Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

12 мешіттің аузына құлып салынып, архиепископ дін таласына шақырады

Олжас Қасым

  • 10.08.2024

Абай Құнанбайұлы қазақ халқының болашағын анықтап беретін, шешуші мәселелерге көп араласқан. Соның бірі шоқындыру бағытындағы әрекеттерге лайықты жауап беріп, шеттен келген миссионерлерді тойтаруы еді.


1891 жылғы қыркүйек айында Патшалық Ресейдегі Діни  басқарма мұсылмандар арасына православиелік дінді тарату туралы ұсыныс жасап, мақұлдатты. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың дерегіне сенсек, бұл құпия «Жарлықты» Абай оқыған. Ережеде: «олардың өздері дінге кіруге ризалық берген-міс» - деген желеумен жүргізілуі тиіс,– деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасайды.

1897 жылы  Семейге патша жанынан дін жайында айтыс жасау, сөйтіп халықты жаппай шоқындыру мақсатында миссионердің бастығы архиепископ Сергий келеді. Сол уақытта кемеңгер Абайдың ұстазы Қамараддин хазірет:  «Біздің ұстанған дінімізден бір шикілік шықса, сол арада бүкіл қазақты шоқындырып, христиан дініне өткізбек. Ол туралы патшаның жарлығы да бар екен. Он бес мешіттің хазірет, имамдары мені ұсынды. Иә, мен Ислам діні мен «Құранға» қатысты мәселелерді толық түсіндіріп бере аламын. Ал, ол өзге дін туралы сұрай қалса, сүрінуім мүмкін. Сөйтіп, дін-исламның, қазақтың иман обалына қалуым мүмкін. Сондықтан Абай төрт діннің де қасиетті кітабін оқыған. Сол қатыссын», – деп Абайды ұсынады.  

Бұл – қазақтың дініне, иманына, рухына, келешектегі болмысына төнген қатер еді. Адамның ең қасиетті сезімінің бірі – діни сенім. Иман – Абай үшін жан бостандығының кепілі. Дінді өзгерту, Абай үшін рухани құлдыққа, басыбайлылықка түсу. Қазақ елінің жағдайында бұл толықтай ұлт ретінде жойылып кету деген сөз еді. Өйткені, діни танымның ықпалымен қоса адамдардың арасындағы қарым-қатынас, бауырмалдық сезім, тектік қасиет, сыйласым мен сыйластық та өзгеріске ұшырайды. Дәстүрлі заң да, тұмыс-салт та, биліктің түрі де жаңа низамның ырқына бейімделеді. Мұның барлығы жиынтықтала келіп ұлттың өткенін ұмыттырады.

Ғалым  Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Абай мен архиепескоп Сергийдің құпия дискуссиясы екі жарым сағатқа созылған. Ол Абайдың досы, осы оқиғаның куәсі Көкбай Жанатайұлының сөзін мысалға келтіреді: Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы мешітке жиылып, дін-исламның ар-ожданын қорғауды Абайға тапсырып, мінәжат қылып, бата беріп шығарып салады. «Ақ шіркеудің» (қазір де бар) алдында священниктер мен поптар: «Қазір сендердің сақалдарыңды кесеміз», – десіп сапыларын жалаңдатып тұрады. Бұл мәжілісте Абай мен Сергий дін жайынан талас қылады.

Көкбай артынан Абайдан бұл жөнінде сұрағанын, Абай былай деп айтқанын жеткізіпті: Сергий маған: Сендердің құдайға сиынуларың, құлшылықтарың, ақтықтарың – қорқудан туған. Солай ма?» – деді. Мен оған: «Біздің Алламыздың бір қуаты «Рахман, Рақым», яғни, рақымды мәпағат иесі. Оның қуат күші – қара күш емес, әкенің балаға деген мысы мен сүюі сияқты» – дедім. Содан кейін Сергий айтқан христиандардың нанымындағы «Үш жүзді құдай» (Христостың құдайлық үш сипаты) туралы пікіріне қарсы: «Алланың бірлігіне (жалғыздығына) үш жүзді болу жараса ма, сол үш сипат бір жүзінде болса, құдайлығына көп бола ма?», – қарсы уәж айттым. Содан кейін дін жайын аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Мен де дін жайын қайта қозғағамын жоқ» – деп жауап беріпті.

