Думан Рамазан: Қожа Ахмет Иасауиді әлі толық таныған жоқпыз!

Арабтың дүние-танымы мен тілін орынсыз тықпалау, өмір салтын ұстану – жақсылық емес

Олжас Қасым

  • 20.12.2024
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Думан Рамазан:

                                             Қазір де қазаққа бір Иасауи керек

- Думан аға, жақында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын алдыңыз! Қаламақысы да қомақты, шығармашылық адамына үлкен қолдау әрі жаңа шығармалар жазуға мол мүмкіндік туғызары анық. Құтты болсын! Қаламыңыздан жаңа шығармалар туа берсін, жеңісті күндеріңіз көп болсын!

 - Рахмет, бауырым! Өзіңе де тұғырлы жеңіс пен толағай табыс тілеймін!

- Ұлттық сыйлықтың драматургия аталымында “Әзірет Сұлтан” тарихи драмаңызбен топ жардыңыз. Жаңа шығарма. Күрделі тақырып. Әлемге әйгілі дара тұлғаның қым-қиғаш өмірін арқау етіп драмалық туынды жазу оңайға соқпаған болар?

– Әрине, оңай болған жоқ. Бұл шығарманы да ойға құрдым. Қожа Ахмет Иасауи халық арасында Әзірет Сұлтан атымен әйгілі болған. Сондықтан да шығармамыздың атын солай қойдық. Ең алдымен қалай жазу керек деген ой мазалады. Көп ойланып, көп толғандым. Ақыры таптым, күрмеуді шештім, түйінді тарқаттым. Бүгінгі күнмен астастыру керек болды. Иасауи бабамыз шамамен Сайрамда 1093 жылы туып, Түркістанда 1166 жылы дүние салған. Қарахан мемлекетінде өмір сүрген. Елін сол уақытта қарақытайлар басып алған. Кейіннен Хорезм шахтың иелігіне өткен. Қарақытайлар да, Хорезмшахтар да өз идеологиясын тықпалаған. Қарахан елі өте ауыр кезеңді бастан кешірген. Иасауи бабамыздың да өмірі арпалыспен өткен.

Иасауи ислам дінін түркілердің өмір сүру салтымен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен, дәстүрлі дүниетанымымен кіріктіріп-біріктіріп жіберген. Солай қабылдаған. Сол үшін нағыз таза арабтық нұсқада қабылдаған діншілдермен айтысып-тартысып, жеңіп шыққан ғұлама. Бұл айтыс-тартыс әлі жалғасып келеді. Арабтың дүние-танымы мен тілін орынсыз тықпалау, өмір салтын ұстану – жақсылық емес. Арабтың киімін киіп, сақал қойып, балағын қысқартып, Аллаға серік қоспау керек деген желеумен әруақтармен алысып, ауызашарды «ифтар» деп жүргендердің бәрі солар. Соның бәріне ең алғаш тойтарыс берген Иасауи болатын. Бір сөзбен айтқанда, исламның түркілік жолын қалыптастырып, артына өшпес ілім қалдырған әулие. Біз Иасауидің жолымен жүрсек, еш адаспаймыз. Ол кезде де идеологиялық соғыстар болған. Сол майдандардың бәрінде Иасауидің асығы алшысынан түскен. Түркілердің санасын улау арқылы, рухын жаныштап, жаулап алу саясаты сол кезде де жүргізілген. Өзің білесің, ол қазір де жүргізіліп жатыр. Қазақтанудың орнына, орыстанып бара жатқанымыз да, жастардың жаппай орысша сөйлейтіні де, ұлттық рухымыздың жаншылып жатқаны да сол идеологиялық майданның, рухани шабуылдардың кесірі.

Міне, бұл бүгінгі күні де өзекті болып тұр. Бүкіл шығармам бүгінгі күнмен астасып жатыр. Өзі қадым замандардан үш түрлі соғыс болады. Бірі – күшпен, екіншісі – экономикалық тұрғыда кіріптар ету, үшіншісі – сананы улау арқылы жаулап алу. Бұл да әлі жалғасып жатыр. Міне, Иасауи түркілердің рухани тәуелсіздігі үшін күрескен дара тұлға. Пьесамды осы тұрғыда жазып шықтым. Мен принциптің адамымын. Өз көңілім қаламаса, ешқашан ештеңе жазбаймын.

