Тосын жайт: Франция президенті әйелінен шапалақ жеді

Франция президенті Эммануэль Макронның Вьетнамға жасаған ресми сапары тосын жайтпен басталды. Интернетте президенттің жұбайы Бриджит Макрон күйеуінің бетін итеріп жібергені бейнеленген видео тарады. Желі қолданушылары бұл әрекетті шапалаққа ұқсатты, - деп хабарлайды Malim.kz BFMTV-ге сілтеме жасап.
Оқиға Ханой әуежайында, ерлі-зайыпты ұшақ баспалдағымен түсейін деп жатқанда болған. Associated Press түсірген видео әлеуметтік желілерде тез тарап, қызу талқыланды.
Алғашында Елисей сарайы видеоны жалған деп жоққа шығаруға тырысты. Олар кадрлар жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін деп болжаған. Алайда кейін видеоның ЖИ емес екенін мойындады.
Президенттің айналасындағы адамдар бұл жай ғана "отбасылық қалжың" екенін айтты.
"Президент пен жұбайы маңызды сапар алдында аздап қалжыңдасты", – деді дереккөз.
Кей бақылаушылар Бриджит Макрон күйеуінің қолынан ұстамай, траптың қоршауынан ұстауды жөн көргенін де байқаған.
Айта кетейік, Франция президенті Оңтүстік-Шығыс Азияға сапарын Вьетнамнан бастады. Апта ішінде ол Индонезия мен Сингапурға да барады.
Фото: видео кадры