Сыпыра жырау толғаулары

Сыпыра жырау XIV-XV ғасырда өмір сүрген деп болжанады (туған - өлген жылдары белгісіз) – Дешті Қыпшақ әйгілі жыршыларының бірі, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, барабы, құрдақ, қырым татарларына ортақ тұлға. Оның жырлары бізде өз атымен жетпеген, толғаулары «Құбығұл», «Едіге би», «Тоқтамыс ханның хикаяты» аңыз-әңгімелер мен «Ер Тарғын», «Едіге батыр» эпикалық жырларында сақталған. Қазақ зерттеушілері Сыпыра жырауды ноғайлы дәуірінен жеткен көптеген эпикалық жырлардың бірден-бір авторы санайды.

Malim Админ

  • 02.09.2024

***

Мен бабаңмын, бабаңмын,
Мен нелерді көрмедім,
Мен қай жерде жүрмедім?!
Әкей хан мен Жәкей хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Шына қыздан туған ұл
Сенің бабаң Шыңғыс хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Жасар жасым жасадым:
Бір жүз алпыс жасадым,
Шіркеулі деген шаһарда
Тоғыз ханның сарқытын
Бір мәжілісте асадым.
Бұлар өтіп кеткен соң,
Хан Шыңғыстың кезінде,
Бұ жалғанның жүзінде
Он бір патша бар еді;
Еділдің құбыла жағында,
Ханның алтын тағында
Он бір патша болды опат.
Он бір патша алдында
Қобыз алып сөз сөйлеп,
Толғау айтқан бабаңмын.

 

ӘМІР ТЕМІР КӨРЕГЕН

Әмір Темір Көреген,
Тоқсан алты хан дөреген.
Ханның зәулім сарайы
Ақ Орда деген жер екен.
Айналасы биік тау,
Батылы барып кірмес жау.
Алпыс биі бірігіп,
Ақ Ордада шешкен дау,
Бұларды көрген бабаңмын.
Көрдім қалың еліңді,
Едіге деген еріңді.
Жамандық пен жөнсіздік
Қайыстырды-ау белімді.
Небір-небір билерің
Көргенсіз боп көрінді,
Бұларды көрген бабаңмын.
Бұлар да өтіп кеткен соң,
Өзінің елін бүлдірген,
Бәтуаға келмеген,
Сүргін салған жұртына,
Жесір қатын, жетім ұл
Тыңдамай датын, жылатқан,
Әзәзіл жолдан тайдырған,
Қайсыбірін айтайын,
Сіздерді көрген бабаңмын.

 

***

Құбыладан жылы жел есер,
Арқадан суық жел есер.
Анаға қарап қыз өсер,
Атаға қарап ұл өсер.
Тоқтамыстың уағында
Құлға билік тиген соң,
Жесір қатын, жетім ұл
Қайтіп қана күн кешер?..
Сөз сөйлемен, Қарабек,
Менен саған сөз керек.
Астына қара бұл салып,
Үстіңе қызыл себелеп,
Алдаймын деп келдің бе,
Атаңа нәлет сүмелек?!