Белгілі тарихшы, архив деректерін бізге жеткізген Болатбек Нәсенов Абыралы өңірінде өткен діндар Сақайып қожаның айтқан әңгімесін де алға тартады. Сонда архиерейдің бірінші сұрағы «Құдай қаһарланса жер-дүниені бір тарының қауызына сыйғызады» дейді. Осы ақылға сия ма?» болыпты. Бұл сауалды тыңдаған хакім Сергийге шіркеудің төбесіне шығып жауап беретінін айтқан деседі. Абай: «Сіздің көзіңіздің шарасына мына төңірек жартылай сыйып тұр ма, әлде барлық аумақ шалына ма?» дейді. Архиерей жанарына төңірек түгел сыйып тұрғанын жеткізсе керек. Абай: «Соның бәрін көріп тұрған көздің титтей бір жанары. Көз соншалық нәрсені қамтуға жарағанда Құдай қаһары бар нәрсені көрген жанардан қалай?» депті. 

Екінші сауал реті мынадай болған деседі бізге жеткен деректе. «Зұлқарнайын жерге күннің кіргенін көрді. Күн жерден әлде неше есе үлкен. Бұл ақылға сыя ма?» деп сұрайды. «Қараңызшы күн қай жерден батты десе, біз айтпаймыз  ба, ана Семейтаудың ар жағына батты дейміз. Сол сияқты  айтылған сөз» дегенде  Сергий мақұлдаған көрінеді. 

Сыртқа шыққанда поптар мен свяшенниктер сапыларын, аса таяқтарын көтерісіп, шуылдасып, Абайға  төніп келгенде Сергий: «Сендер шуылдақты қойыңдар. Ибраһим Құнанбаев сендердің тістерің бататын кісі емес. Заманынан озып туған адам», – деп тоқтатыпты. Осылайша миссионерлер  келген ізбен кері қайтқан. 

Міне, осылай ұлтының ар-ұжданын қорғап, жаппай шоқындырудан аман сақтап, жасанып келген архирейдің бетін қайтарғаны үшін де исі қазақ жұрты Абайға мәңгі қарыздар. Тұрсын Жұртбайдың пайымдауынша, Абайдың Құранның тәпсіріндей болған атақты «Ғақлиқат-и таслиһат» деп аталған «Отыз сегізінші» сөзі сол архирей Сергиймен болатын айтыстың тұсында қағазға түскен.

Фото: Л.Леонтьев. Абай Семей қаласының кітапханасында, 1954. 

Байланысты жаналықтар

Биыл Құрбан айт қай күнге түседі

08.05.2025

Электронды темекі харам емес - Мысырдың бұрынғы бас мүфтиі

05.05.2025

Криштиану Роналду ислам дінін қабылдауы мүмкін – БАҚ

08.04.2025

«Құдай разылығы үшін»: зират қиратты деп күдікке ілінген жігіт өз әрекетін түсіндірді

04.04.2025

Желіде уағыз айтып, діни білім беретіндер тексеріледі - ҚМДБ

29.03.2025

Башқұрттардың «Homay» әнінің саяси астары бар ма?

28.03.2025
MalimBlocks
Биыл Құрбан айт қай күнге түседі

Электронды темекі харам емес - Мысырдың бұрынғы бас мүфтиі

Криштиану Роналду ислам дінін қабылдауы мүмкін – БАҚ

Португалия құрамасының және Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубының жұлдызы Криштиану Роналду ислам дінін қабылдау туралы ойланып жүр

«Құдай разылығы үшін»: зират қиратты деп күдікке ілінген жігіт өз әрекетін түсіндірді

Желіде уағыз айтып, діни білім беретіндер тексеріледі - ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әлеуметтік желіде уағыз айтып, діни үгіт-насихат жүргізетіндерді тексереді,

Башқұрттардың «Homay» әнінің саяси астары бар ма?

Дала заңымен жүріп, өніп-өскен халық мыңдаған жылдар түркілік ныспысын сақтап қалғаны  сөзсіз