Авторлар еңбегін даулап отыр. Есенәлиев не дейді?   

2019 жылдан бері бір тиын ақша алмағандар бар

Олжас Қасым

  • 22.05.2023

Маңайынан  шу арылмайтын Қазақстан авторлары қоғамы туралы жақсы пікір айтқан автор  кездеспей отыр.  Осы ұйымды құрып, 2018 жылға дейін басқарған Марал Ысқақбай да ақырында оңдырмай кеткені мәлім. Соңында «Авторлардың ақшасын депозитке салып ақша тауыпты, өзінің коммерциялық мекемесіне қоғамның миллиондаған ақшасын аударыпты» деген жағымсыз әңгіме қалды. Ақыры Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек пен актер Байғали Есенәлиев соттасып жүріп қоғамды иелігіне алған-ды. Қазір авторлар қоғамын Байғали Есенәлиев басқарады. Бірақ, басшылыққа Байғали келгенімен, шығармашылықпен аййналысатын азаматтардың  жағдайы оңалып кетпегенге ұқсайды. Malim.kz редакциясына бірқатар автор хабарласып, мұң-зарын жеткізді.   Олардың айтуынша, 2019 жылдан бері тіпті бір тиын ақша алмағандар бар. «Ара тұра аздаған тиын-тебенмен алдайды»,- деп шағымын білдірді бір топ.  Біз мәселенің мән-жайын саралап көруге тырыстық.      

Композитор-ақын Ғалия Шаудырбаева «ҚазАҚ» авторлар қоғамының мүшесі. Сөзіне жазылған әндерді  Бағлан Әбдірайымов, Роза Әліқожа сынды   әншілер жиі орындап жүр.  Сазгер шығармалары көбірек орындалғанымен, біраз уақыттан бері қаламақы алмағанын, бұрындары жоғары мөлшерде болса, кейінгі уақытта көзге су тамызғандай тым аз тиын-тебен ғана есепшотына түсетінін айтып ренішін білдірді. 

«4 жыл ішінде 40 мың ғана ақша шығуы мүмкін емес...»

«Былтыр хабарласқанбыз. Ол кезде Марал Ысқақбаймен  соттасып болып жатқан. Қайтадан келісімшарт жасалады деді. Келісімшартқа отырған соң 2018 жылдан бері  есептеп шығарған қаламақым 40 мыңның шамасында болды. Қатты аңғалдым, неге аз деп. Сол қаражатты алдым. Одан кейін оларға хабарласуға да құлқым болмай қалды. Бізді қанап отырғандарын фейсбукке жазып едім, Байғали аға «төленіп жатыр ғой»,- деп ашуға булықты. Бұрынғы авторлар қоғамынан соңғысымен салыстырғанда көбірек алатынбыз. 4 жыл ішінде 40 мың ғана шығу деген мүмкін емес. Зейнетақы жинағымды тексеріп отырсам, айына 600 теңге түсіп тұрады екен. Ақшасын алып отырған жоқпын, ол не үшін түсетінін де білмеймін»,-дейді.

Ғалия Өзбекбайқызының зейнетақы жинағына түскен қаржы аударымы 

Ақын, Қуандық Рахым орындайтын «Мен қазақпын», «Бір жүрекпіз», «Шын ғашықтар» қатарлы бірнеше хит әндердің авторы Нұржан Өмірбай да құқығының өз дәрежесінде қорғалмай отырғанына наразы. «Туындыларым жиі халыққа жетсе де, «ҚазАҚ»-та кеткен қақымыз аз емес»,-деп отыр. Автордың айтуынша, осындай мәселенің  бәрі  заңның солқылдақтығынан  туындаған.  

«2014-2015 жылдары «ҚазАҚ» авторлар қоғамына тіркелдім. Өздері хабарласып, «ана  туралы әніңіз жақсы орындалып жатыр. Бізге тіркеліп, авторлық құқығыңызды қорғамасаңыз қаламақысы күйіп кетеді»,- деді. Басында сеніңкіремесем де, қорғап бір әнге 400-500 мың теңге алдым. Қазір жүзге жуық ән мәтіндерінің авторымын. Олардың басым бөлігі облыстық, қалалық,  арысы  мемлекеттік радио-телеарналарда орындалып жүр. Арналардан берілген үлкен концерттерде әндерім дүркін-дүркін шырқалып   жатты. Алайда, соңғы жылдары «ҚазАҚ» авторлар қоғамында берекесіздік пайда болды.  Соттасты. 4-5 жылдай болды мүлдем қаламақы алмадым»,-деп күйінді.   

