Олимпиада жолдамасы: Соңғы мүмкіндік үшін кімдер күреседі?

Ұлттық құрама бапкерлері Болгария астанасында бақ сынайтын балуандардың тізімін жариялады.

Олжас Қасым

  • 30.04.2021

Мамыр айының 6-9 аралығында Болгарияның София қаласында күрес түрлерінен Токио олимпиадасының соңғы іріктеу турнирі өтеді. Күрестің үш түрінен болатын әлемдік жарыста 36 жолдама сарапқа салынады. Жолдама әр салмақ дәрежесі бойынша финалға шыққан балуандарға беріледі.

Осыған байланысты ұлттық құрама бапкерлері Болгария астанасында бақ сынайтын балуандардың тізімін жариялады.

 

Еркін күрес. Азамат Дәулетбеков (86 келі).

Грек-рим күресі. Алмат Кебісбаев (67 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі).

Әйелдер күресі. Алтынай Сатылған (57 келі), Айна Теміртасова (62 келі), Жәмилә Бақбергенова (68 келі).

 

Әсет Серікбаев баптайтын еркін күрес шеберлерінде дәл қазір Олимпиаданың бес жолдамасы бар. Оның төртеуін 2019 жылғы әлем чемпионатында, біреуін жақында Алматыда өткен Азияның лицензиялық турнирінде жеңіп алды. Енді қалғаны – бір жолдама. Егер Болгария астанасында Азамат Дәулетбековтің асығы алшысынан түсіп, жолдама алып жатса, онда еркін күрес балуандары ел тарихында екінші рет Олимпиадаға толық құраммен қатысады. 2012 жылғы Лондон олимпиадасына еркін күрес балуандары барлық жеті салмақта (ол кезде жеті салмақ болды, - Malim.kz) жолдама алған-ды.

Азамат Дәулетбеков Азияның лицензиялық турнирінде өзбек балуанынан жеңіліп, алға қойған мақсатына жете алмады.  Соған қарамастан бас бапкер шығысқазақстандық балуанға сенім артып отыр. Азамат үшін бұл соңғы мүмкіндік.

Бүгінге дейін 86 келі салмақ дәрежесінде әлемнің он төрт  балуаны Олимпиада ойындарына жолдама алып қойды. Олардың арасында Иран, Ресей, АҚШ сынды еркін күресі күшті дамыған елдер бар. Бұлардың қатарына жақында құрлықтық іріктеуден озып шыққан Беларусь, Түркия, Өзбекстан және Қытай елдерінің балуандары қосылды. Дегенмен, бұл салмақтағы мықтылар мұнымен шектелмейді. Әлі Испания, Грузия, Әзірбайжан, Корея, Қырғызстан және Жапония елдерінің балуандары алақандарын ысқылап, жолдама үшін жанын салуға дайын отыр. Азаматқа да негізгі қарсылас болатын осы елдің балуандары. Мәселен, Испанияның намысын қорғайтын Таймураз Фриев Ресейден қоныс аударған. 2018 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында Испания құрамасына жалғыз қола медальды осы жігіт сыйлады. Сондай-ақ, грузиялық Сандро Аминашвили де жолдамадан басты үміткер балуанның бірі. Ол биылғы Еуропа чемпионатында топ жарды. 2015 жылғы әлем чемпионатында үздік үштікке кіріп, Рио олимпиадасына қатысқан.

Тағы бір айта кетерлігі, Азаматтың салмағында басқа елдің атынан түсіп жүрген ресейлік балуандар жетіп артылады. Анығында олардың барлығы Қап тауының өкілдері. Бүгінде Болгарияның намысын қорғап жүрген Ахмед Магамаев пен Әзірбайжан атынан түсетін Абубакр Абакаров солардың бір парасы ғана.

 

***

Грек-рим күресіне келсек, Қазақстан құрамасы алты салмақтың тең жартысында жолдама алып қойды. 2019 жылғы әлем чемпионатынан 2 жолдама бұйырып еді. Алматыдағы Азияның лицензиялық турнирінде төрт салмақтан бар-жоғы бір жолдама ғана алдық. Енді Бақтияр Байсеитов бастаған балуандар үш салмақта, яғни, 67, 97 және 130 келіде бақтарын сынайды.

2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Шермаханбет (67 келі) Азияның лицензиялық турниріне қатысып, алғашқы белдесуінде-ақ жеңіліп қалды. Енді оның орнын Алмат Кебісбаев басты. Тәжірибе жағынан талайдың алдын орайтын Кебісбаев биылғы Азия чемпионатында күміс медаль алды демесеңіз, жаман күреспеді. Дегенмен, Болгария астанасындағы турнирдің деңгейі Азия чемпионатынан әлдеқайда жоғары болатыны анық. Оның үстіне 67 келіде «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар өріп жүр. Олардың арасында Әзірбайжан балуаны Расул Чунаевты айтуға болады.  Ол - 2015 жылғы әлем чемпионы және 2016 жылғы Рио олимпиадасының қола жүлдегері. Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен лицензиялық әлем біріншілігінде оңтүстіккореялық Рю Хан Судан 1:2 есебімен жеңіліп, еліне жолдамасыз қайтты. Корея балуаны да осал емес еді, екі дүркін дүниежүзінің чемпионы болатын.

Расул Чунаев Еуропа елдері арасында өткен іріктеуге қатыспады. Оның орнына 24 жастағы Исламбек Дадов барған. Бірақ, ол да жолдама ала алмады. Ақыры әзірбайжандық  бапкерлер айналып келіп, Чунаевқа тоқтады.

97 келі салмақта Олжас Сырлыбай іріктеуге екінші мәрте қатысқалы тұр. Ол жақында Азияның лицензиялық турнирінде күресіп, жолдаманың ауылына жақындай алмаған еді. Бұл жолы қалай болар екен?

Алматыдағы Азияның лицензиялық турнирінде 130 келі салмақта Георгий Цурцумия күрескен еді. Күресті деген жай аты ғана. Қырыққа келген балуанымыз бозкілемде ары да, бері де шайқалып,  қарсыластарына еш қауқар көрсете алмады. Оған қарағанда Азия чемпионатына қатысқан Әлімхан Сыздықов балуанға тән мінез көрсетіп, құрлықтық жарыстың күміс жүлдесін жеңіп алды. Былтыр 97 келіден 130 келі салмаққа ауысқан Сыздықовты сол кезде-ақ лицензиялық жарысқа салар ма еді?!

Алыптардың арасында өтетін айқаста  аты әлемге танымал балуандардан көз сүрінеді. Олардың арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Адам Кун (АҚШ), Панамерика аймағының үздіктері Лео Сантана (Доминикан Республикасы) мен Мойсес Перес (Венесуэла), Еуропаның екі дүркін қола жүлдегері Иосиф Чугошвили (Беларусь) сияқты балуандар бар. Әзірбайжан мен Армения елінен келетін балуандар да бос белбеу емес екені анық. Ендеше, Әлімхан Сыздықов үшін нағыз сыналар сәт енді келді.

MalimBlocks
Олимпиада жүлдегері боз кілемге қайта оралды