Сәкен Сейфуллин. Ақсақ киік
Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин (1894-1938) – қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған. 1894 жылы Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. 1937 жылы Алматыда «Халық жауы» деген атпен атылды. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі,Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожин, тағы басқалардың поэмалары, Е.Ысмаиылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, тағы басқа ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген. 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылды. 1958 жылы ақталған. С.Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапхана, көшелер аталады. 1985 жылдан Целиноград қаласында (қазіргі Астана қаласы) С.Сейфуллин мұражайы жұмыс істеді.
АҚСАҚ КИІК
Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ - шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген
Жәндіктің киік деген баласы бар.
Бетпақта қысы-жазы ел болмайды,
Ел-жайлау, өзен яки көл болмайды.
Бұтасы қу баялыш, қара жусан,
Көгала бетегелі бел болмайды.
Бетпақтың көлденеңі сегіз көштік,
Сайланып қыс ішінде талай көштік.
Азамат, ат пен айғыр, атан ғана
Шыдар деп қоста отырып, талай дестік.
Бетпақта елсіз-көлсіз өсіп-өнген,
Жалғыз-ақ құлан, киік шөлге көнген.
Қазақтың малдарындай қыбырласып,
Әр ойдан топ-топ болып жусап өрген.
Жалғыз-ақ ел жылында көшіп өтер,
Асығып қар суымен "несіп етер".
Қаптасып, көшкен елмен дамыл алмай,
Мергендер аң ауласып кәсіп етер.
Мергендер дамыл алмай киікті атқан,
Ауылды қан сасытып топырлатқан.
Киікті ойлай ма екен таусылар деп,
Азайып бірте-бірте келе жатқан!..
Бетпақтың көкпек, жусан, шөбі сұйық,
Сол шөпті қорек қылған байғұс киік.
Таңы - аппақ, екі көзі мөлдір қара,
Тигендей емес адам көзі қиып.
Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты бұл бейшара қылған мекен.
Бөкенді атып мерген өлтіргенде,
Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?
Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім.
Қап-қара екі көзі мөлдіреген,
Әдемі екі танау желбіреген.
Елеңдеп жас балаша жалтаңдайды,
Жел түрткен жусаннан да селдіреген.
Азайды соңғы кезде байғұс бөкен,
Мың-мыңнан баяғыда өреді екен.
Бұл күнде келе жатқан жолаушыға,
Кез келеді анда-санда саяқ-некен.
Кей қазақ әдет қылған киік атып,
Мүйізін пайда қылып, шетке сатып.
Сандалған бір киікке ұшырастым,
Бір жылы Бетпақ шөлде келе жатып.
Бетпақта келе жатты ақсақ киік,
Сандалып қаңғырақтап басын иіп.
Пана іздеп шыбын жанға сүйретіліп,
Мергеннің кеудесіне оғы тиіп.
Тамады қара жерге аққан қаны,
Қиналып ентігеді шыбын жаны.
Боялып ақ денесі қызыл қанға,
Келеді әлі кетіп жығылғалы.
Қиырсыз, Бетпақ дала... қураған шөл...
Жалғыз-ақ сырғандайды қоңылтақ жел.
Меңіреу... тірі жан жоқ... жып-жылмағай.
Ел қайда? Ел алыста - шулаған ел!
Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап, анда-санда әлін жиып...
Ақбөкен сахаранын бота көзі,
Атты екен қандай мерген көзі қиып?
Келеді қаңғылақтап жалғыз өзі,
Тілі жоқ, құр жүректе айтар сөзі.
Шағады шыбын жанның қиналғанын
Жалғыз-ақ мөлдіреген екі көзі.
Жапанда еш сая жоқ шыбын жанға,
Моншақтап жерге тамған қызыл қанға.
Жапанда басын сүйер тірі жан жоқ,
Әл кетіп сорлы киік жығылғанда!..
Бота көз сахарада қына терген,
Кім екен жапан түзде сені көрген?
Аяныш сезімі жоқ бір қазақ-ау,
Дәл көздеп жүрегіңе атқан мерген!..