Қазір ол «ҚазАҚ»-тан күдерін үзіп,  «Абырой» авторлар қоғамына ауысқан.   «ҚазАҚ»-та кеткен қаламақымның біраз бөлігін алып берді.  Сондықтан, «ҚазАҚ» авторлар қоғамының жұмысы, басқа да қоғамдар заң аясында реттелуге тиіс.  Кеткен қақымыз көп»,- дейді ол.  Ақын Қалқаман Сарин де «бір-бірімен соттасып, берекеден жұрдай болған» қоғамнан  сырт айналған. «Баяғыда квартал сайын қаламақы алып тұратын едік. Балнұр Қыдырбек пен Марал Ысқақбай соттасты. Алматыға барғанда тіркелдім. Байғали аға сол кезде кеңсесінде отырды.  Бәрі жақсы болады деді. Қазір ешкімнен ештеңе күтпейтін болдым»,- дейді.  Композитор Еркін Арыстың   да аталаған авторлық  қоғамға деген өкпесі қара қазандай.  «ҚазАҚ авторлар қоғамынан ақша түсіп тұратын. Соңғы уақытта тиын-тебенмен алдайтын болды. Әндер көптеп жазылып жатыр. Бірақ еңбек тиісті деңгейде бағаланбайды»,-деп шағымданды ол.

Авторлар қоғамының төрағасы: «Бір әнге 150-200 теңге түседі»   

Азаматтардың шағымына орай, «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы Байғали Есенәлиевке хабарластық.  Ұйым басшысы қаламақының тым аз болуының себебін түсіндіріп бақты. Оның айтуынша, гонорарды әркім әр түрлі белгілейді.  

«Алатындар жақсы алып жатыр.  Біреудің қанша алатынын заң жүзінде айтуға болмайды. Алмайтындардың не себепті алмайтынын түсіндіре аламын.  Мысалы, авторлар радио, телеарналарда бір рет, екі-үш мәрте өткен  эфирден өткен әнге  қаламақы өте аз түсті дейді.  Қаламақыны тағайындайтын біз емес. Бір айналғанына 150-200 теңге түсетін болса,  аптасына айына 1-2-ақ мәрте айтылса ақша қайдан көп болсын?!  Көптеген телеарна «Евразия», КТК басқа да арналар «Аманат»   қоғамымен жұмыс істейді.  Ол қоғамның қазақ авторларының мүддесін қорғамайтынын өздеріңіз де білесіздер.  Оларда көбіне орыс тілді автрлар тіркелген. Соған қарамастан,  Дариға Назарбаеваның кезінде «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасынан басқа барлық арналарды  өзіне алып алған», - дейді Б.Есенәлиев.  

«Зейнетақы жинағына түскен ақша  қалтамызға түспейді»

Дегенмен, шағымданушылар бұл ғана емес, басқа да келеңсіздіктердің орын алғанын түсінбей отыр. Мәселен,  авторлар Ғалия Шаудырбаева мен  Айдана Сегізбаеваның зейнетақы жинағына қаламақысының он пайызы түсіп тұрады екен. Ал, «гонорарымыздың негізгі бөлігі есепшотымызға мүлдем түспеді»,-деп өкпе-ренішін жеткізді.  «Хабарлассам қоғам өкілдері жауап беруге құлықсыздық танытады»,- дейді А.Сегізбаева. 

Айдана Сегізбаеваның зейнетақы жинағына түскен қаржы аударымы

«Мен «ҚазАҚ»  авторлар қоғамының мүшесімін. Бірнеше әнімді тіркетіп те қойғанмын.  Туындыларым телеарна, радиолардан жиі-жиі беріліп тұрады.  Алайда, үш жылдай болып қалды олар маған бір тиын да төлеген жоқ.  Мекемелеріне жиі хабарласамын. Жауап бермейді, телефон көтермейді. Көтерген жағдайда толықтай жауап қатпайтыны қынжылтады. Өткенде қоғам қызметкерінің біріне телефон шалып ақшамды сұрап едім,  «сіздің шотыңызда ешқандай ақша жоқ»,- деп жауап берді.  Бірақ, зейнетақы жинағыма әр екі ай сайын жарна түсіп жатыр. Ал негізгі қаражаты түспейді.  Осы жағын түсінбедім. Дұрыс мекеме клиенттермен дұрыс байланыс орнатуы керек. Бізді кейде адам құрлы көрмейтінін жасырмаймын».     

