Мектеп пен білім жайлы өлеңдер топтамасы

1 қыркүйек еліміздің оқушылары мектепке барады. «Алты жасар Алпамыстар» алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Мектеп – ұлы ұстаз. Білімді ұлттың ғана өзгелермен терезесі тең болады. Оқырманға мектеп, білім жайында әр кезеңде жазылған бір топ өлеңді ұсынып отырмыз.

Malim Админ

  • 24.08.2024

Баубек БҰЛҚЫШЕВ

ОҚУШЫ ЖЫРЫ

Мектеп, сені сүйем мен,
Аялаған анамсың.
Ақ сүтің – маған оқуың,
Деп берген көңілің ағарсын,
 

Баурында анамның,
Еркелеймін,есейем.
Еліме ертең білімнен
Бітіріп шығып нұр себем.


Қуанады жүрегім,
Мектепті әлі бітірем.
Бәйшешектей гүлдеген
Мен қызыл гүл, мен берен.


Мен жас ұлан, мен ерке,
Көңілімде көзім бар.
Мектеп көрген жаспын мен
Ұяты бар, ары бар.


Оқыған сайын жоғары
Шыңға өрлей беремін.
Қанша оқысам соншама
Маңайымды көремін.

 

Қасым АМАНЖОЛОВ

ЖАННА

Артқа тастап алтыны,
Жанна жетті жетіге.
Жазды бастап «А», «Б»-ны,
Бірді қосып екіге.


Нажағайдай жалт беріп,
Жарқылдайды жанары,
Санасына тап келіп
Әрбір ойдың хабары.


Саусағымен сырғытып,
Қайырады кекілін;
Жанна біздің жүр күтіп
Келер күнін жетінің.


Талпынады асығып
Жетіге тез жетпекке,
«Жақсы сумка асынып,
Барамын, – деп, – мектепке».


«Қай мектепке барады,
Кім болғысы келеді?»
Сәл түйіліп қабағы,
Соны ойлай береді.


– Артист болам, ән салам,
Апа, папа, кел! – дейді,
–  Өзім шығып қарсы алам
Билетсіз-ақ ен! – дейді.


Дәрігер болам, дәрімді
Көп-көп етіп қойдырам,
Апа, мама, бәріңді
Аспиринге тойдырам.


Аралаймын көп қала,
Ұшқыш болам мен! – дейді
Бәрі болам, тек қана
Ақын болғым келмейді...


Кім болсаң да ер жетші,
Шықшы өмір төріне,
Қызығыңды көрсетші,
Ата-анаңа, еліңе.

 

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ

ҚОҢЫРАУ

(Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай орта мектебіне арнаймын)
Ғасыр бойы сенің үнің тынбаған,
Сыңғырыңды мен де сан жыл тыңдағам.
Көрген сайын жыл асырып, оралып
Ыстық сезім, ой саласың бір маған.


Қызыл шатыр сол баяғы мектебім,
Терезеге үңілетін көкте күн...
Қайда сонау ылғи қызыл сумкалы
Жас достарым аяз сүйген беттерін...


Сол бір таныс сырлы қақпа, қос есік,
Күн шығарда сыңғырлаған үнді естіп,
Кезімізде жаңа таңның нұры бар,
Күле шалқып кіруші едік гулесіп.


Әлі есімде күміс шашты мұғалім,
Оны күнде көргендей боп тұрамын.
Баяндайтын біздің мектеп тарихын,
Сырын шертіп алыс қалған жылдардың.


«Жүз жыл бұрын дәл осыдан дана адам
Тұңғыш рет мектеп ашып даладан,
Осы отырған кластардың, бөлменің,
Әр кірпішін қамқор қолмен қалаған.


Сабаққа ерте шақыратын бәріңді,
Қақпадағы көк қоңырау кәдімгі,
Жүз жыл бұрын білім ал, - деп,- кел мұнда»,
Далаға сол тұңғыш қаққан дабылды».


Деген сөзі мұғалімнің — терең сыр,
Жылжып өтіп алдыңыздан бір ғасыр.
Сәби жанды зор мақтаныш билейтін,
Сол бір күндер еске келіп тұр қазір.


Көк қоңырау маған туыс бір жандай,
Сен де өмірсің терең тарих, сырға бай.
Күнге қарап күлімсіреп қасында
Жалаң аяқ сәби шағым тұрғандай.


Сол данышпан сені әкелген ең шетке,
Ұлы мұра қалдырдым деп кетпеп пе?!
Қызығамын сенің тұңғыш үніңе
Жалт қаратқан жалпақ елді мектепке.

 

Әбдрахман АСЫЛБЕК

ҚЫРКҮЙЕК ТАҢЫ

Қыркүйектің таңы атты,
Алтын нұрын таратты.
Ерте тұрып мамасы,
Киіндірді Маратты.


Марат күлім қағады,
Жүзі бал-бұл жанады.
Өйткені, ол мектепке,
Тұңғыш рет барады.


Ашып алғаш «Әліппе»,
Үйренеді әріпке.
Сырын ашар өмірдің,
Мектепті, дос, дәріпте...

 

Айтуар ӨТЕГЕНОВ

МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІНДЕ

Адам үшін...
Жыр-өмірге алғашқы қадам үшін.
Жастығымыз үшін...
Он жыл бірге гүлдеген достығымыз үшін.
Арманымыз үшін...
Қыз-жігіт болғанымыз үшін,
Кәмелетке толғанымыз үшін.
Бір өзгеше күйге еніп
Ән шырқадық, биледік.
Асқақтадық, шалқыдық,
Жарасымды, жарасымды әр қылық,
От сезімге малындық та, балқыдық.
Өйткені ертең шар тарапқа кетеміз,
Бір ұяда тату едік өте біз.
Тау бұлағы тосқауылсыз ақпай ма,
Біз іздеген арман қайда, бақ қайда?
Айтыңдаршы!
Ей, адамдар,
Жауап берер қайсың барсың?

 

Қуат АДИС

ӘЖЕМНІҢ ӨЗІ БІР МЕКТЕП

Жүзіне бүгін түсті әжім,
Ал, менің өңім тұр көктеп.
Алғашқы менің ұстазым –
Әжемнің өзі – бір мектеп.

Жүрегі жұмсақ, алайда
Сөзінің өткір қияғы.
Әбестік көрсе қандай да,
«Тәйт» деген сөзбен тыяды.

– Ырымға қазақ бай халық,
Содан да елден ерекпіз.
Адам бар үйді айналып,
Жүгірме дейді себепсіз.

Жасалар туыс, досқа арнап,
Жөнімен бәрі сый-кәдең…
Құлашты жайып қос қолдап,
«Босаға керме!» – дейді әжем.

Болса да білгір кім мейлі,
Пайда жоқ сөзден құр дәмді.
Жаратпай әжем тілдейді,
Табалдырыққа тұрғанды.

Ниетің болса болғаны,
Ісінде әрбір бар үлгі.
Ырымға жаман ол-дағы,
Таянба дейді жағыңды.

Ақылын тағы бастайды,
Есейдік десек біз енді…
Одан да тиып тастайды –
Отырсаң құшып тізеңді.

Жеңіңе жүрме тас тығып,
Халықта тылсым бар кие.
Ырымның түбі – жақсылық,
Тыйымның түбі – тәрбие.

Жаманнан мені тыйғасын,
Жүремін ылғи құрметтеп.
Үйреткен әдеп-ибасын,
Әжемнің өзі – бір мектеп.