Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

Шындықты сүйген жүрегі қай ортада да қақыратып шын сөйлететін

Malim Админ

  • 25.12.2023

Ақ сөйлеу, әділдік – Фариза Оңғарсынқызының символы! Оның поэзиясы құйма алтындай салмақты. Оны асырап баққан   ақша да емес, алтын да емес – елінің махаббаты,  елінің сенімі болатын. Ол Мұң әлемінде жүрді. Ол мұңмен алысты, әрине, оның өз қара басындағы мұңы да жетерлік еді... Бірақ ол дәл өз мұңын күйттеген жоқ. Оның мұңы  Елі еді. Шындықты сүйген жүрегі қай ортада да қақыратып шын сөйлететін. Жағымпаздардың жанын  алатындай рухы бар еді. Кейде біздің жұрт: «қыз да болса, ер азаматтың жүгін көтеріп жүр» деп жатады. Жоқ! Олай демеңдер, ағайын! Қыз баласы ықылым заманнан ер адамдар  көтере алмайтын жүкіті көтеріп келе жатыр. Әр ер азаматтың даналығының, мінездегі  қайсарлығының, батырлығының, тіптім, тектілігінің қайнар көзі – Ана. Ананың ақ сүтімен дарыған қасиет, ананың шексіз тілегі,  баласына деген сенімі ақ жолдан тайдырмайтын – код. Ұлы Мұхтар Әуезов тегіннен-тегін Қарқаралыға әкесімен бірге жолға шығып бара жатқан Абайға: «Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек? Кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа  кім табылмайды дейсің, жанашырдан айырылма!»деуі – баласына дос табуда да, дұшпан табуда да көрсеткен даналық жолы емес пе?!

Анада қасиет болмаса, жүз жерден әкесі жақсы болса да, бала піспейді, жетілмейді, кісілігі кемелденбейді.  Фариза қалың жұрттың тәрбиешісі, ақылшысы болды. Фаризаның кейде ағынды, кейде мұңды, кейде шырын сезімді жырлары саналыға нұр, махаббатқа нәр, тоқыраған жандарға рух беретін.

         Өмірге келген сәбиді тал бесік қана тербетпейді,  тағдырына ақындықты о баста жазған Құдірет Ие Фаризаны рухы асқақ, өрлігі ерен, достығы өнеге Исатай мен Махамбеттің жерінде  өмірге әкеліп,  батырлардың  оқиғасын есітіп, дала шерін жырлап өткен, Шалкиіз, Қазтуған, Мұрат, Ақтамберді ақындардың  жырымен сусындаған елдің  адамдары ақын жүрегін тербетті. Жер-ананың тарихи жады, санасы тербетті. Міне, ақын жаны, генетикалық жады қайдан нәр алды дегенге – жауап осы. 

Тағы бір Фариза апайдың діліндегі тұғыр, ол – оның ата-бабасының  қасиетінде болса керек. Фариза апайдың шыққан тегі –  Адай, оның ішінде Құдайке руы. Ел арасында: «Көктен түскен Құран әуелі  қара қалпақтар мен Құдайке балаларының қолына түсіпті» деген аңыз бар. Аңыз да айтыла салатын жел сөз емес. Сол Құдайке ұрпақтарының  шариғат жолын ұстап, мұсылмандық парыздарын  адал атқарғандықтарын көрген жұрт  бұл аңыздың да иесі.  Кеңестік заман кер тартып, үш тұғыр:  діннен де, ділден де, тілден де жұрдай етіп, рухты аш, тәнді жалаңаш еткенде, сол тұғырын сақтауға  жанын берген  нағыз азаматтардың ішінде, ішінде емес-ау, басында тұрған  Азамат, Ел қызы – Фариза Оңғарсынқызы болатын. Жүрегі иман нұрымен нұрланған Фариза апай өз үйінде өмірінің соңына дейін құдіретті Құран аяттарын оқыды. Оның  жұмыс үстелінде  жасыл кітап «Мұсылман қорғаны» тұратын еді.

