АҚШ Конгресінде белгісіз ұшатын нысанның бейнежазбасы көрсетілді

Республикалық конгрессмен Эрик Берлисон таныстырған роликте теңіз үстімен жоғары жылдамдықта ұшып бара жатқан белгісіз құрылғы байқалады, деп хабарлайды DW.
Берлисонның айтуынша, бейнеде нысанға Hellfire зымыраны тиеді. Ол америкалық Reaper дронынан атылған. Алайда зымыран белгісіз жағдайда «секіріп кетіп», ал белгісіз ұшатын нысан сол бағытымен ұшуды жалғастырған. Кадрлардың 2024 жылғы 30 қазанда Йемен жағалауында түсірілгені айтылды.
9 қыркүйектегі тыңдауда конгрессмен бейнеде қандай нысан болғанын болжаудан бас тартты.
Бірақ ол: «Неге бізге бұл ақпаратқа қол жеткізуге үнемі тосқауыл қойылады?» – деген сауал қойды.
Пентагон өкілдері видеоның мазмұнына, түсірілген уақыты мен орнына қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
АҚШ Конгресінде белгісіз ұшатын нысан тақырыбы (NASA терминологиясында – белгісіз аномальды құбылыстар, UAP) бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2021 жылы америкалық арнайы қызметтер атмосферада болған бірқатар оқиғаның түсініксіз қалғаны туралы есеп жариялады. 2022 жылы Пентагонда барлық саладағы аномальды құбылыстарды зерттейтін арнайы басқарма құрылған.
Фото: iStock