Интернеттегі контенттің басым бөлігі телеарнаға тиесілі
Мәдениет пен өнер саласын насихаттау үшін ашылған AbaiTV арнасы эфирге шыққалы үш жыл толды. Бұл арна үшін қыруар қаржы жұмсалды, барынша қолдау көрсетілді. Үміт пен сенімді ақтады ма? Арна басшысымен өткен сұхбатта осы сұрақтарға жауап іздедік.

– Еркін Таңатқанұлы, күзде көрермен телеарналардан жаңа жобалар, ерекше дүниелер күтіп отырады. Сіздерде да жаңа маусым басталды. Қандай жақсы жаңалық, оң өзгеріс болды?
– Арнамыздың ашылғанына үш жыл болды. Көрермен ия болмаса жалпы көпшілік осы уақыт ішінде түйсінген де болар, «AbaiTV» бұл - нақты бір мұратқа бейімделген телеарна. Мәдениет һәм руханият. Саясат, экономика, спорт тақырыптары немесе күнделікті жаңалық тарату біздің телеарнаның міндетіне кірмейді. Тәулігіне 17 сағат эфир шығарамыз. Сол он жеті сағаттың барлығында тек қана рухани болмысымыз, мәдени салмағымыз, тарихи қалыптасуымыз, болашақ мұратымыз, саналық өсуіміз сияқты ұлт мәселесіндегі ұстынды дүниелер, негізгі тұжырымдар талқыланады. Ел бірлігі, қоғамның сауаттылығы, сананың сергектігі, тарихи жадтың жүйелілігі сияқты мәселелерде ағартушылық бағытты ұстанамыз. Менің ойымша, бұл мәселелер кезекті бір маусымға немесе датаға байланып қалмайды, үнемі һәм үздіксіз жүруі тиіс процесс. Демек негізгі бағыт айқын болғандықтан біздің телеарна әрбір маусымды бөліп жармай ұзақ мерзімдік жоспарлар жасайды. Сондықтан жылдың соңында қажетті бағдарламалар, жобалар таңдалып, екшеліп бір жылдың жұмысы бір-ақ межеленеді.
Күзде біз өзіміздің ерекшелігімізге сай театр өнері, би өнері туралы жаңа жобаларды қостық, сондай-ақ ұлтқа қызмет еткен үлкен тұлғалар туралы «Бірегей» атты деректі фильмдер циклін, алаш мұрасын зерделейтін «Ашық академия» жобасын эфирге шығардық. Өздеріңіз білесіздер «AbaiTV» еліміздегі ең ірі әрі ең озық медиақұрылым болып саналатын «Қазақстан» телерадио корпорациясының құрамына кіреді. Корпорацияның құрамында Республикалық ауқымдағы төрт телеарна мен радио және 14 аймақтық телеарна бар. Үлкен медиақұрылым болғандықтан біз әр телеарнаның ыңғайына қарай өзара контент алмасып отырамыз. Ол белгілі бір жоба немесе деректі фильмдер болуы мүмкін. Мысалы жаңа маусымда «Qazaqstan» мен «AbaiTV» арасында «Мергендер мекені», «Дала дәмі», «Алтын қақпа» сияқты бағдарламаларды бірлесе ұсындық. – Осыдан төрт-бес жыл бұрын ел арасында, «отандық телеарналар, арзан қалжың, ойын шоумен эфирді толтырды, көрші жұрттардың көшірме жобаларын түсіреді, дайын жобаларын ретрансляция жасап, ұлттық мәдениетімізге қастандық жасап жатыр» деп, сыни пікір жиі айтушы еді. Сіздерде бұл жағы қалай?
– «Қазақстан» корпорациясының ұлттық мәдениетке қиянат жасаған жері жоқ. Керісінше жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жоғалтқанын түгендеп келе жатыр. Екі-үш мысал ғана айтайын. Соңғы бес-алты жыл көлемінде жүзеге асқан «Тар заман» телехикаясынан тартып, «Кейкі мерген», «AbaiTV», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ!», «Мағжан. Мен жастарға сенемін» телехикаяларының ұлт руханиятына қосқан үлесі теңдессіз деп білемін. Бұл жерде басқасын былай қойып бір мәселені анық түсінуіміз керек. Бұл жобалардың әр қайсысы өскелең буын үшін тарихтан телевизиялық оқулық бола алды. Үлкен жеңіс. Ұлттық санаға әсер еткен еңбектер дер едім. Оның сыртында тек қана мәдениет мен руханиятқа қызмет ететін «AbaiTV» атты тұтас телеарна ашып, оның эфирін мейлінше ағартушылық бағыттағы салмақты контентпен толтырып отыр. Біздің ойымызша аз жұмыс емес.