ОҚЖЕТПЕС, БУРАБАЙ, ЖҰМБАҚТАС
Көк торғын, Көкшетауды мұнар басқан.
Кербез тау көкке бойлап бұлттан асқан.
«Оқжетпес» етегінде бейне найза
Адамзат жасағандай құйған тастан.
Тау бүркіт көк қаршыға көкте қалқып,
Шарықтап шыңында ойнап шаңқылдасқан.
Қызықты Көкшетаудың ертегісі,
Сілекей ағызады сырлы дастан.
«Оқжетпес» Бурабайдың жағасында,
Күнбатыс тауға кірген сағасында.
Басында кептер кебін қыз жырлаған,
Аңғал құз, көлдің жиек тағасында.
«Бурабай» таудың шұңғыл шарасында,
Әлгі құз «Оқжетпес» пен арасында.
Ұлылы-кішілі боп көлге төнген,
Өңкей күз күміс көлге жарасымда!
«Оқжетпес» кербез сұлу боянбаған,
Керіліп, кернеу тартып оянбаған.
Айнаға алдындағы мәңгі қарап,
Өзінің көркіне өзі тоя алмаған.
Аңғал құз «Оқжетпестің» етегінде,
Ботадай бойшаң нардың жетегінде,
Бұл күнде көлдің суы құзды ораған,
Дәл сол құз екен келдің шеті о күнде.
Әлгі құз «Жұмбақтас» деп аталыпты,
Солайша қалмақ қыздан бата алыпты.
Суретті «Жұмбақтастың» шежіресін,
Үлкеннен кейінгілер жат алыпты.
Мінеки, жұмбақтас та болған ертек,–
Жыр қылған, от басында әйел, еркек.
Қақтаған отқа бұтын балалар да,
Ши борбай, құс табанды, қарны шертек.
Осылай жыр қылады «Жұмбақтас» деп,
Дәу алып адам пішін сымбат тас деп.
Куәсі ертедегі болған істің,
«Белгісі шежіренің қымбаттас...» деп.
Барғанда анда-санда «Оқжетпеске»,
Болмайды «Жұмбақтасты» елемеске.
Елестеп көз алдыңа суреттері,
Ертегі әлгі әңгіме түседі еске.
«Жұмбақтас» – бейне арыстан шөгіп жатқан,
Айбатты жалбыр жалын төгіп жатқан.
Маңқиып «Оқжетпеске» қырын қарап,
Суына «Бурабайдың» бөгіп жатқан.
Жақын кеп, қараған жан аңғал тасқа,
Сүңиген тұңғиыққа, саңғал тасқа.
Қызықты жаратылыс суретіне,
Болмайды қайран қалып, таң қалмасқа.
Сүңиген аңғал қия, мылқау-керең;
Үңілген көлге төніп, түпсіз терең.
Қарасаң етегіне келіп тұрып,
Шымырлап түршігеді барлық денең!
Анығын ертегінің сұрасаң да,
Айқайлап етегінде айтып өлең,
Қақылдап өз сөзіңді қайта айтады,
Жалынған сұрауыңды қылмайды елең...
***
Бурабай желді күні толқынады,
Ысқырып, дауыл соқса, бұлқынады.
Жайындай найза тиген ойран болып,
Соқтығып қырға шапшып жұлқынады.
Кескекті арыстандай арсылдайды,
Шынжырлы ақбураша қаршылдайды.
Гүрсілдеп, көбік шапшып тасқа соғып,
Қамаған тау мен тасқа қалшылдайды.
Үнемі бір қалып жоқ «Бурабайда»,
Маужырап тыныштанад тынық жайда.
Көңілді балқытады жұмсақ тербеп,
Сипайды еркелетіп жанды майда.
Аспаннан алтын Күннің сәулесі ойнап,
Құйынып, күміс суға терең бойлап.
Құбылып ойнайды көл исінгендей,
Құлпырып сансыз түрге гауһар жайнап.
Жағалай тау мен орман анталасып,
Ортада жатқан жасыл мөлдір айна,–
Ойнайды айнадан өз жүзін көріп,
Кеш болса сансыз жұлдыз алтын ай да...
