«Он алты жасар чемпион» телехикаясы эфирге шықты

Ахметпен бірге «ауылда қалыңыз, балаларды жаттықтырыңыз» деп қосыла айтқың келетіндей

Malim Админ

  • 20.10.2024

«Он алты жасар чемпион» телехикаясының 1-2 бөлімдері эфирге шықты. Жалпы, кинотуындының картинасы қанық, режиссер Нұргелді Садығұлов сол дәуірдің көрінісін дәл беруге тырысқан.


Өзіміздің ауылдағыдай жатаған мектеп, жазық дала, жарбиған үйлер, түтіні будақтаған ауыл сәтті таңдалған. Актриса Салтанат Бақаева, Ұлан Нүсіпәлі, Жалғас Толғанбай, Сергей Семыкин,  Нұрлыбек Есен, Ерсейіт Рысбай, Бақдәулет Асылбек, Гүлшарат Жұбаева, Дарья Александрова, Алмас Шаяхметовтер өзіне жүктелген рөлді сезініп ойнапты. Аурушаң бала Мұраттың рөліндегі Нұрлыбек Есеннің образға кіргені сонша аяп отырдық. Жаңбырдың астында қалып, үйінде ауырып жататыны, мимырт жүрістері кәдімгідей сендіреді.  Николай Трофимович - Сергей Семыкиннің қалаға кетем деп қырман басына келген тұсы да селт еткізеді.

Ахметпен бірге «ауылда қалыңыз, балаларды жаттықтырыңыз» деп қосыла айтқың келетіндей. Мектеп директоры рөліндегі Ұлан Нүсіпәлінің ойыны да көңілге қонымды. Әйелінің сөзіне сеніп, өзінен өзі Николай Трофимович орнымды тартып ала ма деп безек қағуы, оған спорт алаңын салуға кедергі жасауы. Әсіресе, алаңды құрып жатқанда адамдарды алып кетуі, түнде әрбір үйге барып балаларды спорт секциясына бермеуге үгіттеуі шынайы шыққан. Ауыл адамдарының  жаңалықты жатырқай қабылдайтыны қалыптасқан жағдай ғой, негізі. Десе де, Тоқмолданы іштей сыбап, «мұнысы несі» деп отырасың.

Сериалдағы Николай Трофимовичті көріп отырғанда есіме ауылымызда дене шынықтырудан сабақ берген Фархат деген мұғалім түсе берді. Ол да баскетбол, волейбол, футбол, күрес алаңдарын өз қолымен құрып, жазық даладан үлкен спорт алаңын жасап еді. Дене шынықтыруды демалыс деп ойлайтын оқушыларды дайындап, көрші ауылдарға жарыстарға қатыстырып еді. Телехикая үлкен  қалаларда  жеңіске жеткен спортшылардың ауылда тәрбиеленетінін, нағыз маманның қасына  ерген кез келген баланың діттеген мақсатына жететінін көрерменнің есіне  салады.  Телетуындыны қарап отырғанда жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шеберлігін,  өміршең тақырыпты тап басып тауып алатын байқампаздығына бас  изейсің. Бүгін сағат 15:00-де Қазақстан арнасынан «Он алты жасар чемпион» телехикаясының жалғасы көрсетіледі.

Олжас Қасым