Зеленский: Ресейді Сум облысынан қуамыз, Донбасты бермейміз

Украина президентінің бағалауынша, РФ Қарулы күштері Украинадағы Сум облысының шекаралас аудандарын ұстап тұра алмайды және «болашақта Харьков облысын да ала алмайды». Владимир Зеленский сонымен қатар Украина әскері Донецк облысынан кетпейтінін мәлімдеді.
Ресей Украинадағы Сум облысын ала алмайды және қазіргі уақытта әскері орналасқан шекаралас аймақтарды ұстап тұра алмайды. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский 20 тамыз, сәрсенбі күні Киевте журналистермен кездесу барысында мәлімдеді. Ол бұл пікірін Киевтің территориялық мүмкін ымыралары жайлы «қызыл сызықтар» туралы сұраққа жауап бере отырып айтты.
Толық жауабына кіріспес бұрын Зеленский: «Украина не нәрсеге дайын» дегенді айту үшін алдымен «Ресей не нәрсеге дайын» екенін есту керек екенін атап өтті. Ал бұл жайлы, саясаткердің айтуынша, украин жағы білмейді.
Зеленский: Ресей Сум облысында болмайды
«Егер Сум немесе Харьков облыстары туралы айтатын болсақ, орыстар Сум облысын алмайды және шын мәнінде, қазіргі уақытта орналасқан шекарадағы аудандарды ұстап тұра алмайды. Қазіргі жағдайда бұл – уақыт мәселесі, бірнеше ай – және олар Сум облысында болмайды», – деп атап өтті Украина президенті. – «Мен болашақта, әскери болашағы болмағанын қалаймын, бірақ олар Харьков облысын да алмайды деп есептеймін».
Ресейдің Украинаға Николаев облысындағы Кинбурн жотасын «қайтаруға дайын» екендігіне қатысты Зеленский бұл аумақ орыстарға тек теңізді бұғаттау үшін қажет деген пікірін білдірді.
Зеленский Украина Қарулы Күштерінің Донецк облысынан кетуіне қарсы
«Біздің уақытша оккупацияланған аумақтарымызға келер болсақ (Украинаның Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарының бөліктері, сондай-ақ 2014 жылы Ресей аннексиялаған Қырым – ред.), біз оккупацияны заң жүзінде мойындамаймыз», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, ол Дональд Трампқа қазіргі уақытта Донецк облысының 67–69%-ы Ресейдің бақылауында екенін түсіндірген. Бұл аймақтың шамамен үштен бірі РФ бақылауына кең ауқымды соғыс басталғанға дейін, тағы үштен бірі – кейін өткен.
Осыны негізге ала отырып, Зеленский «олар жыл соңына дейін біздің Донбасты басып алады деген әңгімелер – құр сөз» деп есептейді. «Донбасты толық оккупациялау үшін оларға тағы төрт жыл қажет. Бұл – біздің жеріміз», – деді ол.
«Егер біздің әскер бұл аумақтан кетсе, ол басып алынады, онда Харьковқа жол ашылады. Мен оған (Трампқа – ред.) Днепрге апаратын жолдарды көрсеттім – бұл Украинадағы өнеркәсіптік орталықтардың бірі. Мен бұл жерде маңызды тұстар көп екенін атап өттім. Егер біз Шығыстан кетеміз десек – бұл болмайды. Бұл тек Конституцияға қатысты емес, бұл – еліміздің өмір сүру мәселесі. Бұл – ең мықты қорғаныс шептері, өнеркәсіптік орталықтарға дейінгі ара қашықтықтар мәселесі», – деп толықтырды Украина президенті.
Зеленский: Украина әскері Курск облысында қалады
Оның айтуынша, Украина әскері әлі де Ресейдің Курск облысында орналасқан. «Курск облысында біз әлі де бармыз. Біздің бұл қатысуымыздың арқасында қазіргі уақытта онда он мыңдаған ресейлік әскери қызметкерлер орналасқан және оларды Донецк облысына немесе басқа бағыттарға жібермей отыр», – деді ол.
Фото: Office of the President of Ukraine

Ең көп оқылған
