Отандық БАҚ: өңірлік басылымдарға шолу

Malim Админ

  • 05.04.2022

Баспасөз өмірде пайда болып, кәсіби дәрежеге жеткенге дейін дамудың түрлі кезеңінен өттік. Уақыт өте келе мерзімді басылымдар үлкен қоғамдық-саяси мәселелерді көтеретін болды. Ел мәселесін, қоғам кемшілігін үнемі қадағалап отыратын журналистикаға халық назары да жоғары. 
Қоғамдық тарихи дамудың қайбір кезеңінде де халықты толғандырып отырған өзекті мәселелер, олардың жан-дүниесінің толқулары мен ішкі сезімдері, замана үні мерзімді баспасөзде көрініс тауып отырады. Қандай да бір болмасын кез-келген басылым қалың жұртшылықтың өз дәуіріндегі «көзі» мен «құлағы» іспеттес. Біз Отандық БАҚ, атап айтқанда осы саланың дамуына үлес қосып жүрген бірнеше өңірлік басылым жайында ақпарат әзірледік.
Қазіргі кезде қазақ журналистикасында салалық басылымдар даму кезеңінде және түрлі жаңа жобалар пайда болып келе жатқаны расымен қуантады. Ол туралы кезінде ғалым Т.Бекниязов былай деген: «Жалпы Қазақстандағы журналдардың көбі салалық болып жіктеледі. Әлеуметтік топталған және тақырыптық бағыттағы басылымдар бар. Мысалы, әдебиет пен өнерге арналған «Жұлдыз» журналы, қоғамдық-саяси бағыттағы «Ақиқат» журналы, медицина саласына арналған «Денсаулық» журналы, оқу-ағарту саласына арналған «Қазақстан мектебі» журналдары шығарылады. Балаларға арналған «Балдырған» мен әйелдерге арналған «Қазақстан әйелдері» журналы бар».
Өңірлік мерзімді басылымдар тарихында әдеби журналдардың алатын өзіндік орны бар. 
Сыр өңірінде 2009 жылдың сәуірінен бері жарық көретін әдеби-мәдени, тарихи танымдық «Әлім-сақ» журналы өз оқырмандарына тұрақты қазақ халқының егемендік алуымен қатар еліміздің рухани өміріне жаңаша өзгерістер ене бастағандығынан, халыққа білім беру, ғылым мен мәдениеттің дамуы кеңінен жолға қойылғандығынан, әдебиет пен өнер – адам жанына нәр беріп, рухани жағынан күш-куатқа айналатын егіз ұғым екендігінен хабардар етіп келеді.
Басылымның бас редакторы Сыр өңіріне белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы журналдың алдына қойған мақсатын: «…Қазақтың әлімсақтан келе жатқан хатқа түскен төл тарихын, өлеңмен өрілген өмірін, ұлттық болмыс-бітіммен астасқан әдебиеті мен мәдениетін, діні мен тілін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жаңа ғасырдағы ұрпағының жадында жаңғырту. Арандай аузын ашқан жаһанданудың алдына иірілген топтың патриоттық сезімін ояту, ұйқыда жатқан отансүйгіштік қасиетіне жан бітірту, жақсы мен жаманды таразылау, осы арқылы ұлттық иммунитет қалыптастыру» деп көрсетеді. 
Ұлт мүддесін жоғары қойған басылым тарих тереңіне үңіліп, ұрпақ санасын рухани байытып, кешегіні бүгінгіге жалғастырар рухани көпірге айналдыру үшін «Түгенделген руханият әлімсақтан сыр тартады», «Жанқожа – тарихи тұлға, әрі әдеби көркем бейне», «Ұлы күрескер Мұстафа», «Бабалардан ұлағат – ұрпақтарға аманат», «Ұлы даланың дара ұлы» атты танымдық-тарихи мақалалар жариялаған.
Осы мақсатта журналда Жанқожа батыр, Есет батыр, Қара бура әулие, Қара молда, Мұстафа Шоқай, Зейнолла Шүкіров, Темірбек Жүргенов сияқты тұлғалар «Ақсауыт» айдарымен берілген.
