Күз туралы өлеңдер

Күз – шабыттың маусымы. Күзгі табиғат – пейзаждар әлемі. Күз туралы өлеңдер топтамасын оқысаңыз, табиғат пен өмірдің сан алуан бояуын көресіз.

Malim Админ

  • 16.09.2024

Абай ҚҰНАНБАЙ

КҮЗ

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.


Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.


Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.


Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.


Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.


Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.

 

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

КҮЗ

Сап-сары күз соныменен келді ме,
Ағаштардан жапырақтар төгілді.
Несібесін жинап жатыр ел міне,
Ауыл маңы бұрынғыдан көңілді.


Жылы жаққа топ-топ болып түзеді бет
Жаз қызығын көрген біздің құстар да.
Алма ағашты күз желі бір сілкіп ет,
Өз келіп дәл алдыңа түсті алма.


Суық түсер, бізден жылы озар күн,
Түнге қарай жасырынар ай бұлттқа.
Қауын-қарбыз баяғыда-ақ базардың
Сөрелерін толтырып тұр байлыққа.


Суық та емес, ыстық та емес, рахат,
Жел де оншама байқатпайды екпінін.
Жүзім, өрік, мөлдіреген қарақат,
Бақша тұрмақ, базарда да жоқ бүгін.


Қолқабас қып әке менен шешеге,
Балалар да рахатқа батады.
Ал күн шыға олар толып көшеге,
Мектептерге кетіп бара жатады.

 

Есенғали РАУШАНОВ

КҮЗ

Бұлттарын түйдек алып кеп,
Жасаулап туған мекенін,
Сары мақпалмен әдіптеп
Келінтөбенің етегін;
Шүрегейлері асығып,
Күз жетсе қоңыр самал боп,
Шүберек сөмке асынып,
Мектепке қайта барар ма ек!
Күбірлеп кәрі анамыз
Үш шығар еді, үш кіріп.
Қаһарға мінген қара күз
Тұратын тыста ысқырып.
Дауысын тыңдап жаңбырдың,
Қалғушы ем қамсыз көз іліп,
Әуірі сынды тандырдың
Ып-ыссы демді сезініп.
Сол ыссы деммен, шіркін-ай,
Сан жүректерге жеттім мен.
...Қамыстың басы бұрқырай
Күз ғой бүл қайта кеп кірген.
Отарын ойға иіре,
Отауын жатыр тігіп ел,
Жарқылдап енген үйіне
Жас келін, жайсаң інілер.
Мына күн жөне қағынды,
Төніп тұр бұлт қаракөк.
Тандырдың бетін жабуды
Ұмытпасаңдар жарар ед...

 

Марфуға АЙТҚОЖИНА

КҮЗ

Ақ қайың төкті суға жапырағын,
Шымырлап беті күліп жатыр ағын.
Мынау дүние сабырлы түрге еніпті,
Күз жайлап жерімнің кең атырабын.


Бұлт жүзді айдын көлде алашабыр,
Жалт ете қап толқынға тараса нұр.
Алтын жапырақ қайыңнан құлап жатыр,
Өрнек сап су бетіне тамаша бір.


Дегені ме кетпесін өкпек өтіп,
Құстар да қалыпты ғой шетке кетіп.
Ажарын сұлу жаздың тайсалдырып,
Томсартыпты гүлдерді өкпелетіп.


Даланың сарғыш тартып атырабы,
Күз тырнағын гүлдерге батырады.
Өмірдің өзі-дағы далаға ұқсас:
Көктем күліп, күз ойлы жатыр әне.

 

Жарасқан ӘБДІРАШ

КҮЗГІ ҚУАНЫШ

Алақай-ау!
Алақай!
Алақай-ау!
Алақай!
Бұдан былай мен енді
Емеспін жай «Балақай!»

Осыдан да көлемді
Оқи алам өлеңді...
Бардым бүгін мектепке,
«Оқушымын!» мен енді!

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

КҮЗГІ ДЕВАЛЬВАЦИЯ

Ала жаз өте шықты сайран қуып,
Алқынып қала бердiм айлам құрып.
Алдыма алып келдi
Алхимик - күз
Алтынға жапырақты айналдырып.

Күзгi бақ құшағына жиi енемiн,
Күрсiнiп,
Күрең күнге сүйенемiн.
Күлiмдеп қайта келсе қайран көктем,
Күйдiрiп ерiнiнен сүйер едiм.

Көзiмнен бұл-бұл ұшты-ау мұңсыз жалған,
Күмбезi күлгiнденiп,
Күн сызданған.
Аспаннан алтын шашып ағаштар тұр, -
Асылдың заманы ғой құнсызданған...

 

Светқали НҰРЖАН

КҮЗ

Бетегелі бел жүдеп өктем күз кеп,
Құстар қайтып барады көктемді іздеп.
Жапырақтар-жүректер сыбырлайды:
"Сағыныштан сарғайып кеткенбіз" – деп.
Бөгет болмай құстарға тас матаулар,
Көкке қарап кісінеп, қасқа ат аунар.
Биіктіктің қызығын көрмегесін,
Аласарып қалғандай таспа таулар.
Табиғаттың теперіш, тепкісі көп,
Қасқа дала, қайтесің көп кісінеп!
...Ебелектер елбеңдеп жүгіреді
Құспен бірге ұшып-ақ кеткісі кеп.
Естілгенде мұңды әуен түзден — зарық,
Күзден күдер мен де бір үзген ғаріп.
Екі қолды шарасыз жайып көріп,
Құс соңында барамыз біздер қалып.
Сайлар қызғылт,
Қыр күрең – күз желі өпкен,
Туған жерде болған күй бізде де өткен.
...Құмыр-ғұмыр құстарда не арман бар,
Тірісінде көктемін іздеп өткен?!

