Амангелді Иманов мектеп ашып, бала оқытқан

Ауылдағы білім ошағына Исабек Тонашев деген оқыған азаматты мұғалім етіп алдырған

Олжас Қасым

  • 27.07.2023

Қазақ тарихындағы өмірі қайшылыққа толы тұлғаның бірі – даңқты батыр Амангелді Иманов.  Биыл баһадүрдің дүниеге келгеніне 150 жыл толып отыр. Батырдың тарихтағы орны, күрескерлік қасиеті, ол бастаған көтерілістің анық та қанық зерттелуі – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.  


Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, басшысының бірі болған Амангелдінің өміріне, ерлік жолына байланысты түрлі пікір-пайым кездеседі.  Кейбір ғалымдардың пікірінше, А.Имановтың кіндік кескен, өмір сапарына аттанған жері деп Ұлытау атырабы көрсетіледі. Сол жаққа сапарлап барғанымызда қариялардың ауызынан «осы өлкеде Амангелді Үдербайұлы туған» деген сөзді еміс-еміс естігеніміз еске түсіп отыр.  Елдікті ту еткен батыр қол күшіне ғана сенген адам емес, әдебиет пен өнерге жанашырлық етіп, қараңғылықтың түнегін серпуге үлес қосқанын білетіндер некен-саяқ. Алдымен біздің назарымызды ертеректе зерттеуші  А.Нұрманов келтірген мына бір дерек аударды. Қаламгер баһадүрдің әуелі өз шаңырағынан, кейіндеу Терісбұтақ төңірегінен мектеп-үй салдырғанын жазған.  Ауылдағы білім ошағына Исабек Тонашев деген оқыған азаматты мұғалім етіп алдырғаны сөз етіледі.  Сондай-ақ, сол кезде Верный қазіргі Алматы шаһарында кешкі мектеп курстары ұйымдастырылғаны белгілі.  Осы секілді үйірмелер Қостанай, Атбасар, Троицк қалаларында да ашылады. Аталған білім мекемелерінде қазақ балаларының оқып, білім алуына да Амангелді батыр ықпал еткені мәлім болып отыр. 

Амангелдінің Алаш арыстарымен ара-қатынасының нақты қалай болғаны да бүге-шігесіне дейін зерттелуге тиіc.  Мәселен,  қайсар тұлға  сол уақытта Тұран даласын ағартуға айрықша әсер еткен «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын жаздырып алып, оқып отырғаны туралы деректер ұшырасады.  Ол  көтеріліске дейін қазақ атырабында елдің азаттығы үшін күрескен, отарлық тәртіпке түбегейлі қарсы адам ретінде сипатталады.

Күрескер батырдың немересі Батырлан Амангелдиев тарихи тұлға жайында көптеген тың деректі жарияға шығарып жүр.  Оның сұхбаттарында Амангелдінің атасы Кенесары батырдың ту ұстар, сенімді серіктерінің қатарында болғаны тілге тиек етіледі. Мұндай ақпаратты академик Қаныш Сәтбаев өзінің мақаласында алға тартқан екен. 

1916 жылы Амангелді Иманов II Николай патшаның жас аралығы 19-43 болатын қазақтарды қара жұмысқа тарту жөніндегі жарғысына келіспей, қарсылық танытып, көтеріліске шыққаны мәлім.  Осы кезде батырдан   бұрын серіктес, мүдделес, тілектес болған жандардың сырт айналғаны сөзсіз.     Торғай бұлғағы өршіген кезеңде аймақтағы   Әбдіғапар хан және  Амангелдінің ағасы Бектепберген басқа да айтулы  тұлғалар жаға жыртысып, араздасуға дейін барған. Олардың  Имановқа айтқан уәжі «Әлібиге жақтасып кеттің, большевик болдың» деген айып.  Расында да

1916 жылғы күрес кезінде Амангелді Үдербайұлына жәрдемін тигізіп, ақыл-кеңесін айтқан Әліби Жангелдин болатын. Себебі, Жангелдин ол уақытта  Петроград қаласындағы  большевиктермен  тығыз қарым-қатынаста болғаны анық. Ә.Жангелдин Кеңес өкіметінен қолдау көріп, Торғай комиссары қызметін Амангелдіге  тапсырған. Амангелдінің қазасына кінәлі ретінде бертінге дейін алаштықтардың бірі   Міржақып Дулатұлы  айтылып келді.  Бірақ, тарихшы Жұмат Әнесұлы мұндай көзқарастардан арылатын кез жеткенін айтады.  Амангелді – қазақтың қақын қорғаған ұлт батыры, жансебіл жауынгер, тәуекелдің туын қолына алып, өлімге бас тіккен  батыр. 

Батырдың 150 жылдық мерейтойына байланысты еліміздің әр аймағында арнайы іс-шаралар өткізілуде.  Иманов тойы туған жері Қостанайдан бастау алып, басқа аймақтарда жалғасын тауып жатыр. Сәуір айында, баһадүрдің дүниеге келген күнінде «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты»  деген тақырыпта  жиын өтіп, ғалымдар бас қосқан-ды.  Мәжіліс барысында  Қостанай облысы музейлері қорында жинақталған жәдігерлерден  ауқымды көрме өткізілді.  Мерейтоймен тұспа-тұс келген тағы бір жаңалық – Қостанай шаһарындағы облыстық өлкетану музейінен Амангелді батырдың бұған дейін көпшілік назарына түспеген портреті табылып, жарияға шығарылды. Мұражайдан  Үдербайұлының жанынан табылған  жауынгерлерінің, ұрпақтарының   суреттері де бар екен. Тарихи құнды естеліктер келушілердің назарын аударып отыр.  Имановты еске алуға арналған мерейтойлық іс-шаралар қыркүйек айында батырдың кіндік қаны тамған Амангелді ауданында түйінделеді деп жоспарланған. 

Байланысты жаналықтар

Тарихи сәт! Нұрқожа Қайпанов күрестен әлем чемпионы атанды

31.10.2024

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

19.10.2024

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

24.09.2024

Париж Олимпиадасы Қазақстан спорт тарихында антирекорд орнатты

22.07.2024

«Қан ағызатын ойығы бар»: Қарағанды облысында сақ дәуіріне жататын қанжар табылды

25.06.2024

Белгілі ғалым алғашқы адамдар түркі тілінде сөйлегенін мәлімдеді

13.05.2024
MalimBlocks
Тарихи сәт! Нұрқожа Қайпанов күрестен әлем чемпионы атанды

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

Сондай-ақ, «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

Париж Олимпиадасы Қазақстан спорт тарихында антирекорд орнатты

Қазақстан Францияға өз тарихында ең кішкентай делегациямен, яғни 80 спортшымен аттанды

«Қан ағызатын ойығы бар»: Қарағанды облысында сақ дәуіріне жататын қанжар табылды

Қорғандарды зерттеу арқылы ғалымдар ежелгі жерлеу рәсімдерін қадағалай алады.

Белгілі ғалым алғашқы адамдар түркі тілінде сөйлегенін мәлімдеді

«Бірақ ат-атағым жоқ болғандықтан оны бірден жар салып айта алмадым...»