Белгілі суретші Ағымсалы Дүзелханов қайтыс болды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі суретші Ағымсалы Дүзелханов қайтыс болды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелхановтың мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты орны толмас қазаға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарына, туған халқына қайғырып көңіл айтады.
Ағымсалы Дүзелханұлы — бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған бірегей суретші. Ол шығармалары арқылы халқымыздың рухын, замана тынысын айшықтап, ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейте түсті. Ұрпақ тәрбиесіне де өлшеусіз еңбек сіңіріп, талай жас суретшінің кәсіби жолын айқындауына жол ашты. Өмірден озғанына қарамастан, оның мол мұрасы мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, - делінген хабарламада.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ең көп оқылған