Өзімді сол Иасауи жолындағы адамдардың бірімін деп есептеймін. Қазір де қазаққа бір Иасауи керек-ақ болып тұр. Сондықтан Иасауиді көп насихаттап-дәріптеуіміз керек. Бұл шығармада Иасауидің түркілердің рухани тәуелсіздігі үшін қалай күрескені суреттеледі. Кенесары, Абылайлар еліміздің тәуелсіздігі үшін қалай күрессе, Иасауи де түркілердің рухани тәуелсіздігі үшін дәл солай күрескен. Иасауиден Харезмшахтардың өзі шошыған. "Егер түркілік рух қайта оянып, жанданар болса, біздің тақта нық отыруымыз неғайбыл. Ел іші бүлініп, шаңырағымыз шайқалады. Оның ілімімен уланған адам түркі әлемінің ең сенімді сарбазы болмақ. Керек кезінде оларды бізге қарсы қояры анық.

Сондықтан оның алдын алып, түркілердің рухын жаныштап, санасын улап, көне тарихына, ата дәстүріне, наным-сеніміне, ұлттық құндылықтарына қарсы бітіспес майдан ашуымыз керек" деп жанталасқан. Сондықтан бұны да тәуелсіздігіміз үшін күрескен ұлы тұлғалардың еңбегін көрсеткен туынды деп есептеуге әбден болады. Хандар тақырыбының заңды жалғасы, яғни, сол рухтағы дүние. Иасауи түркілердің елдігі, рухани азаттығы мен құндылықтары, мәдениеті, салт-санасы, тілі үшін күрескен. Кезінде елдігімізден айырылып қалсақ та, соның арқасында біз ұлт ретінде сақталып қалдық. Бүгінге жеттік.

Оған Иасауи бабамыздың да қосқан үлесі зор. Осыны да ұмытпау керек. Біз әлі Иасауді толық таныған жоқпыз. Соны өнер арқылы танытқым келді. Оның берісі қазақ халқының тарихындағы, әрісі түркі әлеміндегі орнын айқындауға өзімше үлес қосқым келді. Бүгін де дәл сондай кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Иасауиді жазудағы мақсат та осы. Оның идеялары мен ұстанымдары бүгінде керек.

- Иасауи жолы дегенді қалай түсінуге болады? Сопылық ағымды айтып отырсыз ба?

 - Жоқ, мүлде олай емес. Иасауи жолы дегенді кеңірек түсіну керек. Бұл сопылық жолға немесе қылуетке түсу емес. Иасауи жолы – кеңірек алсақ, ұлттың рухани тәуелсіздігі үшін күрес жолы. Әр қазақ ұлттық майданның күрескері болуы керек. 

- Пьесаны жазу барысында Ясауиге қатысты жүздеген кітапты ақтарып шыққаныңызды жаздыңыз. Кемеңгердің «Диуани хикмет» кітабының аудармасы да әртүрлі жасалғанын сөз еттіңіз. Қандай кітаптардағы деректер Сіздің талғамыңыздан шықты?

- Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикмет” кітабын бәріңіз білесіздер. Тура он түрлі нұсқасын мұқият оқып шықтым. С.Битенов; Х.Имажанов; Ж.Әбдіраш; М. Жармұхамедұлы жеке және С.Дәуітов пен М. Шафиғилермен бірлесіп аударған; Е.Дүйсенбай; Ә.Жәмішұлы; Қ. Қари мен Ғ. Қамбарбекова; және Ә.Ибатов, З.Жандарбеков, А Нұрмановалар бірігіп аударған нұсқалары бар. Әркім өзінше аударған. Кім қалай аударды деген үлкен бір зерттеудің тақырыбы. Жұрт осының қайсысын оқу керек? Қайсысы Иасауидің өз жазғанына жақынырақ? Кім хикметтердің рухын жеткізе алған, кімдікі кемшін? Кім түсініп, кім түсінбей аударған? Оқырман шатаспас үшін осы сұрақтарға жауап берілуі керек. «Соқыр тауыққа бәрі бидай” демекші, білмегенге бәрібір. Қолына түскенін оқи береді. Светқали Нұржан ағамыз аударған нұсқасын таба алмадым. Ғаламтордан кейбір үзінділерін ғана оқыдым. Маған М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітов, М. Шафиғилер бірлесіп аударған нұсқа дұрыстау көрінді. Иасауидің дүниетанымын түсініп аударғандары көрініп тұр. Дегенмен аударма әртүрлі болады. Әр аударманың өз артықшылығы мен кемшілігі болуы мүмкін. Соның ара-жігін ажыратып берсе, кәнеки! Жалпы жұртқа түсініктірек болар еді. Негізінен мәтіннің мағынасын жоғалтпаған аударма дұрыс! Бұл нұсқалардың кейбірі болмаса, мәтіннің мәнін жоғалтып алған.