– Отандық телеарналар соңғы төрт-бес жылда қазақыланды деген пікірмен келісесіз бе? Тәулігіне он жеті сағат хабар тарататын «AbaiTV» арнасындағы тіл саясаты жөнінде айта кетсеңіз?
– Әрине, келісемін. Бұл енді қоғамның талабы. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың есебінен қазір халықтың саны көбейіп келеді. Қазақ тілді аудитория жылма-жыл кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін жиырма миллионға жетіп қаламыз деген статистикалық болжам бар. Яғни елімізде қазақ тіліне сұраныс ұлғая береді деген сөз. «AbaiTV» эфирде тілге қатысты заң талаптарын қатаң сақтайды. Қазір қазақ тілінің үлесі нақты есеп бойынша сексен пайыз. Сондай-ақ «Музыка великой степи», «Вечные ценности», «Имена» сияқты бірнеше тұрақты бағдарламамыз орыс тілінде шығады. Бұл ретте біз аудиторияны бөле-жармай, сұранысқа бейімделеміз.
– Қазір жас буын өзіне қызық дүниені, қажет ақпаратты интернеттен алады. «AbaiTV» арнасының сайты, фейсбук, инстаграмм парақшалары, ютуб платформасы осы топтағы аудиторияның сұранысын өтеп жатыр ма?.
– Осы көзқарасқа мен үнемі дау айтамын. Жас буын ақпарат пен тәрбиені тек интернеттен алмайды, теледидар, газет, кітап, кинотеатр, дәстүрлі театр, оқу ордасы, түрлі мәдени ошақтар бар. Ата-анасы, араласатын ортасы түгел әсер етеді. Мысалы өз үйімізде балаларға анандай қызық кітап басылыпты, мынандай маңызды дүние шығыпты, қарай қойыңдар деп тапсырып отырамыз. Ата-аналардың жетпіс-сексен пайызы солай бағыттап отырады деп ойлаймын. Ал Сіз айтып отырған интернеттегі контенттің басым бөлігі сол телеарналарда жасалған. Соны интернетке икемдеп кесіп, ықшамдап ұсынып жатады. «AbaiTV» әрине заманауи плотформалардың барлығын пайдаланады. Әлеуметтік желілелер арқылы күнделікті бағдарлама кестесінен бастап аңдатпа, бейнероликтер, сұхбаттардың өтімді жерлерін жариялап отырамыз. Әйтеуір елдің кәдесіне жарасын деген ниет қой. Ал ютубта эфирден өткен барлық хабарлар жүйелі түрде салынады. Аңғарғанымыз ол жақта біздің дәстүрлі өнерімізге қатысты дүниелер мен алтын қордан алып, бүгінгі талапқа ыңғайлаған құнды материалдар көбірек өтеді. Бұл жұмыс күнделікті қадағаланады.
– Жоба сәтті шығуы үшін заманауи техника, профессионал кадрлар, мықты идея, қомақты қаражат қажет. «AbaiTV» арнасының үш жыл бұрын пандемия кезінде ашылғанын білеміз. Арнаның үлкен жобаларды дайындайтын ресурсы мен потенциалы жеткілікті ме?
