Танымал журналист Мұхтар Түменбай өмірден өтті

Танымал журналист Мұхтар Түменбай өмірден өтті, деп хабарлады Malim.kz.
Бұл туралы журналист Серікқали Мұқаш Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
«Асылдың сынығы еді…
Тұлпардың тұяғы еді…
Арамызда аңқылдап жүрген адал досымыз, әділетсіздік атаулыға қаны қас жаужүрек бауырымыз — белгілі журналист Мұхтар Түменбай досымыздан қапыда айрылып қалдық…
Жүрегі кенет сыр беріпті.
Бақұл бол, бауырым…», – делінген жазбада.
Мұхтар Жақсылықұлы 1970 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Еңбек жолында бірқатар басылым мен республикалық телеарналарда жұмыс істеді.
1992 жылы "Таңшолпан" бағдарламасының алғашқы журналистерінің бірі болды. Ал 2010-2012 жылдары бағдарламаға жетекшілік етті.
«Qazaqstan» телеарнасының көрермендеріне «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі ретінде танылған. Арна эфирінен шыққан соғыс қаһармандарына арналған «Мәншүк. Әкеге араша түскен қыз», «Төрт қайсар», «Әлия. Ерлік алгоритмі» деректі фильмдерінің авторы.
Мәдениет және ақпарат министрлігі де Мұхтар Түменбайдың дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне көңіл айтты.
«Мұхтар Жақсылықұлы өзінің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымымен ел есінде қалған тұлға еді. Ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, талай маңызды бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы атанды. Әсіресе, «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы елдегі маңызды оқиғаларға терең талдау жасап, көрерменнің құрметіне бөленді», – делінген көңіл айту хатында.
Фото: әлеуметтік желі

Ең көп оқылған
