Еуропада қалай тегін білім алуға болады?

Мектеп бітіргелі жатқан түлектердің көпшілігі шетелде білім алғысы келеді. Бірақ сол мақсат пен жоспарды қалай жүзеге асырауға болатынын білмейді.

  • 08.05.2023

Польшадағы Адам Мицкевич университетінде магистратура оқып жүрген Әлібек Жазылбекке тегін оқуды қайдан, қалай  табуға болатынын сұраған едік. Кейіпкеріміз академиялық ұтқырлықпен бір семестр Чехияда, Ерасмус+ бағдарламасымен Португалияда білім алған. Қазір Польшада жүр.

Польшада қалай тегін оқуға болады?

Өзім туралы қысқаша айтсам, Талдықорған қаласында дүниеге келгем. Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «Аймақтану» мамандығын бітіргем. Шетелде білім алуыма жақындарым мен профессорлар, замандас студенттер септігін тигізді. Бакалаврда қоғамдық өмірге белсене араластым. Түрлі ұйымдарға мүше боп, шаралар өткізетінбіз. Ағылшын тілінен дебаттарға да қатыстым. Соның арқасында шетелде білім алудың мүмкіндіктері туралы естідім. Екінші семестрдің басында академиялық ұтқырлық бағдарламасы туралы оқып, Чехияға барамын деп шештім. Керек құжаттардың бәрін тапсырып, конкурстың жеңімпазы атандым. Бірақ ол кезде ауа-райы салқын, бір шеті қаржы жағынан қиындықтар болды. Сол себепті Чехияға бара алмадым. Екінші курстың көктемгі семестріне академиялық ұтқырлықпен Чехияға қайта тапсырып, Градец-Кралове қаласында оқуға қабылдандым. Градец-Кралове Прагадан екі сағаттық жол. Ол жақтың климаты, мәдениеті мен адамдары басқаша болған соң, үйренісуге ұзақ уақыт кетті. Студенттердің көбі Түркия мен Испаниядан келген. Қазақтар өте аз болды. Өзім кішкентай қалада өскен соң, әлем аралап, саяхаттауды армандайтынмын. Белорусь, украин, орыс достарыммен бірге Еуропаның 11 елін аралап, жаңа дәстүр, тілдермен таныстым. Қазақстанға келген соң, Алматыда туризм саласы бойынша жұмыс істедім. Шетелге бір шықсаң, қайта-қайта бара бергің келеді. Магистратураны да Еуропада оқуды жоспарладым. Төртінші курста ғаламтордан студенттерге арналған бағдарламаларды іздестіріп, Стефан Банах атындағы шәкіртақы бойынша Польшада оқуды таңдадым. Бұл – Польшаның кез келген университетінде магистратура бойынша тегін білім алуға мүмкіндік беретін халықаралық бағдарлама. Ағылшын немесе поляк тілінде оқуға болады. Поляк тілінде оқу үшін бір жыл бойы тіл меңгеруіңіз керек. B2 немесе C1 деңгейін бітірген соң ғана магистратураға ауысасыз. Магистратурада 1500, тіл курсын оқысаңыз, 1700 злотый көлемінде шәкіртақы төленеді. Бағдарламаға тапсыру үшін бакалаврды кейінгі үш жылдың ішінде бітіргеніңіз міндетті. Студенттерді іріктеу барысында жүз пайыздық баллдың қырық пайызы ұсыныс хатқа беріледі. Оны жұмыстан, университеттегі оқытушылардан, Польша елшілігінен алуға болады. Қазақстан мен Польшаның білім жүйесінде көп айырмашылық барын байқадым. Білім беруде теорияға қарағанда практикаға, зерттеу жұмыстарына көп мән береді. Мұнда бәрі әділ бағаланады. Жоғары баға алғың келсе, орындаған тапсырмаң соған сай болуы керек.

 «Erasmus+ бағдарламасымен Португалияда оқыдым»

Еуропадағы университеттің студенті болсаңыз, Erasmus+ бағдарламасымен Еуродаққа кіретін кез келген мемлекетте бір семестр немесе бір жыл тегін оқуға болады. Адам Мицкевич атындағы университетте оқыған соң, Erasmus+ бағдарламасына тапсырып көргім келді. Іріктеу кезінде менде барлық ЖОО-ның ішінен екі таңдау болды: біріншісі – Измирдегі Yasar университеті, екінішісі – Лиссабондағы NOVA университеті. Бакалаврда «Қазақстан еріктілер лигасы» ұйымында координатор болдым.  Сол арқылы 2018 жылы Алматыда футзалдан өткен әлем чемпионатында Португалиядан келген командаға көмектесіп жүрдік. Сол кезден-ақ оларың мәдениетіне қызыға бастадым, Португалияға баруды армандайтынмын. Сондықтан  NOVA университетін таңдадым. NOVA University of Lisbon – QS World University Rankings 2021, The Times Higher Education Ranking, The Leiden Ranking сияқты халықаралық рейтингілерде үздік жоғары оқу орындарының бірі боп саналады. Мұндағы профессорлардың зерттеу әдістерімен танысып, ғылыми бағдарламаларына қатыстым. Португалия студенттері ұстанымдарына берік, ой-пікірін еркін айтады екен. Университеттің қақ ортасында студенттер екі күн экология тақырыбына митинг өткізіп, кинокеш ұйымдастырып, сонда түнеді. Португал студенттердің осындай азаматтық белсенділігі мені қатты таңқалдырды.  Erasmus+ бағдарламасында уақытың біткеннен кейін өзің білім алып жатқан еуропалық университетке қайтуың керек. Солайша Португалияда бір семестр білім алған соң, Адам Мицкевичте оқуымды жалғастырдым. Erasmus+ бағдарламасы арқылы қысқа мерзімде басқа мемлекетте білім алып қана қоймай, сол елдің мәдениетімен танысып, тіл үйренесіздер, орта табасыздар.

Шетелде білім алғыңыз келсе...

Шетел университеттерінің, түрлі компаниялар мен банктердің арнайы грант және шәкіртақы бағдарламалары бар. Көптеген студент шетелде тегін білім алуға осындай көп мүмкіндік барын біле бермейді. Іздесе де, дұрыс ақпарат таппай жатады. Ғаламтордағы түрлі халықаралық бағдарламаларды зерттеңіз, жаңалықты бақылап отырыңыз. Тегін білім, шәкіртақы алумен қоса, Еуропада мансабыңызды дамытуға мүмкіндік өте көп. Мәселен мен Польшада БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасында жұмыс істедім. Бұл ұйым Украина босқындарына қаржылай, заң және медициналық көмек беруге бағытталған. Мен онда адамдардың өтініштеріне жауап беріп, құжат жинау, саусақ іздерін сканерлеу сияқты істермен айналыстым. Бұл мамандығым бойынша тағылымдамадан өтуге, жаңа нәрсе үйренуге керемет тәжірибе болды.

Ең бастысы – қай университетте оқитыныңыз, оны бітірген соң, немен айналысатыныңызды жоспарлаңыз. Бакалаврда жақсы оқып, ағылшынмен қоса басқа шет тілдерді меңгеріңіз дегім келеді.

 Жазып алған: Аружан Абсатар