Желтоқсан туралы жырлар

Желтоқсан - намыс айы! 17 желтоқсан - 1986 жылы от пен оқ кешкен қазақтың ұл-қыздарының ерлігіне тәу, рухына тағзым етер күн. Желтоқсан көтерілісі ұмытылмақ емес. Бостандық шырағын өз қолдарымен жаққан осы айтулы күн туралы жазылған жырларды назарларыңызға ұсынамыз.

Malim Админ

  • 29.11.2024

Мұхтар ШАХАНОВ

ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫ 

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.

Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.

Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.

Жоқ!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.

Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.

..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

 

Есенғали РАУШАНОВ

Біздің жастық
Желтоқсан деген бір ай бар
Шабынтып мінген үлекті.
Шыңылтыр күнде шырай бар,
Жылытар ма екен жүректі?

«Төбемнен төнген манар көк,
Безерме бұлай сен енді.
Бермесең, тартып алам» деп,
Кеше мен белдесіп көрдім - не болды?

Жарылып түсті жартасым,
(Біткен бір істің сыны көп)
Ағаның көрдік алқасын,
Ақылдан басқа түгі жоқ.

Зырласын уақыт, зырласын,
Бойымды соған үйретем.
Құрбының көрдік құрмасын,
Құбылған күндей дүние екен.

Желігім басып жаланған,
Желтоқсан тұрды шабына.
Көп үміт-сенім, сан арман
Көміліп қалды қарына.

Бораннан кейін, бораннан,
Барлығын іштей бағамдай,
Көміліп қалған көп арман,
Шаршадым аршып ала алмай.

Кеп-кеше мықты секілді ек,
Көртке ұқсап қапты жүдеп нар.
Желтоқсан сайын жетім боп,
Бір жылап алар жүрек бар.

Светқали НҰРЖАН

АЛМАТЫ – 86

... Желтоқсанның желі еді, ызғары еді,
Қабағында қарт таудың сыз бар еді.
Қабығында ақ талдың мұз бар еді,
Желтоқсанның желі еді, ызғары еді.
Дүлейліктің түте алмай тұнған шаңын,
Нені аңсадым, білмеймін, кімді аңсадым?
Ызыңнан үн, туындап үннен сарын,
Мұз тұмсығын тығады кейде миға,
Мұз үстінде дірдектеп жүрген шағым.
Жүректе тұр құлаққа сіңген сарын,
Білекте тұр дұшпаннан сынған сағым.
Арттан топан қуалап, алдан жалын,
Жалы өртеніп жатқан шақ арландарым.
Сонда есіме түсіріп Аллам барын,
Бөріше ұлып, есімде, жалбарғаным.
"... Бәле менен бәтерден сақта, сақта!
Қауіп пенен қатерден сақта, сақта!
Туымы - тақ,
Туы - Хақ тұяғыңды,
Тастай көрме, туған ел, боқташаққа!"
... Көкжал - арман түктері күлдей шөгіп,
Көзі ғана жылтырап жатты ошақта.
Қарамады туған ел тұяғына,
Жендет тұрды сиынған құралына.
Жақ қарысып жатқан ел сал мойынын
Тұяқ түгіл, зиятқа бұрады ма?
Жетпейтінін білмеуші ем әлсіз үнім,
Туған елдің тосаңдау құлағына.
Мен жыладым сонда да шар-шар етіп,
Азат таңның атуын аңсар етіп.
Тоңды түртіп жүруші ем түйсігіммен,
Жатырса да, сірә, мұз қанша бекіп.
Көзден аққан күйзелдім қақты кешіп,
Топас бұлттар төбемнен жатты көшіп.
Жапырағым қалтырап бұтағымда,
Дәліздерде тас көзді қақтым есік.
... Желтоқсанның желі еді, ызғары еді,
Қабағында қарт таудың сыз бар еді,
Қабығында ақ талдың мұз бар еді,
Желтоқсанның желі еді, ызғары еді!
Сонда менің қасымда кім бар еді?
Сынық қанат көтерем мұң бар еді.
Тастап кеткен мұздағы сынға мені,
Мінбедегі ана бір мұндар еді.
Басқа тілде сайрайды ол бүгін маған,
Соған әлі сенеді қырдағы елі.
Желтоқсанның желі еді, ызғар еді,
Жел қанаты сол кезде шым қара еді.
Жылдарымды қанаты шымнан қара,
Қайда жұтып жіберді зындан - қала?
Түседі еске - еске алсам құрбанды ана,
"Туған Ел!"- деп жүрегі тұнған жара.
Туған елдің алдында – Тыр жалаңаш,
Жұлым-жұлым жыры бар, мүлде қораш,
Мұз үстінде шырқырап тұрған бала,
Желтоқсанның желі еді, ызғары еді!