Долданып, дауыл соқса, тулап айдын,
Гүрсілдеп, аласұрды шулап айдын.
Жұлқынған шынжырынан ақ бураша,
Көпіріп соқтығады зулап айдын.
Күрсілдеп, аласұрып көбік шашқан,
Тулаған көл бейнелі – бурада айбын.
Кей күні тулаған кел, кей күн жым-жырт.
«Бурабай» тыншығады шуақ жай күн.
Шілдеде көркем айна, торғын тұтқан.
Аждаһа,– қара дауыл құралай күн.
Тағы да бір күз тас бар жағасында,
Тағы сол күміс сулы «Бурабайдың».
КЕНЕСАРЫ ҮҢГІРІ
Орта жүз «Ақ патшаға» бағынғанда,
Патшаға хан ұрпағы жағынғанда,
Қасым хан бармай қалған, туыстары
Патшадан «байғазы» алып тағынғанда.
Кене хан Қасым ұлы қырға көшкен,
Үстінен туыстары шағынғанда.
Патшаға қарадың деп елді шапқан,
Хандығын Абылайдың сағынғанда.
Үркітіп дүйім елді бүлдіргенге,
Шулатып жабықтарын тілдіргенге.
Мәз болған хандарыңыз,– ел шапқызып,
Торсықты керегеге ілдіргенге.
«Қасым хан, туғанда қан уыстаған»,
Мәз болып. «Кенесары ту ұстаған».
Кене мен ағалары жауласыпты,
Сияқты Абылайдан туыспаған.
Бұл сөзім емес онша көне сарын,–
Әңгіме, сексен жылдан емес ары.
Шауыпты қырдан келіп ағаларын,
Абылай немересі – Кенесары.
Тасқанда көлдің өсіп кенересі,
Су қайтса биіктейді кемері өсіп.
Түстік жақ Бурабайдың бір құзына
Қоныпты Абылайдың немересі...
Кемерде қалың орман, құз тас шошақ...
Кененің қолы келіп құрған ошақ...
Қарауыл таудан аса баршы салып,
Сол құзда Кенесары жатқан мошап.
Сол құзда жатқан мошап үйілісіп,
«Жат болған» Көкшетауға күйінісіп.
Шаппақ боп, дуан менен таудағы елін,
Күштерін жиып, тастай түйінісіп.
Содан соң мәңгі тастап бекінісін,
Қолымен Кене кеткен шегінісіп.
Мүлде енді шөлге кеткен аулын шауып,
Қасымның екі ағасын, екі інісін.
Үйшік бар, әлгі құзда үңгірлеген,
Ішіне кірсең үйдей күңгірлеген.
Аталған «Кенесары үңгірі» деп,
Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген.
ОРМАН
Орман міне,
Мұның да үні
Кейде жұмсақ, кейде шу.
Кейде тынық,
Кейде сулық,
Кейде дауыл гу де гу.
Қалың орман,
Ойға толған,
Тұнжырайсың иіліп,
Еңбек сырлас,
Сәулем құрдас,
Әр рудан жиылып.
Жоқ бір қалып,
Кейде ырғалып,
Сен де көлше шулайсың.
Басты шайқап,
Желді жайпап,
Аласұрып тулайсың.
Аппақ қайың,
Қарағайың
Қосылыпты табысып.
Сұлу терек,
Жасыл желек
Құшақтасып қабысып.
Кейде қыбыр,
Кейде жыбыр,
Кейде жұмсақ желбіреп.
Көйлегің көк,
Өрнегі көп,
Құлпырады елбіреп.
Сұлу терек,
Жасыл желек,
Сәулем, саған не керек!
Биік бойың,
Кімде ойың?
Жібек желге аш қойын.
Аппақ қайың,
Бұл не жайын,
Жасарасың жыл сайын?
Аппақ қайың,
Қалқатайым,
Mac қылады иіс майың.
Ақ көйлекті,
Сұлу текті,
Жасыл шашақ желекті.
