіктас –
Көнермейтін мұрам-ай!
Жеті ғасыр қойнынан
Жеткен бізге құламай.
Қыл жалаулы қалмаққа
Күн туғанда бұлағай;
Маңсуалмас, Есетті
Тартып алған сұрамай.
Қызыл әскер Рахта
Қырылғанда қынадай;
Мырзалы мен Оразбай
Мықтылығын сынады-ай.
Қарағайлы, Майлы су –
Тұна қалған тұмадай.
Қосарқан мен Шаханды
Қоныс қылған бұл Адай.
Маңдайға ұстар елімнің мақтан жері,
Майлы қиян, майса бел – аттам жері.
Маңдайалды ерлерім мақтанышпен
Мадақтарды төсіне таққан жері.
Қабырғасын сөксе де, қабақ шытпай,
Қазынасын халқымның баққан жері.
Күн астында күңіренген көп әулие
Көк тіреген күмбез боп жатқан жері.
Ақшымырау, Абайым,
Ақши толы ағайын.
Шиланды мен Жездіні
Шежіреге санайын.
Ащыағар сай, Жарқұдық –
Пана қылған талайың.
Омар-Тұрдың мазары,
Қайдан теңеу табайын?!
Көркембайдың мешіті,
Көз суарып алайын.
Көлеңкелі, Тастысай,
Көк желекке орайын.
Қызылқуыс, Теректі,
Қыратыңа қарайын.
Сарға деген сары құм,
Сені неге балайын?!
Құмиіннен құласаң,
Құйқылжиды маңайың.
Білеулі мен Белдеулі –
Кілең керуен сарайым.
Доңызтау мен Борсыққа
Қандай кінә тағайын?!
Оймауыт пен Желтауды
Ен жайлаған Адайым.