«Зерде» арқылы бүгінгі күннің басты қасіретінің негізгісі – Арал теңізінің тарихы, теңіздің тартылу себептер мен салдарлары, ғалымдардың осы мәселе төңірегіндегі зерттеулері жарық көрген. 
Өңірдегі тағы бір ғылыми-әдістемелік «Тағлым» журналы 2011 жылдың наурызынан бастап шығады. Журналдың алғашқы бас редакторы: филология ғылымының кандидаты Зухра Ермағанбетова.
«Тағылым» – ұлттық дәстүрмен біте қайнасқан, ұлт ұрпағын жаман әдеттен жирентіп, жақсы әдетке талпындыруға баулитын ұғым. «Тағылымның» ерекшелігі – маман даярлаушы мен маман арасында диалог құруында, нарықтың тілімен айтқанда, тұтынушы мен тауар өндірушінің байланысын сақтауында. Бүгінгі күнде тәжірибе алмасу мінберіне айналып отырғандығы да шындық. Мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру, сабақ өту барысындағы тәжірибелерін ортаға салу және тарату, ой-пікір бөлісу, өзара тәжірибе алмасу мақсатында түрлі жанрларда танымдық, әдістемелік материалдар жарық көрген.
Басылымда «Редактор бағаны», «Көкейкесті», «Ғалымның хаты…», «Озық технология – ортақ әдіс», «Зерде», «Жаңа сабақ үлгісі», «Рецензия», «Әріптес әлемі», «Болашақ маман ой қозғайды», «Ұстаз шығармашылығы», «Құттықтаймыз!» атты тұрақты айдарлар бар.
Журналда жарық көретін әрбір материалдар бүгінгі ұстаздың білім-біліктілігін, дүниетанымын кеңейтуге септігін тигізері даусыз.
Сыр өңірінен шығатын рес-публикалық ғылыми-әдеби, танымдық «Тұрмағанбет» журналы 2011 жылдың наурыз айынан бастап жарық көреді. Басылымның бас редакторы: Ғабит Тұяқбаев.
Журналда әдебиеттанудың өзек-ті мәселелерін сөз еткен зерттеу еңбектері, ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз туралы танымдық мақалалар, заман, қоғам жайын сөз еткен публицистикалық мақалалар, қазақ қаламгерлерінің про-залық, поэзиялық шығармалары мен әлем әдебиетінің туындылары, дарынды жастардың шығармалары және жас ғалымдардың зерттеулері жарияланады.
Журналда «Тұрмағанбеттану мәсе-лелері», «Зерде», «таным», «Тағзым», «Әлем әдебиетінің асыл қазынасы», «Проза», «Поэзия» айдарлары бар.
Адамзат қоғамының даму заңды-лықтарына зер салып қарап отырсақ, даусыз бір шындыққа көз жеткізуге болады, ол – қандай қоғам болса да, руханият саласының алдына белгілі бір дәрежеде мақсат, міндеттер жүктейтіні. Ал, ол міндеттердің қалыптасқан қоғамдық, әлеуметтік, тарихи-саяси және рухани талап, тілектерден туындайтыны мәлім. Адамзаттың рухани дамуында әдебиет пен өнердің рөлі зор. Шын мәнісіндегі әдеби шығармалардың адамға айрықша ықпалы бар. Оның санасы мен сезімін билейді, оның өмір мәселелерін жіті бағалауына себін тигізеді. Осы мәселелер басылым бетінен үнемі көрініп отырады. Сонымен бірге журнал бетінде Сыр бойы өнерінің өзіндік ерекшелігін, ақындарының шеберлігін зерттеу, зерделеу, сараптау, өзіндік көзқарастар мен пікірлер білдіру, тұжырымдар жарық көреді.
Басылымда жарық көрген әрбір туынды оқырманын адамгершілікке үндеп, адам бойында болуға тиіс асыл қасиеттерді уағыздайды, Отанды құрметтеуге, әдебиетті сүюге үндейді. Десе де, қаржылық мәселеге байланысты журнал бүгінде жарыққа шығуын тоқтатқан.