Ырғаласың,
Бұраласың,
Көзді қайда саласың?
Қарағайым!
Жұпар майың,
Жібек желмен аңқиды.
Жұпар шаштың,
Көкірек аштың,
Мас болып тән балқиды.
Mac қылады,
Жас қылады
Жұпар иісің жүректі.
Дертке дәрмен,
Тасқын әлмен
Жігерлейсің білекті.
БІРЖАН
Қазақта даңқы шыққан Біржан ақын.
Келтірген сұлу өлең сөздің нарқын.
Сан топта, сан жүйрікпен жарысқанда,
Келмеген қапталына ешкім жақын.
Өлеңмен ән шырқаса, дерсің бұлбұл,
Жандыға шалдырмаған бейне дүлдүл.
Жарысқа ұлы дүбір мүдірмеген,
Құлашын үдей сілтеп жайнап гүл-гүл.
Ән салса арыстандай ақыратын,
Әуені қалтыратып жапырағын.
Саңқылдап даусы кетіп алты белге,
Көркем ән маңдағы елді шақыратын.
Көгеріп көкіректі ырғағанда,
Даусын шарықтатып, шырқағанда,
Даусы алты белден естілетін
Құлаштап домбыраны бұлғағанда.
Жарыста наркескенмен жауды ұрғандай,
Өтті тіл от жапырақ қауды ұрғандай.
Қақтаған нәзік күміс дағараға
Аспаннан гауһар бұршақ жаудырғандай.
Қазақта кім білмейді Біржан салды?..
Ағызған қызыл тілден шекер балды.
Сан ақын жарысқанда талай топта,
Үздік боп бәйгені ақын Біржан алды.
Қазаққа даңқы шыққан ақын Сара,
Бәйгеден келген талай жеке қара.
Біржанмен шаршы топта айтысқанда,
«О дағы қыла алмаған ешбір шара».
Біржандай болмайды ақын тау ұлында,
Сол кезде еш қазақтың ауылында.
Ақынның моласы тас, жол аузында,
Тауының туып өскен бауырында.
ЖАС ҚАЗАҚ МАРСЕЛЬЕ́ЗАСЫ
Азамат, жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық.
Тізесін батырған залымнан
Күн туды – біз теңдік алайық!
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос.
Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос.
Қызыл ту – шылауың, қорғаның,
Тізе қос, тізе қос, тізе қос!
Патшадан әділдік жоқ еді,
Ұлықтар парақор тоқ еді.
Бұқара халықты кем тұтқан,
Жек көрген, итімен тең тұтқан.
Қоспаған санына адамдық,
Айламен ұстаған надан ғып.
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос.
Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос.
Қызыл ту – шылауың, қорғаның
Тізе қос, тізе қос, тізе қос!
Өзінен өңгеден кем халық,
Алдаушы қуларға жем халық
Қор едің көп әкім қорыстан:
Парақор би менен болыстан.
Момын мен нашарға зорлық қып
Залым мен байларға болысқан.
Азамат, сестеніп...
(ақырына шейін қайырылады)
Қайырсыз байларың көп еді,
Жауыздың мейірімі жоқ еді.
Жауыздық тамырын қияйық,
Қулардың аранын тияйық,
Ақ ниет азамат ерлерді
Бір тудың астына жияйық.
Азамат, сестеніп... (ақырына шейін).
Ескілік, надандық жоғалсын,
Сорлы жұрт сестеніп оңалсын,
Бақытқа жол ашық сезілсін,
Әділдік, жаңа заң түзілсін.
Патшалар, ұлықтар жасаған
Бұрынғы қу тәртіп бұзылсын.
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос,
Ұран сал... (ақырына шейін).
Жойылсын құлшылық, кемшілік,
Жасасын әділдік, теңшілік.
Бұрынғы қу қыспақ жол қалсын,
Өз еркін бұқара қолға алсын.
Жер үстін шат қылып көркейтіп,
Қызыл ту желбіреп орналсын.
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос.
Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос.
Қызыл ту – шылауың, қорғаның,
Тізе қос, тізе қос, тізе қос!