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

ЕРЛІКТІ КӨЗБЕН КӨРГЕН КҮН

 (Ақын Жұбан Молдағалиев рухына)
Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,
Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін.
Өттің де астан-кестен, ойда жоқта,
Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.
Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,
Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді.
Халыққа жаңажылдық сәлем жолдап,
Жазушылар үйіне Колбин келді.
Біреулер бастық көрсе, қуанатын,
Біреулер жалпылдайды сұрап атын,
Бір кезде жазушылар мінбесіне
Барады көтеріліп Жұбан ақын.
Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен:
«Замандаспыз, – деді оған, – қатар жүрген.
Желтоқсанның көргенше он алтысын,
Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен.
Қорғағанмын жаудан мен Совет елін,
Әлі күнге Отанды ән етемін.
«Мен қазақпын» деуші едім, біле тұра,
«Шовинизм» дегеннің бар екенін.
Ұрпағыма халім бар не дер енді?
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,
Ит таласын деп пе едім немеремді?
Ақынша айтсам, «ұлы елдің» бұл мазағын,
Менің далам көтерді күллі азабын.
Тың жерімді игерген бауырларың
Тракторге таптатты қыр қазағын.
Оныңа да шыдады халқым менің,
Берді емес пе билігін, алтын кенін?!
Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,
Түсінбейсің, замандас, салтын елдің.
Бір еместей өзіңмен жолым бүгін,
Мен айтпасам, паш етер сорымды кім?
70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер
Пайдаланып қазақтың момындығын.
Деп үйреттің «мәңгүртсің, бәрің надан»,
Тіл мен діннен айрылды елім, далам.
Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,
Ал таяқты жегендер – менің балам.
Ақын жүрек тартуда содан қайғы,
Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы.
Кешір мені, замандас, осы жолы
Жұбан саған пікірлес бола алмайды».
Намыс пен кек түнеріп қабағында,
Мұң аралас жас тұнып жанарында,
Ел алдында арқадан жүгі түсіп,
Ақын тұрды тазарып ар алдында.
Тынып қалды зал тегіс күбірлемей,
Бір адамның жанары күлімдемей,
Біз отырдық төбеден жай түскендей,
Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.
Кетті залды ақынның өртеп демі,
Әлі есімде, біреулер селт етпеді.
«Отыз жеті» қуғынын көрген сорлы
Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.
Жұбан – бөрі, өзгелер қояндардай,
Колбин жүзі сәл қанға боялғандай.
Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті,
Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.
Жұбан аға, ғашық ең гүл-өмірге,
Сызат түсті-ау сол күні жүрегіңе.
Әлі айтады көргендер ерлігіңді,
Қадіріңді көрмеген біледі ме?
Санасыздар тыңдады, күлді, кетті,
Уақыт өтті жаралап бір жүректі.
Сен қасқайып тұрғанда сыр білдірмей,
Қолыңдағы ақ парақ дір-дір етті.
Сонда сенің сөзіңді ерлік дедік,
«Біз ерлікті көзбенен көрдік» дедік.
Одан кейін тағы да қалған қазақ
Руларға араны бөлдік келіп.
Елдік емес, ісіміз – бас пайдалық,
Ертеңгіні жатпаймыз әсте ойланып.
Қол соққанмен сөзіңе, өлгеннен соң
Қабіріңе тоғыз жыл тас қоймадық.

Әлібек ШЕГЕБАЙ

ҚАБІРДЕН ХАТ 

(Қайрат Рысқұлбековтың монологы)

Армансызбын, 
Ажалсызбын, 
Азатпын, 

Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң. 
Ұлтым үшін ұлтарақпын, 
Аз десең,
Сүйегіммен, сүтіммен де Қазақпын!

Көкбөрінің сіңіріндей сірімін, 
Сол үшін де ажалсызбын, тірімін. 
Шындық үшін құрбандыққа шалынып 
Шырылдаған құлындардың бірімін. 