Аймақта 2012 жылдың наурыз айынан бастап шығатын республикалық әдеби, ғылыми танымдық «Базар жырау» журналының бас редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Кәрібозұлы. Журнал үш айда бір рет жарық көріп, 1000 данамен тарайды.
Басылымның мақсаты – Сыр өңірінің тарихы, мәдениеті, өнерінің барлық түрлері, ғылымы туралы зерттеулерді оқырмандарға таныстыру. Сыр жастарының рухани жағынан жарымжан болмай, бай да байсалды болып өсіп-жетілуі септігін тигізу, мемлекеттің беріктілігін насихаттау болып табылады.
«Базар жырау» журналының бетінде жарияланатын мақалалар мен көркемөнер туындылары арқылы оқырмандарымыз туған жер мен елге, мемлекетіміздің қазіргі өмірі мен болашағына деген сенімдерін арттыра түсетіні анық.
Журналдағы «Әдебиеттану» бөлімінде Базар Оңдасұлының шығар-малары тұрақты беріледі. Сонымен бірге басылымда «Тілтану», «Өнертану», «Тұлғатану», «Елтану», «Поэзия», «Проза», «Драма», «Ел аузынан» атты бөлімдер де бар. 2015 жылдан бастап жарыққа шығуын тоқтатқан.
Республикалық әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық
«Сырдария» альманахы 2008 жылдың 18 маусымында жарық көрген. Альманах Сыр бойы аймағында тарайды. Бас редакторы: Жақсылық Рахматулла. Көлемі 11 баспа табақ болып шығатын басылымның таралымы 1000 дана.
Бойында дарыны, таланты бар балалардың келешекте әдебиет мұхитына құятын бұлақ көзін ашады деп үміттенеміз. Жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ұлтжанды болып өсуіне тәрбиелеу – қаламгерлер парызы», – деп пікір білдіріп, әр санында Қызылорда қаласы мен Шиелі, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында өткен жастар шығармашылығының байқауында үздік деп танылған өлеңдер мен әңгімелерді жариялап отыратындықтарын хабарлайды. Дегенмен аталмыш басылым 2012 жылы қаржылық мәселеге байланысты тұрақты шығуын тоқтатты.
Сыр аймағында тағы бір басылым 2011 жылдан бастап жарыққа шыққан республикалық танымдық-тәрбиелік «Жарасымды жанұя» журналы болып табылады. Журналдың бас редакторы: Н.Б.Жарылқасынова. Басылымда журналистер Ә.Бердіқожаева, Ж.Шұғланова, Р.Жоламанова мен Ф.Әбдіраимовалар қызмет атқарады. Журнал айына 1 рет екі тілде, 59 бет көлемінде, 2000 данамен тарайды.
«Жарасымды жанұя» журналын жарыққа шығаудағы біздің мақсатымыз – отбасы, бала тәрбиесін жан-жақты зерттеп, оның кең ауқымда қаралуын, қызықты әрі сұранысқа сай тақырыптардың қатарына қосу» дейді басылымның бас редакторы Нәзікен Бекмұратқызы Жарылқасынова.
Журнал тың ойлар мен жаңа бағыттар бойынша жауабын таппаған сұрақтарға облыстың психология, заң, медицина, педагогика т.б. салаларының білікті мамандарымен сұхбаттасып, аймақтағы жаңа белестерді көрсетіп отырады. Журнал қазіргі күнге дейін жарық көреді, өз саласының үздіктерін дәріптеуде үлгі көрсетіп келе жатқан басылым болып табылады.
Ұлт мақтанышы, ұстаз-ғалым А. Байтұрсыновтың: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген даналық мәйектерінде шынайы шындық бар.

 

Байланысты жаналықтар

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024
MalimBlocks
Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.