Түркиялық әртістер есірткі қолданды деген күдікке ілінді

Бүгін таңертең Ыстанбұлда полиция мен жандармерияның кең ауқымды арнайы операциясы өтті. Іс-шара Түркияның шоу-бизнес өкілдерінің есірткі қолдануына қатысты күдік бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде Kazinform-ге сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тексеріс тізіміне ондаған танымал тұлға — актерлер, әншілер және блогерлер кірген.
Тергеу бірнеше апта бұрын басталған. Тергеушілер ықтимал жеткізушілер мен клиенттердің желісін анықтап, бақылау мен дәлел жинау нәтижесінде прокуратурадан тінту мен тексеру жүргізуге рұқсат алған.
Медициналық сараптама мен сұрақ-жауапқа шақырылғандар арасында түрік шоу-бизнесінің жұлдыздары — Ирем Дериджи, Хадисе, Кубилай Ака, Демет Евгар, Беррак Тюзюнатач, Өзге Өзпіринчжи, Каан Йылдырым, Дуйгу Озаслан, Бирдже Ақалай, Метин Ақдюльгер, Мерт Языджыоғлу, Зийнет Сали, Фейза Алтун, сондай-ақ тележүргізуші Дефне Самйелидің қыздары Дерин және Дерен Талу бар.
Оларды Ыстанбұлдағы жандармерияның Бас басқармасына және медициналық мекемелерге жеткізіп, талдау алынған. Қазіргі таңда ешкімге ресми айып тағылған жоқ. Тергеу аясында тексеріс пен жауап алу жүргізіліп жатыр. Егер сараптама нәтижесінде тыйым салынған заттардың бар екені анықталса, әр тұлғаға қатысты жеке қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, бұл операция Түркия шоу-бизнесі тарихындағы ең ауқымды тексерудің бірі болып отыр. Тергеу жалғасып жатыр, күдіктілер тізімі әлі де кеңеюі мүмкін.
Фото: trthaber.com