Талай-талай тоналдым да тапталдым, 
Өзімді-өзім жоғалтуға шақ қалдым. 
Көк көйлекті көктемде туылып 
Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын. 

Күңіренсе үн шығады көрден де, 
Шертілмеген шерім қанша шерменде. 
Өз тіліңде өмір сүріп, 
Сонан соң, 
Не жетеді өз тіліңде өлгенге. 

Мен сұрасам – теңдігімді сұрадым, 
Теңдігімнің кемдігіне жыладым. 
Ай күзетіп Ару сүйер жасымда 
Мен ажалдың құшағына құладым. 

Кек алатын кәріден де, жастан да, 
Қу тіршілік құпиясын ашқан ба?! 
Бауыр қалды өзегіне өртеніп 
Ана қалды сүтін сауып аспанға. 

Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт, 
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк. 
Бөрі мінез Бабалардың арманы – 
Айналайын, алтын қанат – Азаттық! 

Саған құрбан жастығым да, жаным да, 
Саған құрбан атпай қалған таңым да. 
Тереңдігі қабірден де тереңдеу 
Менің қайғым – Қазағымның қанында!  

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Желтоқсан алаңындағы жыр

Ұжданымды ұлтан етпек табанға,
Қарғыс айтып қан соқталы зауалға.
Айналып жүр қазақтың кең аспанын,
Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.

Ей, намыстың найзағайдай ұлдары,
Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!
Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге,
Жанарында - Желтоқсанның ызғары.

Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,
Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.
Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,
Саған қарай рухы ұшып баратқан.

Жер бетінде жеңіс алған белестер -
Есіл бабам ерлік қылған егестер…
Желтоқсанда қайта шауып басына,
Буырқанған бабам қаны емес пе ол!

Оу, мені кім дейсің?!
Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,
Қос қолымда Қобыландының балтасы.
Азығыма ақ анамның малтасы,
Азуымда найза таудың жаңқасы.

Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,
Қанжығама басын берді қаншасы.
Тұлпарының тұяғымен сызылған,

Қазақтың бай даласының картасы.
Ей, ұлы Алаң, лаңды Алаң!

Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.
Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,
Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.
Сұрап алып сұрқы кеткен айдан нұр,
Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.

Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар,
Өшпейтін жыр бұл- алаңға ойған жыр!
Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,
Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.
Орысшалап қала қызы қарқылдап,
Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр…

Кім бар енді тағдырына үңілер,
Босамаған болат жүрек, сірі қол.
Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,
Тас түрменің жазып болып жырын ол?

Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,
Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.
О, желтоқсан аждаһамен алысқан,
Соған жаны жігеріңді жанытсаң.
Қайраттардың рухын айт алдымен,
Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.

Жасыл шарда қазақ деген атыммен,
Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.
Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,
Бодандыққа бағынбайтын басыммен!

Ахмет КЕНДІРБЕКҰЛЫ

ЖЕЛТОҚСАН

Көрінбес түрім де ерен, үнім де ерен,
Жүректің жарқылынан жырымды өрем.
Желінен желтоқсанның жаурап біткен,
Жалқы өскен жапырақтың күйін көрем.

Білемін желтоқсанда ызғар барын,
Білемін ар-айдында мұз қалғанын.
Есімде бір оқиға шындық іздеп,
Алдына ақиқаттың жүз барғаным.

Ойласам сол күндерді мұздар қаным,
Сөндірді талай боздақ ізгі арманын.
Тілейді елім менің ежелгідей,
Соңында намыс қуар ұл қалғанын.

Желтоқсан жылуы жоқ мұңдар айым,
Басқа емес, сырлы жебе жырды алайын.
Уақыт көрік тектес жалын шашқан,
Шалғыдай шауып түсер шыңдалайын.

Көрінбес түрім де ерен, үнім де ерен,
Кей жұртқа жақпай жүрмін бүгінде мен.
...Жапырақ емеспін мен дірілдеген,
Қызулы қарағанмын дүрілдеген.

MalimBlocks
Желтоқсан батыры Ләззат Асанова

Ол небәрі 16 жасында отарлық жүйенің құрбаны болып кетті...

Туған жер туралы өлеңдер топтамасы

Туған жер – мәңгілік сағыныш мекені. Туған жерін жырламаған ақын аз. Киелі топырақтың әр пұшпағы – лағыл сағыныштың қайнар көзі. Оқырманға туған жер тақырыбында жазылған бір топ өлеңді ұсынып отырмыз.