Жаһандық жылыну қаупі күшейе түсті

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш жаһандық жылынуды индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5 °C шегінде ұстау мақсатына қатер төніп тұрғанын ескертті.
Оның айтуынша, егер елдер парниктік газ шығарындыларын қысқарту бойынша қосымша шаралар қабылдамаса, әлем құлдырау шегіне жақындауы мүмкін, деп жазды AZƏRTAC.
БҰҰ-ның климат апталығы мен Бас Ассамблеяның кезекті сессиясы қарсаңында сөйлеген сөзінде Гутерриш қазіргі ұлттық жоспарлар жеткіліксіз екенін айтты.
– Көптеген ұлттық құжаттар экономиканың барлық секторларын қамтымайды және шығарындыларды толық қысқартуды көздемейді. Егер біз алдағы бірнеше жылда эмиссияны қысқартпасақ, жаһандық жылынуды 1,5 °C шегінде ұстау мүмкіндігін жоғалтамыз, – деді Бас хатшы.
2030–2035 жылдары 1,5 °C шегіне жету қаупі 50 %
Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) болжамы бойынша, 2030–2035 жылдар аралығында Жер бетіндегі температура 1,5 °C деңгейіне жету ықтималдығы шамамен 50 %.
Ғалымдар бұл шектен аздаған ауытқу да:
экстремалды ауа райы құбылыстарының көбеюіне,
аптап ыстық толқындарының жиілеуіне,
биологиялық әртүрліліктің жоғалуына,
экожүйелердің тозуына алып келетінін ескертеді.
БҰҰ ірі экономикаларға үндеу жасады
БҰҰ Қытай, Еуропалық Одақ елдері және басқа да ірі экономикаларға өздерінің климаттық стратегияларын жаңартуды жеделдету қажеттігін қаперге салды.
Бұл тұрғыда негізгі кезең БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-конференциясы (COP30) болмақ. Конференция әлемдік қауымдастықтың климаттық міндеттемелерін орындауға назарын аударуы тиіс.
Фото: Азертадж