 

Ырысбек ДӘБЕЙ

КҮЗ

Сұрғылт аспанның құрсағын
қақ жарып шұбырған керуен,
Тоқтап қалған сағаттың
ауыр үнсіздігін есіме салып...
Басқан ізімнің өрмекші торын
тоқыған тым ескі жолағын көріп,
Отырмын енді баянсыз романтика жайлы
күңгірт естелік жазып...
Көшпенді екенімді санамда жаңғыртқан
әрбір құбылыс қуантар,
Олар аттанып барады тағы...

 

Қалқаман САРИН

КҮЗГІ КӨРІНІС

Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, ап-пақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
...Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. ...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз...

 

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

КҮЗ ЭЛЕГИЯСЫ

Күз.
Солғын жапырақтардың сарғыш бояуы
Ескі ғашықтың есіл жүзіндей
Сағыныш лебін сапырған.
Дала бір кезген дәруіштердің
құм жұтқан құбыла ізіндей
Естеліктерді өткен күн өрнегі жасырған.

Өткен күн жасырған естеліктерді оята алмай,
Қараша желі боздайды демімен «аптап»,
(Айтпақ боламыз екеуміз қосыла ыңылдап әлдебір әнді).
Иесіз иен қиырға қыдырған жолдай,
Жапырақтармен көмілген
Сүрлеусіз соқпақ
Адастым сенен,
Сол үшін кешірші мәңгі.
Адастым тағы өзіңнен,
есіл ғашығым,
Көңілсіз дүние төсінде көз жасым ақты,
Көкірегімде киік күн өртеніп батты…

…Жаныма сіңіп
жабықтым сарғыш бояуың –
Есіл ғашықтың ескірген күңгірт жүзіндей,
Сен тілсіз діріл қағасың, солғын жапырақ,
Мен үнсіз мұңға батамын айсыз түніңдей…
Құлазыр жолдар бейуаққы –
Кешсең ой ауыр:
Күбір қағады Көлеңке ымырт гүліндей,
Көзінде күзгі суреттер – жым-жырт атырап…
…………………………………………………………….
…Қом судан ұшқан қаздардың соңғы күйіндей
Қайғымды кіммен бөлісем, қара топырақ?..

 

Ерлан ЖҮНІС

ЖАҢБЫР

Жаңбыр, жаңбыр – жалқы жүрек, жалғыз мұң,
Жалғыз мұңға күз суретін салғыздым.
…Жерге түскен жапырақты көтерші,
Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!

Күзгі аспанның күрсінісін, кемсеңін,
Жүрекке сап салмақтадым, өлшедім.
…Құлап жатқан тамшыларды көтердім,
Көз жасыңнан ауыр емес ол сенің!

Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,
Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!
…Алматыға жауған жаңбыр неліктен,
Астанада жүрген мені мұңайтты?

 

Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ

ҚАЗАН АЙЫ

Сағағына ілінген өмір семген,
Көз үйреніп күзге де,көңіл сенген.
Арша менен Шыршаның жайы бөлек,
Тасты жарып шыққан соң, өміршең бе ең?!

Қайтқан құсқа сыңсыған, "сабыр";десіп,
"Осы жерден көктемде табыл"десіп.
Тас төбеңнен сағыныш төгілгенде,
Бақтың ішін кезсең бір,сағым кешіп.

Жез бен Алтын, бұл шақтың туысы ма?
Қазан-жылдың көл-көсір ырысы ма?
Құшағыма сыймаған қуаныштай,
Төгіледі жемістер; уысыма...

Күн-бағбан,бұл шақты тұрған баптап,
Бұрынғыдан жүрісін жылдамдатпақ.
"Сұғанақ қыс; сұқ қолын малмасын" деп,
Жауып қойдым "Қазанға" жырдан қақпақ!

 

Құралай ОМАР

*   *   *

Қайран да, қайран, қайран күз,
Жолығып қалдық қайдан біз?
Жетегіне еріп арманның
Тағдыр жолында тайғанбыз.
Үн-түнсіз азап шегеміз,
Не дейді жазмыш – егеміз?
Жүрекке ауыр жүк артып,
Кездестік екен неге біз?
Қайран да, қайран, қара күз,
Суыды неге арамыз?
Сағынышымызды арқалап,
Қай жаққа енді барамыз?

Байланысты жаналықтар

«Жәңгір ханның өлімінен кейінгі кезең». Ақын Ерлан Жүніс пен Тоқтарәлі Таңжарық роман жазып жатыр

23.09.2024

Бауыржан Қарағызұлы. Ақ пен қара – бірдей түс. Оян, жаным...

15.03.2021

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

11.03.2021

Қалау Сәлеметбайұлы: Қасиетті көлім, сені сағындым!

10.03.2021

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

06.03.2021

Софы СМАТАЕВ. Неткен шексіз қазақта шыдам деген

01.03.2021
MalimBlocks
«Жәңгір ханның өлімінен кейінгі кезең». Ақын Ерлан Жүніс пен Тоқтарәлі Таңжарық роман жазып жатыр

Әдебиетке поэзия арқылы келген ақындардың роман жазуына не түрткі болды?

Бауыржан Қарағызұлы. Ақ пен қара – бірдей түс. Оян, жаным...

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

Қалау Сәлеметбайұлы: Қасиетті көлім, сені сағындым!

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

Софы СМАТАЕВ. Неткен шексіз қазақта шыдам деген