Ал қоғам төрағасы Байғали Есенәлиев «өзіме келіп айтсын, әзірге ондай шағыммен ешкім келген жоқ. Нақты дәлелі болса, анықтаймыз»,- деп уәде беріп отыр.  

Қазіргі уақытта Қазақстанда  авторлардың құқығымен айналысатын 21 мекеме бар екен. Оның 12-сі авторлық қоғамдар, 9-ы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Осылардың бәрі  авторлардың қаламақысын жинаумен айналысып отыр. Аккредитациясы бар болса да, жоқ болса да оларға ешкім тыйым салмайды.  Аккредитациясы бар қоғамдардың жұмысы  тексеріледі, ал тіреуден өтпегендері  мүлдем бақалауға алынбайды.  

«Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы барлық проблеманы  «Авторлық құқық туралы заң»   туындатып отыр деп санайды. «2009 жылы Қазақстанның авторлық және сабақтас құқықтар жөніндегі заңына кіріп кеткен  146-1 деген бап бар.  Онда авторлар мүшелікте тұрса да, тұрмаса да кез келген авторлық қоғам ол үшін гонорар жинай беруге құқылы деп жазылған.  Яғни, Әділет ми­нис­трлігіне тіркеліп, лицензия алса бол­ғаны, авторлық құқықпен айналысуға болатын ұйым ретінде құ­рыла береді. Талан-таражға түскен авторлар еңбегі азайып қалып отырғаны – осыдан»,- дейді ол.

«Авторлық құқық туралы заңның» былығы       

«Қойшы көп болса қой арам өледі». Қазір авторлардың құқығын қорғаушылар тіпті көбейіп кеткен. Мысалы, халық саны бізден әлдеқайда қисапсыз Англияда 85 мың автордың басын қосып отырған бір ғана авторлар қоғамы бар екен. Испания, Италия, Францияда да бір-біреуден тіркелгені белгілі.   

Бізде шығармашылық адамдарын айтпағанның өзінде мейрамхана, кафе  сол сияқты аудио-визуалды өнімдерді тарататын радио, телеарналардың өзі кімге сеніп, кімнің жүгінерін білмей қалған. Себебі, бірінен кейін бірі «біздің   сертификатымыз бар,    біздің қатарға  өтіңіз» дейтін қоғамдар өріп жүр.   Анығында,  авторлық құқық мемлекет бақылауына алынып,  бір орталықтан қадағалануға   тиіс. Себебі орталықтар көбейсе, авторлардың еңбегі де өзара бөлініске түседі. Бұл мәселе  бір органға жүктелуі шарт.  Қаптаған авторлық қоғамның барлығын жауып, біреуі ғана сапалы жұмыс істесе  авторлар да  лайықты бағаланар еді.  Авторлық құқықты қорғауды мемлекет өз құзырына алмайынша, мұндай келеңсіздіктер жойылмайды, қайта ушыға түсері анық.

Уақыт өткен сайын ушығып бара жатқан бұл мәселені реттеуге  Мәжіліс депутаттары атсалысуға тиіс. Авторлық қоғамдар құзіреті белгілі бір министрлікке жүктеліп, жағдай  оң шешімін таппаса жөнсіздіктің  осы кеткені кеткені.     

 

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Әншілер мемлекеттік концерттен қанша қаламақы алады

22.06.2023
MalimBlocks
Әншілер мемлекеттік концерттен қанша қаламақы алады

Димаш Құдайберген, Роза Рымбаева, Әли Оқапов және басқа да әншілердің мемлекет ұйымдастыратын  концерттерге қатысуы үшін алатын қаламақысының мөлшері белгілі болды, деп хабарлайды КазТАГ агентігінің тілшісі.