Ал Қожа Ахмет Иасауи туралы орыс және қазақ тілінде жазылған немесе аударылған кітаптардың бәрін оқып шықтым. Осылардың ішіндегі ең мықтысы атақты ғалым Досай Кенжетайдың ғылыми еңбектері дер едім. Иасауитанудағы ең бір шоқтығы биік зерттеулер. Қызыға да құмыға оқыдым, әрі қатты риза болдым.

               Діннен ұлтты һәм ұлттық қадір-қасиеттерді жоғары қоямын

- Дәуір тудырған Иасауи қайшылықты тұлға. Думан Рамазанның қаламынан туған Иасауидің образы қалай шықты?

- Шығармашылықта әр түрлі өрістер іздейсің. Жаңалықтар жасағың келеді. Ол тақырыптық, мазмұндық, жанрлық немесе әдіс-тәсілдік тұрғыдан бола ма, бәрібір, әйтеуір бір ізденістер, жаңалықтар керек-ақ! Құдайсыз қоғамда өсіп-жетілсем де, осындай мақсатпен дін тақырыбын біраз шиырладым. Кеңес кезінде де намаздарын қаза қылмаған атам мен әжемнің арқасында Құдай жан-жүрегімде мәңгі орнықты, содан еш ажыраған жоқпын.

Діндар болмасам да, бір Жаратушы Жаппар Иемнің барлығына кәміл сенемін. Сиынамын, медет тілеймін! Бұл менің сенімім. Оған ешкім де тиым сала алмайтын шығар! Бірақ дінге көзсіз табынушы емеспін. Діннен ұлтты һәм ұлттық қадір-қасиеттерді жоғары қоямын. Бұған Құдайдың еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Өз түсінігіммен өмір сүремін. Мекке мен Мәдинадан да Түркістан қаласын қасиетті санаймын, жоғары қоямын. Өйткені, ол өз қалам, өз жерім. Ата-бабаларыма сиынамын. Рухтарының қолдап-қорғап жүретініне сенемін.

Бұны Аллаға серік қосу деп санамаймын. Қазақы таным-түсінік. Ата-бабаларымыз «Иә, аруақ!» деп жауға шапқан. «Әруақ аттаған оңбайды», «Әруақ разы болмай, тірі байымайды» дейміз. Осы қанатты сөздерге мен де қосыламын. Әруақ, менің ата-бабаларым. Одан мені ешкім да ажырата алмайды. Тамырыммен байланғанмын. Бейнелеп айтқанда, әруақ біздің кешегіміз, өткеніміз... тарихымыз...

Мұхаммед пайғамбарға да көзсіз табынбаймын. Сөз жоқ, қасиетті жан, ұлы тұлға. Сый-құрметім алабөтен, ешуақытта жаман сөз айтпаймын. Бірақ ол да ет пен сүйектен жаралған жұмырбасты пенде, адамның баласы. Құдайға шүкір, өз халқымның даңқты перзенттері жетерлік. Соларды құрметтеймін, соларды дәріптеймін. Арабтан қазақты кем санамаймын. Арабтардың да өз мүддесі бар. Олардың жымысқы саясатын, халқымыздың ежелден қалыптасқан таным-түсінігіне қарсы рухани шабуылдарын қатаң айыптаймын. Десек те, ислам дінін жан-жүрегіммен қабылдаймын. Бұл бізге тағдырдың тартқан сыйы. Өзімді мұсылманмын деп санаймын. Исламды ата-бабаларымыз қалай қабылдаса, біз де солай қабылдауымыз керек. Өзіміздің таным-түсінігімізге кіріктіріп-біріктіріп, өмір сұру салтымызға бейімдеп қабылдауымыз керек. Себебі, біз араб емеспіз, қазақпыз. Ұлттығымызды, қазақтығымызды, ұлттық қадір-қасиеттерімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды қатаң сақтауымыз керек. Онсыз қазақтығымыздан ажырап, ұлттығымызды жоғалтып алуымыз бек мүмкін.

