Бұған дейін әйеліне қатысты сталкинг жасағаны үшін сотталған алматылық кәсіпкер соққыға жығу дерегі бойынша тергеу жүріп жатқанына қарамастан, Қазақстаннан шығып кеткен. Зардап шегушінің айтуынша, ол шетелде жүрсе де, қудалауын тоқтатпаған. Күдікті елден қалай шығып кеткен? Істің өзге де жай-жапсарын Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Кәсіпкер М. Б. мен Әнел Аманғалиеваның отбасындағы жанжал 2026 жылдың ақпанында жария болды. Әйел жүйелі түрде соққыға жығылғанын, өлтіремін деп қорқытып-үркіту, интим суреттермен бопсалау нысанына айналғанын және абыройына нұқсан келтіру үшін жалған аккаунттар ашылғанын мәлімдеген.
25 ақпанда Қарасай аудандық соты ер адамды сталкинг жасағаны үшін 25 тәулікке қамауға алды. Алайда, зардап шегушінің айтуынша, ол бостандыққа шыққан соң елден шығып кеткен және қудалауын жалғастырған.
Әнел Аманғалиеваның сөзінше, ер адам 20 наурызда арнайы орнынан шыққан бойда "Қордай" шекара бекеті арқылы Қазақстаннан шығып кеткен.
Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 107-бабы "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бойынша екінші қылмыстық іс тергеліп жатқан.
"Соты аяқталмаған адам шекарадан қалай өтіп кетті және бұл туралы тергеушіге неге хабарланбады деген үлкен сұрақ туындайды. Ол елден шыққан бойда бәрі қайта басталды: күн сайынғы хабарламалар, "сен ең кереметсіңнен" бастап балағаттауға дейін құбылған хаттар. Мені өз меншігі санап отыр. Ол Қазақстанға оралмайтынын, себебі "мені ұрғаны үшін үш жыл отырғысы келмейтінін" айтады", – деді Әнел.
Қыздың айтуынша, іс жария болғаннан кейін ер адам бопсалау, жала жабу және іскерлік беделіне нұқсан келтіру туралы қарсы арыздар түсіре бастаған. Әнел оны бұғаттап тастағанына қарамастан, жалған парақшалар арқылы балағат сөздер жазуды жалғастырып жатқанын айтты.
"Оның кетіп қалғанын білгенде, менен алыста болады деп тіпті қуанған едім. Ол хабарласып, кешірім сұрағанда, бәрін түсінген шығар, енді мазамды алмас деп ойладым. Осының бәрі бітуі үшін тіпті медиацияға да келісуге дайын болдым. Бірақ ол қудалауын жалғастырды. Енді менде жаңа іс үшін дәлелдер бар. Не істерімді білмей, абдырап отырмын. Оның елге қайтарылып, жазасын осында өтегенін қалаймын. Оның психикасы тұрақсыз екенін түсінемін, жағдайы нашарлаған сайын өш алуы да күшейе түсуі мүмкін", – деп ағынан жарылды ол.
Қазір зардап шегушінің адвокаттары жалғасып жатқан сталкинг дерегі бойынша жаңа қылмыстық іс қозғау үшін материалдар жинап жатыр.
Алматы облысының Полиция департаменті берген жауапта Tengrinews.kz кәсіпкердің үстінен екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады:
107-бап бойынша – "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" (полиция бұл жағдайдың 2025 жылы Қазақстан аумағынан тыс жерде болғанын нақтылады);
115-1-бап бойынша – "Сталкинг" (аңду).
Сондай-ақ полиция күдіктінің тағы да елден кетіп қалғанын және оған ресми түрде іздеу жарияланғанын жеткізді. Алматы облысының полициясы шетелдік әріптестерімен бірлесіп, оны ұстау бойынша жұмысты бастап кеткен.
"Жәбірленушінің қайта берген арызы бойынша сталкинг дерегіне қатысты тағы да қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оның ел аумағынан қайта шығып кеткені анықталды. Осыған байланысты оның жүрген жерін анықтауға және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені, соның ішінде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.