Жезқазған өңіріндегі «Қазақмыс» кәсіпорындарында өндірістік жабдықтарды жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тамыз айында мамандар кеніш алаңдары мен Жезқазған байыту фабрикасын қамтыған 20 жобаны аяқтады, деп хабарлайды Malim.kz.
"Жомарт" кенішінде №3 және №5 магистральдық конвейерлер, сондай-ақ №2, №5 және №8 ұсатқыштар жөнделді. Бұдан бөлек, мамандар ұсатқыштардың алдыңғы бөліктері мен қоректендіргіштерін қалпына келтіріп, скиптік көтергіштің соққыға қарсы арқанын ауыстырды. Теміржол бункерінің жекелеген бөліктері жөнделіп, конвейердің керу станциясы да қалпына келтірілді.
Оңтүстік Жезқазған және «Батыс» кеніштерінде көтергіш әрі ұсатқыш жабдықтарға жөндеу жүргізілді. №65 шахтада арқан жүргізетін шкивтің қаптамасы жаңартылды. Ал №67 шахтадағы №4 конвейердің 1890 метр таспасы ауыстырылып, роликтері мен олардың тіректері жаңартылды.
Жезқазған байыту фабрикасында ұсатқыштар, қоректендіргіш және конвейерлер жөнделді. Мұнда конвейер таспалары, жабдық бөлшектері мен ұсатқыштардың қорғаныш қаптамалары ауыстырылып, елеуіш астындағы науа қалпына келтірілді. Сондай-ақ пластиналы қоректендіргіштің төсемі жаңартылды.
Жоспарлы жөндеу жұмыстары жабдықтардың техникалық жағдайы мен өндірістік міндеттер ескеріле отырып, бекітілген кесте бойынша жүргізіледі. Бұл тозған бөлшектерді дер кезінде анықтап, ақауларды жоюға және жабдықтардың қауіпсіз әрі қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Қыркүйекте де техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары жалғасады. «Батыс» кенішіндегі №67 шахтаның 140-горизонтында ұсатқышты жөндеп, кен түсіретін бөліктің алдыңғы қаптамасын ауыстыру жоспарланған. Жұмыс аяқталған соң жабдық қайта іске қосылады.
Жабдықтарға тұрақты техникалық қызмет көрсету мен оларды уақытылы жөндеу - өңірдегі кәсіпорындар жұмысының маңызды бөлігі. "Қазақмыс" өндірістік техниканы жүйелі түрде жаңартып, қалпына келтіру арқылы оның жарамды күйде болуын және өндірістің қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді.