Әлемдегі ең ақылды адам анықталды

Дүниежүзіндегі ең жоғары IQ көрсеткішінің иесі – Калифорния университетінің (Лос-Анджелес) профессоры, 50 жастағы Терренс Тао, деп хабарлайды Malim.kz Sciencefocus басылымына сілтеме жасап.
Ғалымның IQ деңгейі – 230 балл. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштер 200 бен 250 балл аралығында болған.
«Математика Моцарты» атанған Тао небәрі тоғыз жасында университет деңгейінде математикалық талдау пәнін оқи бастаған, ал 16 жасында Принстон университетінің аспирантурасына түскен.
20 жасында ол Принстонда докторлық дәрежесін қорғап, төрт жылдан кейін профессор атанды.
Терренс Тао – математиканың ең беделді марапаттарының, соның ішінде төрт жылда бір рет берілетін Филдс медалінің иегері. Ол 10 жасында Халықаралық математика олимпиадасына (IMO) қатысқан ең жас қатысушы болып, қола медаль жеңіп алған – бұл рекорд әлі күнге дейін жаңарған жоқ.
Ғалым 18 кітаптың және 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Бен Гринмен бірге ол жай сандардан қалағанша ұзын арифметикалық прогрессиялардың болатынын дәлелдеген – бұл сан теориясындағы ірі жаңалықтардың бірі саналады.
2025 жылы Тао жасанды интеллекттің көмегін жоғары бағалап, ChatGPT оған күрделі математикалық есепті шешуде бірнеше сағат үнемдеуге көмектескенін ашық мәлімдеді.
Айта кетейік, IQ (Intelligence Quotient – интеллект коэффициенті) тесті – адамның логикалық ойлау, есте сақтау, кеңістіктік және проблеманы шешу қабілеттерін бағалайтын стандартталған тапсырмалар жиынтығы. Орташа балл – 100, ал 130-дан жоғары нәтиже жоғары интеллект болып саналады. Тест адамның шығармашылығын немесе эмоционалды интеллектін өлшемейді.
Фото: видеодан кадр