Ақын Тоқтарәлі Таңжарық өлеңдері

Тоқтарәлі Таңжарық 1982 жылы ҚХР, Шыңжаң өңірінде дүниеге келген. «Түн парақтары» кітабының авторы. Ақын, журналист. "Дала мен Қала", "Қазақ Әдебиеті" газеттерінде жауапты қызмет атқарған. Қазір "Түркістан" басылымы редакторының орынбасары. Тоқтарәлі «Серпер» жастар сыйлығының иегері. Ақын өлеңдері «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында поляк тілінде кітап болып жарық көрген. Тоқтарәлі Таңжарық Польшада өткен конкурсқа бүкіл Орта Азиядан Қазақстан атынан қатысқан бірден-бір ақын.

Malim Админ

  • 01.12.2024

Жылқылар

Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,

Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.

Дүбірден дүниенің жүрегі дүрсілдеп тұратын,

Жаңғырып бейуақ кіл аңғар...

Қолымызға құрық ап құла дүзден іздейміз,

Іздейміз оларды -

Көшпенді жылқысын.

Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба... білмейміз,

Біз үшін беймәлім түр-түсі.

Бізді де солардай барады жеміріп,

Уақыт пен қара жол -

Ирелеңдеген қос жылан!

Жалы мен құйрығы сусылдап, төгіліп,

Бұл күнде олар тек түсімде осқырар.

...Іңірде жатқан бір жандайын есінеп,

Тарихым ұмытқан олардың тұяғын.

Мен оны мінемін да-ла-лар төсінде,

Иә, бұл кәдімгі ақынның қиялы.

...Енді үнсіз отырмын

сағыныш сарғалдақтарын бүрлетіп санада,

жусаны бұрқырап

көктем ғой бұл мезгіл құлпырар.

Құлазу кейпіндегі

мендік бұл қасіретті білмейді тағы олар,

Кісінегім келеді бейуақ...

Шұрқырап...

...Қайда сол үйірлі жылқылар?!

 

Қарғыс

...Мен енді тарихқа сенбеймін,

Оның бұлыңғыр тұманына шөккен қасіреттер қаншама?!

Бейуақ жанға түскен жараны қалай, емдер кім.

Мезгіл дауылы ұмыттырар болса да...

 

Жоқ!

Оны сазды мерекелер мен

көңілді кештер бүркей алмайды.

Қағанның ақжарма сөздері де ақталуға жеткіліксіз.

Бізге қазір Уақыттың өзі үрке қарайды:

Сағат тілі баяу сырғиды... кеш... құлықсыз...

 

Ұясы бұзылған бозторғайдың шырылын тыңдап көрдің бе,

Жалғызынан айырылған заржақ ана не деп боздайды?

Мұндай жоқтауды тыңдауға төзімі жетпес жердің де...

Кәрі қобыз шанағы нені козғайды?

 

Көр қазған жетімектің көз жасын тыяр кім?

Азуда қоғам,

Заман азуда!

Біз неге үйірміз

НҰРЛЫ БОЛАШАҚ туралы шексіз қиялдың

Шежіресін қанмен жазуға?!

 

...Селт етуді ұмытқан қарт ғасыр қайғысыз есінер.

Бұл қанды қырғынның дағын, айтшы, немен жуасың?

Тәңір өзінің жазықсыз екендігін дәлелдей алмағандарды кешірер...

Бірақ ешкім қайтара алмас ҚАРҒЫС дауасын!...

 

ГҮЛ

Түн.

Балауыз шамның әлсіз жарығы

Жалауын жел жыққан кемедей

Қиялымызды иенге сүйреген.

Ұмыта алмайтындығымыз бен

ұмытуға болмайтындығын да елемей,

санамызды мағынасыз әуендер билеген...

 

Әйтсе де бір буда қызыл гүл

ұсынар едім мен саған,

Бірақ, сен таңырқамайсың

дала гүлінің иісіне.

 

Иә, біздің сезім

Өзіміз ойлағаннан да «сараң»,

Тіпті оны қуат та қалмаған түйсінер.

Біздің бұл ауыр да азапты халімізді ұғар кім?

 

Сен нені аңсайсың, жаным,

көзіңді үн-түнсіз әйнекке қадап.

Бәлкім, біз бір күні ұмыта алмайтындығымыз бен

ұмытуға болмайтындығы үшін егіліп жылармыз...

 

Бірақ, ол кезде тым кеш болар!

Жасымыз көкірегімізде бүр жарған

қауашақ гүлдің жапырағына

аппақ қырау боп қонар...

Сосын, ол да солар!

 

Өрмекші

Екі дәуірдің арасын бөлген ақжал толқынды өзен,

Кешіп өтудің мүмкін еместігін жон арқаңмен сезесің.

Жүзіне Уақыттың мұңлы табы ұялаған әлдебір кезең -

Бозаң да бозғылт торғынға жасырған өзінің елесін.

 

Егіз қара таудың

Сілемін бағзы өрмектер қосады -

Шым-шытырық жолдардың өксігімен өрілген.

Буырыл

О бір дүниеде бүлкілдеп бұлақтар жосады,

Жасыл жамылшынмен көмілген.

 

Кешегі көргеніңнің барлығы бүгін түс секілді ізім-ғайып.

Қандай рахат, рауан шапағын жұту құшырлана.

Ғұмыр-дария -

Таң мен Кештің өткелегіне

тіршілік торын жайып,

Өз несібіңді Тәңірден күту ғана...

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумына қатысты

07.12.2024

Мұхтар Шаханов: Менің жындылығымнан қазақ тілі – мемлекеттік тіл болды

26.11.2024

«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

06.11.2024

Матаев мектебі

01.11.2024

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

31.10.2024

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

14.10.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумына қатысты

Мемлекет басшысы Newsmaker Interview форматындағы арнайы сессияға қатысып, модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.

Мұхтар Шаханов: Менің жындылығымнан қазақ тілі – мемлекеттік тіл болды

Әлеуметтік желіде ақынның осылай деп айтқан видеосы таралды

«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

Тележүргізуші денсаулыққа мән беру керектігін еске салды.

Матаев мектебі

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

Дина Төлепберген кітабына күйеуі туралы тың ақпарат жазған

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды