Абайдың кешін алғаш өткізген Құлжановты атқызған кімдер? 

«Нұрғалиді атқыз» – деп Әлекең айтқан жоқ

Malim Админ

  • 26.03.2023

Өткен ғасырда қазақтың басынан небір алмағайып арпалысты кезеңдер өткен. Оны біз сол дәуірден жеткен тарихи еңбектерден білеміз. Әсіресе, Алаш азаматтарының арасында болған қым-қиғаш оқиғалар әр түрлі ойға жетелейді. Алаштанушы, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы құрастырған Әлихан Бөкейхан шығармаларының 9 томдық толық жинағында бізге белгісіз небір тың деректер бар. Осы көптомдықтың VI томында Смахан төре Нұрмұхамедұлы Бөкейханның «Әлекеңнің өмірі» атты естелігі берілген.  Естелік жазбада Әлиханның Орынбордан Қарқаралы, Семейге келген кезі баяндалады.

«Әлекең 1918-інші жылы Орынбордан Қарқаралы, Семей келді. 1919-ыншы жылдың басында қызылдар келді. Алаш әскерінің бастығы найман Қази деген жігітті атты мартта. Әпірел басында қызылдар қашты. Марттың 24-інде Сталин Әлекеңді «прямой проводқа» шақырды: «Біз Мәскеуде алдық, Қазақ аутономия қайырлы болсын! Өзің кімсің?» – деп. Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиылып кеңесті. Сонда Әлекең: «Қару-жарақсыз нашар елміз ғой, Сталинге «сенімен біргеміз» дейік» – деді. Халел Ғаббасұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы – бұлар айтты: – Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков қызылды қуады, Сталиннің керегі жоқ,» – деп көнбеді. Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы да үндемеді. Шәкәрім Құнанбайұлы: «Оқығандар, өздерің біліңдер» – деді» деп жазады Смахан төре. 

Семей жеріне қызылдардың келуі тұтас елдің арасына сына қаққанға ұқсайды. Бір әкеден туған Ике мен Мұсатай  «партия тартысында» қырықпышақ болып, соңы өліммен аяқталған. 

«1919-ыншы жылы қызылдар келді. Тобықты екі партия – шаған елі Ике, Мұсатай. 1919-ыншы жылы әпірелде Ике жағы Мұсатайды атып өлтірді, Сыпатай ауыр жаралы болды. Мұсатай білегіне қызыл байлап, қызыл болып, өзіне қарсы 13 тұрғандарды шауып, Тұрағұл Жетпісбай баласын атып өлтірді. 20-сыншы жылы керей, найман жиылып, тобықтыға келіп, Мұсатай жағына құн кесіп әперді. 1919-ыншы жылы ноябірде Хасен Ақайұлы, Омар Төлебайұлы жиырма кісі келіп, Икеге түсіп, Исатай Молдабайұлына 200 түйе құн кесіп: «Бір жүзін қалдырып, бір жүзін ал» – деді. Мұсатай көнбей, алмады: «Атқан Мірхан Бурахан баласы, соны бер» – деп. Молдабай, Бурахан бір туған, Мірхан Бурахан немересі, Исатай Молдабай баласы ақыры құнсыз кетті. Бітімсіздің аяғы Мұсатай, Ике екеуі де жоқ болды. Екеуін бітірмейтін, оқыған ноғай Халел Ғаббасұлы да жоқ болды. Бірін-бірі құртып тынды. Мұсатай, Икені бітіреміз деп, Хасен, Омардың билігін орындаймыз деп Ахмет Бірімжанұлы, Имамбек Тарабайұлы барып орындай алмады. Әлекең екі жағына да үндемеді».

Естелік жазбадағы тағы бір тың дерек – Алаштың оқыған азаматы, Семейдегі инттелигенцияның көрнекті өкілі Нұрғали Құлжановтың өлімі.  Смахан төренің жазуынша, Құлжановтың атылуына Ахметжан Қозыбағарұлы, халел Ғаббасұлдары себепкер болған.   

«1919-ыншы жылы Лепсі оязында Садыр, оқыған Отыншы Әлжановты қызылдар өлтірді. Соған қарсы Семейден 100 әскер жіберілді. Қызылдар келгенде Жапсарбай, Жанғали қажы, Жөкеш үшеуін атты. Нұрғали Құлжанұлын нахақ, қызылға Алашорданы жамандайды деп Халел Ғаббасұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы атқызып тастады. «Нұрғалиді атқыз», – деп Әлекең айтқан жоқ. Осындай оқиғалар болды өткен заманда...».