Не нәрсенің болсын жақсысын үйреніп, жаманынан жиренуіміз керек. «О дүниедегі кездесу» әңгімем исламның жақсы жақтарын, тәлімдік-тағылымдық тұстарын термейлейді. Исламның берері мол. Бірақ оған көзсіз беріліп кетпей, басымен кетіп қалмай, салқынқанды көзбен қарауымыз керек. Яғни керегін алып, керек емесін лақтырып тастауымыз керек. Мәселен, кейбір өнер түрлеріне тиым салудың, арабтың киімін киюдің, түштитіп сақал қоюдың (қойғың келсе жалбыратпай, әдемілеп қой), хиджап киюдің, пәренже жамылудың, ауызашарды «ифтар» деудің (қазақша атауларды арабша айтудың), балақты қысқартудың, тіпті сәлде ораудың да түкке қажеті жоқ. Егер діндарлар өзге жұрттан ерекшеленгісі келсе шұбалаңдаған ақ шүперекке оранбай, қазақша киінсін.

Өмірде өзгермейтін, қатып қалған ештеңе жоқ. Сонда қазақтардың молдаларға деген көзқарасы да өзгереді. Ұлт болып қаламыз десек, осы жайттарға ерекше көңіл бөлуіміз керек!

               Қожа Ахметтің тегі Иассауи ма, Иасауи ма, әлде Ясауи ма?  

- Қожа Ахметтің тегін – «Ясауи», «Яссауи», «Иасауи» деп әркім әртүрлі жазады. Ғалымдардың өзі бұл ретте бір тоқтамға келмеген сияқты. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

- Кейінгі кездері Қожа Ахмет Иасауиге байланысты қазақ және орыс тілдерінде жүзге тарта кітап оқыдым. Өзіміздің ғалымдардың ғана емес, шетел авторларының да еңбектері қазақшаға аударылып шығарылған екен. Қуанып қалдым. Бірақ бір өкініштісі, сол кітаптардың өзінде бабамыздың тегін әркім әртүрлі жазады екен. Иассауи, Иасауи, Иассауий, Яссауи, Ясауи, Ясауий, тіпті Жасауи деп жазатындар да бар екен. Масқара тіпті. Осыны көп болып ақылдасып, бір ізге түсіру керек-ау! Әркім өз білгенімен жаза берсе, не болмақ?! Жалпы бей-берекеттік жақсы нәрсе емес қой!..

Бұл туралы бұрын да сөз болған. Тіпті 1993 жылы Кентау қаласында өткен Қожа Ахмет Иасауиге арналған халықаралық конференцияда ғалымдар бірауыздан «Иасауи» деп жазудың дұрыстығын дәлелдеп, соған тоқталу керектігі туралы нақты шешім қабылдапты. Бірақ оған ешкім құлақ асқан жоқ. Қазақ тілінің аса білгірі Әбдуәлі Хайдаров ағамыз бұл туралы арнайы мақала жазған.Ол  «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясын шығару барысында да қазақ ғалымдары «Иасауи» нұсқасын қабылдаған. Осыны басшылыққа алуымыз керек! Өкінішке орай оны орындап жатқан ешкім жоқ, Әлі күнге дейін бей-берекеттік жалғасып жатыр. Тіпті басқаны айтпағанның өзінде, Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ресми «Қожа Ахмет Ясауи атындағы» деп аталады. Әлі күнге дйін солай жазылып жүр. Оны айтасыз, тіпті сол Түркістандағы  бабамыз жатқан, XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат әлі «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» деп аталып, солай жазылып жүр. Бір ізге түсіру үшін алдымен осылар дұрыстау керек қой! Олардың өзіне бәрібір сияқты. Қалғандарына не айтасыз?!

- «Қожа Ахметтің тегі парсы-сарт, дін таратушы миссионер – қожа. Ата-бабаларымыз қожаларды қазақ шежіресіне кіргізбеген және ру санатына қоспаған. Ал енді Қожа Ахмет қазаққа қалайша баба болады?» деушілер де бар. Бұған не дейсіз? 