– Ресурс та, потенциал да жеткілікті. Сөз басында атап өттім, «AbaiTV» бірнеше телеарна мен радио топтасқан алып медиа бірлестік – «Қазақстан» РТРК АҚ құрамына кіреді. Корпорацияның соңғы жылдардағы даму қарқыны өте жоғары. Заман талабына сай телевизиялық құралдардың барлығымен қамтамасыз етіп отыр. Бір емес бірнеше бағдарламаны түсіре алатын үлкен студияларымыз бар. Оның сыртында қазақ елінің мәдени, рухани орталығы саналатын Алматыдағы филиал да біздің телеарнаға бірнеше жоба жасайды. Яғни, бұл Корпорация атсалысып отырған ұжымдық жұмыс. Негізінен біздің аудитория нені қалайды, қандай жобаларға сұраныс бар деген мәселеде көп ақылдасамыз, зерттейміз. Мықты идеялар қашанда қажет, сондықтан ұжым болып үнемі ізденеміз, телевизиядан тысқары ойлы азаматтармен де жүйелі байланыстамыз. Қандай дүние жасасақ та сапалы және елге пайдалы болса екен деген ниеттеміз.
– 2014 жылдан бері мемлекеттік телеарналар өз штаттарын қысқартып, аутсорсинг компаниялардың дайындаған өнімін сатып ала бастады. Бұл бағдарлама сапасын түсіріп жіберді деген сыни көзқарас көп айтылып жүр. Келісесіз бе?
– Келісе алмаймын. Мына дүниені түсіну керек, аутсорсинг компаниялар негізінен тапсырыс орындайды. Олар дайын дүниені алып келіп ұсынады екен, телеарналар соны сатып ала салады деген көзқарас өте қате. Жыл сайын үлкен телеарналар белгілі мазмұндағы бағдарламаға, немесе телехикаяға, басқа да өнімдерге байқау жариялайды. Оның бірнеше критерийі бар. Компанияның бұған дейінгі атқарған жұмысы, шығармашылық ұжымы, техникалық мүмкіндігі тағы басқа да талаптар толып жатыр. Солардан өткен компания ғана бағдарлама телевизиялық өнім дайындау құқығын алады. Бұл ретте басқаны білмеймін, біз өте қатал қараймыз. Мысалы басқасын былай қойғанда әрбір жаңа жобаның алдымен сынақтық саны қабылданады. Телевизиялық тілде «пилотка» аталады. Оны көркемдік кеңес бірнеше мәрте жиналып, талқылайды. Сондай-ақ, әрбір бағдарламаны қабылдауға өз тарапымыздан жауапты маман бекітіледі. Ол маман сапаға толық жауап береді. Егер өнімнің сапасы кеміп, немесе уақыты созылып жатса қабылданбайды, көлемді айыппұл салынады. Сондықтан аутсорсинг компаниялар арқылы сапа нашарлап кетті деген көзқарасты құптамаймын.
– Әлемдік өнер жауһарларын көрерменге ұсынатын, одан бөлек белгілі бір мәдени салаға қатысты жобаларыңыз бар. Бұндай бағдарламаларды ашу барысында сол салалардың кәсіби мамандарын тарттыңыздар ма? Кеңестеріне жүгіндіңіздер ме, жүгінесіздер ме?
– «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін мәтел бар ғой. Міндетті түрде мамандарға жүгінеміз. Тек кеңес қана алып қоймай, сол жобалардың жүзеге асуына тартамыз. Мысалы «Үркер» әдеби талқы бағдарламасын жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жүргізеді, ұлттың көне замандағы салты мен дәстүрі туралы «Ұмай» аталған хабарды этнограф ғалым Зира Наурызбаева, театр, опера және балет өнеріндегі жаңа қойлымдар туралы нағыз маман Флюра Мусина ханым жүргізетін «Премьеры» бағдарламасы бар. Яғни қандайда бір жаңа бағдарламаны әзірлеуде міндетті түрде сол саланың маманына жүгінеміз. Одан бөлек, «AbaiTV» ұжымында да өз ісіне берілген, кәсіби мамандар жұмыс істейді деп толық сеніммен айта аламын.
– Алға қойған тың бастама, жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Бірер күн бұрын ғана 2024 жылға межелеген жобалардың тақырыптық бағытын нақтылап, байқау жарияладық. Сол байқаудың талаптарында болашақ жоспарымыз нақты көрсетілген деп ойлаймын. Тұтас ұлттың ақыл-ойына, философиясына, жазу машығына реформа жасаған Абай һәкімнің атын иемденген «AbaiTV» телеарнасы руханият, мәдениет, әдебиет, жалпы өнер саласына деген қызметін жүйелі түрде жалғастыра бермек.
– Сұхбатыңызға рахмет.