Мьянмада бомба жарылып, 40 адам қаза тапты

Мьянманың орталығындағы фестиваль мен наразылық акциясына жасалған шабуылдан кемінде 40 адам қаза тауып, 80-ге жуық адам жарақат алды, деп хабарлады Kazinform Times of India басылымына сілтеме жасап.
Ұйымдастыру комитеті мүшесінің айтуынша, Мьянма орталығындағы Чаунг У ауданында жүздеген адам айдың толғанына қатысты мерекеге жиналған кезде, әскерилер сол маңға бомба тастаған.
– Ұйымдастыру комитеті адамдарға ескерту жасап, олардың үштен біріне жуығы сол жерден шығып үлгерді. Алайда көп ұзамай моторлы парапландар жиналғандардың үстінен ұшып өтіп, көпшіліктің ортасына екі бомба тастаған, - дейді куәгерлер.
BBC-дің хабарлауынша, шабуылға ұшыраған қала соғыс кезінде басты ұрыс алаңына айналған Сагаинг аймағында орналасқан. Оның көп бөлігі әскери үкімет немесе хунтамен күресу үшін төңкерістен кейін құрылған ерікті күштердің бақылауына алынған. Халықтық қорғаныс күштері (PDF) деп аталатын бұл топтар жергілікті әкімшілікті де басқарады.
Олардың айтуынша, сол күні Халықтық қорғаныс күштері наразылық акциясын жылдам тоқтатуға тырысқан, бірақ парамоторлар оқиға орнына күткен уақыттан ерте жеткен. Яғни, жарылыс 7 минут ішінде болған.
Amnesty International ұйымының Мьянма бойынша зерттеушісі Джо Фриман бұл шабуыл «Мьянма бейбіт тұрғындары шұғыл түрде қорғауға мұқтаж дегенді аңғартады» деді. Ол сондай-ақ осы айдың соңында жиналатын Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтық блогы АСЕАН-ды «хунтаға қысымды күшейтуге және Мьянма халқына 5 жылға жуық уақыт бойы сәтсіздікке ұшыраған тәсілді қайта қарауға» шақырды.
Фото: Myo Kyaw Soe/XinHua/Global Look Press