- Иә, рас, Қожа Ахметтің тегін біресе араб, біресе парсыдан таратады. Жарайды тегі араб немесе парсы болғанның өзінде, Ахметтің өзі түркіленген. Әке-шешесі Сайрамда тұрған. Аталары одан да бұрын келсе керек. Міне көрдіңіз бе, Қожа Ахметтің өзі түркілердің арасында туып-өсіп, жан-дүниесімен түрік болып кеткен.  Түрікше сөйлеген, түрікше жазған. Диуани хикмет, «Ақыл азабы» түркі тілінде жазылғанын дүниежүзі біледі. Ең бастысы, түріктің мүддесін қорғаған. Ислам дінін де сол жергілікті түркілердің салт-санасына, әдет-ғұрпына, таным-түсінігіне, өмір сүлу салтына бейімдеген. Сондықтан да бабамыз дейміз. Егер аналардың сандырағы бойынша сараласақ, Мұхтар Әуезовті де шетке ысырып тастау керек қой!Қазір де ұлтына қарамай, кім қазаққа адал қызмет етсе, орыстардағы Пушкин, Гоголь, Достоевскийлер секілді қазақ тарихында халқымыздың ұлы тұлғасы болып мәңгі қалады. Енді түсінікті шығар?!

– Әр шығармашылық адамы жазып отырған тұлғасының ізгі қасиеттерін, тұтымды істерін бойға сіңіріп алуы мүмкін ғой. Сіздің назарыңызды Ясауидің қандай қырлары, іс-әрекеттері бұрды деп айта аламыз?

– Қожа Ахмет Иасауи Түркістанға барып, Сайрамға қайта бір оралғанда әкесі:

– Ол жақтың адамдары қалай екен? – деп сұрайды.

Сонда бозбала Ахмет:

– Ол жердің халқы арқаңнан қағып тұрып, аяғыңнан шалып тұрады, – деген екен.

– Осыны біле тұра онда неге кеттің? – дейді әкесі мүсіркей.

– Жақсыны жолға салу оңай, енді жаманды да жолға салып көрейін деп едім, – деп жауап беріпті Қожа Ахмет.

Сөз жоқ, Иасауи өз заманының дара тұлғасы, кемеңгер, ақылман, дана ғана емес, рухы асқақ адам. Қазір де арқаңнан қағып тұрып, аяғыңнан шалып тұратын екіжүзділер аз емес. Сондайларды жөнге салатын Қожа Ахмет секілді қайраткерлер керек-ақ!

               Абылай мен Кенесарылардан кейін қазақ көсемге жарыған жоқ

– Бұған дейін, Керей мен Жәнібек хандар, Абылай хан, Кенесары хан, Жошы хан секілді дәуір даналарын сахнаға шығардыңыз. Бәрі де көрермен тарапынан жоғары баға алды. Осы ретте тұлғалардың образын ашу, олардың қилы тағдырын, ілкімді ісін бүгінгі заманмен қабыстыру жөнінде не айтар едіңіз? Шығармашылық шеберханаңыздан аз-кем сыр тартсақ...

- Тарихи тұлғалар туралы көркем шығарма жазғанда олардың бүкіл өміріне шолу жасап, жүрген-тұрғандарын түгел қамтып шығуға тыраштанудың түкке де керегі жоқ. Аталған тарихи тұлғалардың жүрген-тұрғанын термелеп, том-том роман жаза алмаймын ба?! Көркем әдебиеттің мақсаты ол емес. Әрине, ол да еңбек. Бірақ, көркем әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Танымдық әдебиет.

Менің жазған бүкіл дүнием бүгінгі күнмен астасып жатыр. Оны жоғарыда «Әзірет Сұлтан» тарихи драмама қатысты шетжағалап айтып өттім ғой! Соны тарқата түссек, мәселен, «Абылай ханның арманы» тарихи драмамызды алайықшы. Бұнда да ханның өмірбаянын бастан-аяқ тізбелеп шыққамын жоқ.

