Хан Каңның әңгімелері

Қытайдағы қазақтардың «Вишат» әлеуметтік желісіндегі «Сетер» атты парақшасы соңғы күндері биыл Нобель сыйлығын алған кореялық жазушы Хан Каңның қысқа әңгімелерін қазақшаға аударып, оқырманға ұсынып жүр. Сондағы бірнеше әңгімені сайтымызға жариялап отырмыз. Аударманың мәнеріне қол тигізбей, сол қалпында жариялап отырмыз.

Аялдар Күнтуған

  • 10.11.2024

БАТЫС ТОҒАЙ

        (Әңгіме)

Ол екеуі тоғайға тапберме жерден екі қабат үйді жалға алды.

Көктемде әппақ шие гүлінің күлтелері жылғадан құлдай шапқылаған бойы ақ бұлақтың жалына жармасып, қалқып бара жататын. Ал жаз түнінде алыстан көкектің шаттана шақырған үні құлаққа келетін. Кешқұрым екеуі ылғи да тоғайға барып сейілдейтін. Тоғай батысқа қарай жайыла түсіп, қою жапырақтары батар күннің көлбей түскен сәулесімен шағылысып, тоқтаусыз тербеліп тұратын.

Мизам шуақ басталғанда олар сол үйден көшпек болып, жүктерін сыртқа шығарып жатқан шақта, көрші үйдің әйелі оны іздеп келе қалды. Екеуі түстаныс қана болатын, мүлде тіл қатысып, сөйлесіп көрмеген-ді. Ол аққұбалу келген сарыкідір әйел болатын. Қос уыстап ала келген жап-жасыл шыланды* мұның алақанына салды.

– Қайда көштіңдер?

– Қалаға бармақпыз.

– Ит арқасы қиянға кетеді екенсіңдер ғой.

– Оншалық алыс емес.

Ол көрші әйелге күлімсірей тіл қатты. Көрші әйел қысылып қалып, қолын көйлегінің етегіне сүрткілеп, артына бұрылып жүре берді. Оның шыланға сықай толған жанқалтасынан қош иіс бұрқырады.

Сол үйден көшкеннен кейін қоңыр күз келді.

Бір күні кешке олар сандалдарын киіп, үйдің артқы балконына шықты. Батысқа қараған терезенің арғы жағында күн батып бара жатыпты. Сонау алыстағы қаз-қатар зәулім ғимараттардың терезелері кешкі шапақпен шағылысып, қызғылт сәуле шашады. Жақын маңдағы сауда сарайының астында арлы-берлі ағылған автокөлік пен сабылған жұрт. Қайсы бір жақтан полиция ысқырығының шырылдаған үні келеді.

Ол екеуі қос қабат терезені айқара ашып тастады. Терезе рамкасының жанындағы бөлгіш тақтайда құрыса бастаған шылан тұрған. Екеуі сол шыланнан бір-бір тал алып ауыздарына салып, тәп-тәтті шырынын таусап, үн-түнсіз алысқа көз салды.

*Шылан – жиде тектес жеміс.

КӨКШЕ ТАУ

Оның оқта-текте көретіні сол бір түс. Түсінде ылғи тақта тастан қаланып, қаңылтақ кірпішпен жабылған ығы-жығы жатаған үйлер орналасқан тау бөктерінде айналсоқтап жүреді. Беталысы  - ана бір басын қарасұр бұлт орап, аспанмен тілдескен, құлама құзды көгілдір шың. Оның құлама қиясы бұған түк емес, тығырыққа тірегені – қанша сандалса да сол жаққа бастайтын жолдың табылмайтыны болды.

Көз алды буалдыр тартып, алысты көретін көзәйнегін алып тастағандай соқыраңдайды да қалады. Бірақ қалай болған күнде де тау басына қарай өрмелеуі керек қой. Десе де тылсым сарай сияқты шым-шытырық шолақ көшелер бірі мен бірі жалғасып, тұйық секілді алдын кес-кестеп, төңірегіне мылқау тыныштық орнайды. Шөліркеп, тілі аузына сыймай кетеді. Сиыр табынын айдаған шал-шауқандар мен алқам-салқам киінген топ дуал мен дуалдың арасында аққан судай жылыстап, әпсәтте көзден ғайып болады. Үйлердің есігі жоқ. Ол там қабырғаларын қағып, «Адам бар ма?» деп айғайласа, аржағынан қырылдаған жаңғырық қана құлағына жетеді.

Көкше таудың ұшар басына жаңбыр жауып тұрады. Қарасұр бұлт қабатының арқауы ыдырап, жалтылдаған сансыз меруерт тамшыларға айналып, құз басына төгіледі. Ал ол сол тас көшелерден шыға алмай, әуре-сарсаң күй кешеді. «шіркін, қанат бітіп, самғай жөнелер ме едім!..» Осылай тілі кеуіп, таңдайы жабысып, көмейіне шоқ тастағандай күйіп-жанып, жанталасып жатып, түс құшағынан шошып оянады. Тек түсінде ғана емес, тіпті анда-санда өңінде де сол тау көзіне оттай басылатын.

Сеул айналасын тау қоршаған қала. Бейхан тауы мен Гуан-Йуе тау сілемі қай маңнан болса да менмұндалап, көрініп тұрады. Сол сілемдерден зау биікке бой созған сол бір тау шыңының Сеулдің төбесінен үңіліп тұратын көрінісін кейде, шынында, анық көруге болатын-ды. Көкше таудың шыңдарынан тұман кетпейді. Ол сол бір көгілдір таудың қапталдары мен аңғарларындағы ну орманға күн сала қарап, көз мейірін қандыру үшін кейде қолындағы жұмысының өзін доғара тұрып,тұрған орнынан тапжылмай, қадала қарап қатып қалатын.

Қытай тілінен аударған Түселхан Бобанұлы