Олимпиада жүлдегері боз кілемге қайта оралды

Malim Админ

  • 31.03.2021

Сәуірдің 9-11 аралығында Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Азияның лицензиялық турнирі өтеді. Құрлықтың ең мықты деген балуандарының басын қосатын жарыста Токио олимпиадасының 36 жолдамасы сарапқа салынады. Лицензиялық турнирді аяқтағаннан кейін балуандар ертеңінде Азия чемпионатын бастайды. Отыз медаль жиынтығы көкпарға түсетін дода 18 сәуірде мәресіне жетеді.

Осыған байланысты бүгін, наурыздың 31күні грек-рим рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсеитов ел намысын қорғайтын балуандардың есімін жариялады. ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметіне сүйенсек, Бақтияр бапкер аламанға  14 балуан қосқалы отыр. Оның төртеуі жолдама үшін белдессе, қалған он балуан Азия біріншілігінде бақ сынайды.

Алдымен Азияның лицензиялық турнирінде күресетін балуандардың тізіміне келейік. Төрт балуанның арасында  бірінші болып көзге түскені, 130 келі салмақтағы Георгий Цурцумия болды. Иә, иә, бұл осыдан 17 жыл бұрын Афины олимпадасының күміс жүлдесін жеңіп алған балуанның дәл өзі.

Георгий Цурцумия не үшін кілемге оралды? 40-тан асқан балуанның қайта оралуына не себеп? Біздіңше, дәл қазіргі таңда ауыр салмақтағылардың арасында бәсекелестіктің болмауы. Бетке ұстар балуандарымыздың бірі Нұрмахан Тінәлиев жарақатынан әлі де айыға алмай жүр. Былтыр Қазақстан біріншілігінде де сол жарақатының салдарынан өз деңгейінде күресе алмады. Одан бөлек, 130-да Әлімхан Сыздықов пен Мансур Шадукаев сияқты алыптарымыз бар. Сыздықов бұған дейін 97 келіде күрескен. Былтыр Қазақстан чемпионаты қарсаңында 130 келіге ауысып, чемпион атанды. Бірақ жақында Италиядағы халықаралық турнирде екі балуанымыз да алғашқы белдесулерде жеңіліп, тиісінше 8-ші, 10-орындарға ие болды.  Бәлкім содан да болар, бапкерлер екі балуанға да сенімсіздік танытып, лицензиялық жарыста күресуге мүмкіндік бермеді. Өз жерімізде өтетін жарыста жолдама алу өте маңызды. Оның үстіне осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен екі-ақ жолдама алдық. Енді Алматыдағы турнирде жоғымызды түгендемесек, одан кейін Болгарияда болатын соңғы әлемдік іріктеу турнирі біздің жігіттер үшін қиын соғатыны анық.

Ал, енді 40 жастағы Георгий Цурцумияның Азиядағы қарсыластары кімдер дегенге келсек, ең алдымен Өзбекстан, Қырғызстан, және Үндістан елдерінің балуандарын айтуға болады. Осыдан екі жыл бұрын астанадағы әлем чемпионатында ирандық Амир Газеми үздік бестікке кіріп, Олимпиада жолдамасына ие болған. Сондықтан бұл салмақта ирандықтар күреспейді. Мұның өзі ардагер балуанымызды жолдамаға бір қадам болсын жақындата түседі. Дегенмен, 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, өзбекстандық Муминжон Абдуллаев пен Азияның алты дүркін жүлдегері Мурат Рамоновтың барын естен шығармау керек.

67 келі салмақта еліміздегі ең тәжірибелі балуандардың бірі Алмат Кебісбаев лицензиялық жарыста күреспейтін болды. Оның орнын Мейіржан Шермаханбет басты. Екі балуан соңғы рет Римде (Италия) өткен халықаралық турнирдің жартылай финалында күресіп, Мейіржан айқын басымдықпен жеңген.

Токио олимпиадасының жолдамасы әр салмақ бойынша екі балуанға беріледі. Яғни, жолдама алу үшін кем дегенде финалға шығу керек.

Азияның лицензиялық турниріне қатысатын грек-рим күресінің балуандары

67 келі – Мейіржан Шермаханбет
87 келі – Нұрсұлтан Тұрсынов
97 келі – Олжас Сырлыбай
130 келі – Георгий Цурцумия
60 және 77 келі салмақ дәрежелерінде Қазақстанда жолдама бар. Оны 2019 жылы Мейрамбек Айнағұлов пен 77 келідегі Асқат Ділмұхамедов әлем чемпионатында жеңіп алды.

Азия чемпионатына қатысатын грек-рим күресінің балуандары

55 келі – Жансерік Сәрсенбиев
60 келі – Айдос Сұлтанғали
63 келі – Сұлтан Әсетұлы
67 келі – Алмат Кебісбаев
72 келі – Азат Садықов
77 келі – Демеу Жадыраев
82 келі – Евгений Поливадов
87 келі – Азамат Құстыбаев
97 келі – Ерұлан Ысқақов
130 келі – Әлімхан Сыздықов

MalimBlocks
Олимпиада жолдамасы: Соңғы мүмкіндік үшін кімдер күреседі?

Ұлттық құрама бапкерлері Болгария астанасында бақ сынайтын балуандардың тізімін жариялады.

Он күнге созылған додадан он дерек