Сонда осы тарихи драмамен не айтқым келді? Біріншіден, Абылай ханның сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқын тығырықтан қалай алып шыққанын, екіншіден, еліндегі билікті қарсыластарынан тартып алам деп қытай әскерін өз еліне бастап әкеліп, туған халқын қанды қырғынға ұшыратқан жоңғар ханзадасы Әмірсананың қалай ұлы жоңғар мемлекетін өз қолымен құрдымға құлатқанын, үшіншіден Ресей мен Қытайдың бізді қалай қыспаққа алып, неліктен жоңғарлар сияқты жер бетінен жойып жібергісі келгенін ашып көрсеткім келді. Абылай хан туралы тарихи драма жазудағы мақсатым да осы еді. Бұл әлі де өзекті мәселе.

Күн тәртібінен түскен жоқ. Әл-әзір түспейтін түрі бар. Кешегі «қаңтар қырғыны» тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыздың оп-оңай екенін көрсетті. Әлі де сол Абылай ханның кезіндегі қауіп сейілген жоқ. Біздің тәуелсіздігіміз Қазақстанды билеп отырған көсемдерге тікелей байланысты екенін көрдік, түсіндік, анық сезіндік. Егер билеуші халқын ойламайтын, тек қарақан басы (байлығын) мен билігін ғана ойлайтын сатқын болса, яғни Әмірсана сияқты ақымақ болса, елдігіміз бен тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыз оп-оңай екен. Таққұмар Әмірсана секілді өзге елдің әскерін бастап әкеліп, өз халқын қырғыза салады. Қазақ жерін қан-қасап қылғызады. Екеуміз түгілі, халық та қынадай қырылғаннан басқа ештеңе істей алмай қалады. Өйткені, мұздай қаруланған Ресейдің әскеріне қандай қарсылық көрсете аласың?! Сондықтан бізге Абылай хан сияқты халқын ойлайтын, мемлекетіміз бен халқымызды барлық қиындықтардан алып шығатын дана көсем, кемеңгер басшы керек. Қазақстанды басқарған басшылар көп, бірақ қазаққа көсем бола алған біреуі жоқ. Абылай мен Кенесарылардан кейін қазақ көсемге жарыған жоқ. Қазақстан жерінің асты-үсті байлығының бәрі кетті ұстағанның уысында, тістегеннің аузында. Тіпті, қасиетті жерімізді саттырып жібере жаздады. Қазақты ойлайтын көсем осылай істей ме?! "Менен кейін не болса, ол болсын" дегендік қой!

Жерімізден айырылсақ, бәрінен айырыламыз. Құлақкесті құлға айналамыз.

Міне, мәселе қайда? Жазған шығармаң бүгінгі күнмен астасып, үндесіп, өзектесіп жатса ғана өміршең болмақ. «Абылай ханның арманы» неге қазақ театрларын шарлап кетті? Режиссерлер осы негізгі айтпақ ойымды түсінді. Бойларында қазақтың қаны ойнап тұрған нешетүрлі ойлы, талантты, ұлтын сүйетін режиссерлер бар. Солардың бірі де, бірегейі де сол – Болат Ұзақов.

Кейде режиссерлердің де қолы байланып қалады. Көп нәрсе театрдың директоры мен көркемдік кеңеске байланысты. Ал директорлар мен көркемдік кеңестегілердің барлығы бірдей көркем шығармадағы осындай ойлар мен жаңалықты түсіне бермейді. Халыққа тарихи тұлғаның өмірбаянын ғана тізбектеп шығатын жадағай романдар мен портреттік қойылымдар емес, ой айтатын өнер туындысы керек.

– Өзіңіз жоғарыда айтып өткеніңіздей, көбіне режиссер Болат Ұзақовпен бірге жұмыс істейсіз. Ірі тұлғаларды драматург емеурінімен сәйкестендіре cахналауда режиссердің орны бөлек. Солай ма? Қазіргі театр режиссурасына қандай баға бересіз?

– Әрине, режиссерге көп нәрсе байланысты ғой! Болат Ұзақов секілді жаңалыққа жаны құштар, жаңашыл, талантты, ұлтын сүйетін  режиссерлер бар ғой! Бірақ, көп емес. Мен қазір Алматыда тұрамын. Үнемі болмаса да, театрға барып тұрамын. Жақсы қойылымдар өте сирек. Басым көпшілігі ортаңқол дүниелер. Әзірбайжан Мәмбетовтерді айтпай-ақ қояйық, кешегі Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков секілді жаңашыл режиссерлер кемшін. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан қазір қазақ режиссурасы дамып кетті деп айта алмаймыз.

– Жазбаларыңыз бен сұхбаттарыңыздан драматургиядан гөрі прозаға, әңгіме жазуға көбірек күш салғыңыз келетінін байқаймыз. Ойда жүрген прозалық шығармаларыңызды жаза алып жатырсыз ба?  Драматургия кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

– Иә, дұрыс айтасыз, кейінгі он бес жылым драматургияға арналды. Он бес жылдан бері проза жазған жоқпын. Есесіне пьесалар жаздым. Кейде драматургияға бекер бардым ба, прозада бұдан да көбірек шығармалар жазар ма едім деген ой болады. Драматургияға режиссер Болат Ұзақов сүйрелеп әкелді.

2009 жылы жұмысыма арнайы келіп, Кенесары хан туралы драма жазып беруімді өтінді. Алғашында басымды ала қаштым. Бірақ, Бөкең «Сіз жазасыз, Кенесарына сізден басқа ешкім де жаза алмайды» деп қоймаған соң келісіп едім. Содан «Кенесары – Күнімжан» тарихи драмам дүниеге келіп, Астана театрының сахнасында іле-шала қойылды. Сөйтіп менің драматургтік ғұмырым басталып кетті. Былтырлары драматургияны қоям дегенде, Сұланәлі ағам телефон шалып, (фейсбуктен оқып алған ғой): «Драматургиядан неге кетем дейсің, сенің он жылда жеткен жетістігіңе біреулер ғұмыр бойы жете алмауы мүмкін. Ондай сөзіңді қой!» деп ұрсып тастаған. Ондағым, сол он бес жылда біраз прозалық шығармалар жазар едім ғой деген ой еді. Өйткені, прозаны енді еркін игеріп келе жатқанда драмаға жалт бұрылып, драматург болып шыға келдім. Әр жанрдың өз құпия-сыры бар. Толық меңгергеніңше біраз уақыт керек. Бәрі де оқып-ізденумен қатар тәжірибемен де келеді. Біраз нәрсе үйрендім деп айта аламын. Кейіпкерлер характерін өздерінің іс-әрекеттері мен сөздері арқылы даралауды драматургияда жетік меңгеріп шығасың. Онсыз драматургия да жоқ. Бұның прозалық шығарма жазғанда да көп көмегі тиеді ғой деп ойлаймын.

Кейбір прозалық шығармаларды оқып отырғанда кейіпкерлердің бәрі бірыңғай жүріп-тұрып, бірдей сөйлейді. Тіпті көпшілігі кітаби сөйлейтінін аңғарасың. Әрине, бәріне бірдей топырақ шаша алмаймын. Әдеби жанрлардың құпия-сырын жетік меңгерген қаламгерлер баршылық. Бұл да тәжірибемен келеді. Енді көбіне-көп прозалық шығармалар жазбақ ойым бар. Роман жазсам ба деп белді бекем буынып отырмын.

- Қуанышбаев театрының ұлттық мәртебе алуы “Жошы хан” тарихи драмаңыздың сахналанған кезімен тұспа-тұс келгенін білеміз.  Бұл тарихи оқиға Сізге қандай мақсат-міндет жүктеді?

- Бәлендей мақсат-міндет жүктеген жоқ, дегенмен қуаныш сыйлады. Мерейленгенім де рас! Жазған шығармаң сахналанып, оны Президент келіп көріп, оң бағасын беріп, соның арқасында театрға ұлттық мәртебе берілуі айта қаларлықтай оқиға ғой! Қалай қуанбайсың?! Қалай мерейленбейсің?!

- Сұхбатыңызға рахмет!  Жоспарыңыз орындалсын! 

Сұхбаттасқан - Олжас Қасым  

Байланысты жаналықтар

Президент Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады

13.12.2024

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024

Пері мен пенде

04.08.2024

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

29.07.2024
MalimBlocks
Президент Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады

Одақтың мерейтойы – жазушылар үшін ғана емес, барша көзі қарақты қауым үшін тарихи мәні зор оқиға

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

Пері мен пенде

Сірә, бұл жын болу керек, бізді Құдай сақтаған шығар!

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

300 жыл қатар өмір сүрген Петербургың да білмейді бізді...