         ДІЛ.  Діл деген – болмыс, ұлттық  қалып, ғасыр-шебер  бойға жинап берген салт-дәстүр емес пе!? Әбіш Кекілбай ағамыз  Фариза апайдың бір қызықты қылығын  айтып берген еді. Германиядан неміс ақыны арнайы Алматыға келіп, Фариза ақынның өлеңін неміс тіліне аударуға ниет етеді. Әбіш аға ол кісіні Фариза апайдың үйіне алып келеді. Әбіш аға бар, тағы да қастарында бірер адам болса керек. Неміс ақынына барынша Фариза апайдың өмірі туралы, кейбір өлеңдеріннің  мағынасын ауызша  айтып, ол ақын таңданысын білдіріп, шай ішіп отырады. Бір кезде ұлттық ас ет дастарқанға келеді, бір табаққа жеке  қойдың басын салып, неміс ақынының алдына тартады.  Неміс ақыны абдырап, не істерін білмей қалады. Оған бұл қазақтың дәстүрі екенін, ең сыйлы қонаққа басты тартатынын айтып түсіндіреді.  Неміс ақыны басын шайқап күліп жібереді.

 Сонда Фариза апай қатты ашуланып, бұл барып тұрған әдепсіздік екенін айтып, дастарқаннан тұрып кетеді де, қайтып бөлмесінен шықпай қояды.  «Елімнің дәстүрін  сыйламаған адам менің өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын» дейді. Бұл әрекетінен ақынның өз мансабын емес, халқының  дәстүрін биік  санағаны көрінбей ме? Бұл да қанмен келген, ана сүтімен бойға дарыған қасиет болса керек. Ханға да қаһарын төге алатын  Махамбеттің өршіл рухы Фариза ақынның жанына да, қаламына нұр  сыйлағандай. Оның поэзиясынан аттың дүбірі,  ұлан байтақ жердің  тынысы, алмас-қылыштың  жарқылы көрінетіні де содан болса керек. Әр уақыттың дертін жазуға рух емшісін, шипагерін Алла өзі жіберіп отыратындай ғой. Фариза ғұмыр кешкен екі заманның да  кеселді тұсы аз болған жоқ.  Кеңестік цензура, шаш ал десе, бас алатын жандайшаптар, ақындық талантына іші күйген қорқаулар қаншама рет оның  жұдырықтай жүрегіне қанжар салып қанатты десеңізші. 

Тәуелсіздік  үшін  шын қуанып, шын бақытты жан болған Фариза апай болатын. Ескі тондарын тастай алмай, Кеңестік дәурендерін аңсайтын  жандармен өш еді. Екіжүзділік, жарамсақтанып, биліктің  көлеңкесінде жүріп, кеуде кергендерді  жыр семсерімен осып-осып жіберетін.

                   Мансапты мен малдының,

                   Әкім менен әлдінің,

                   Жарамсақ пен жансыздың,

                   Арамза мен арсыздың

Бар заманда құлқы бір:

Жағасы ақ та, ұрты кір...

Өмірі мен өлеңі  бірдей ақын  көп емес... Фариза өмірін өлеңінен бөліп алу мүмкін емес. «Аспаннан қара Жерге Ай құласын, әйтеуір анық менің айнымасым»  деп, өзіне  адамдық ұстаным қоя  білген Фариза ақынның болмысы ешкімге ұқсамайтыны да сондықтан.

Өлең деген құдіретке деген махаббатын қараңызышы:

                   Дара күндерімнің,

                   нала түндерімнің,

серігі болғаның үшін,

сенімі болғаның үшін,

Өлең,

Мен сені аялаймын.

Аялайтының өз халқың, өз өлеңің, әз-Фариза!  Халқының ардақтыларын ардақтаған да Фариза ақын болатын.

 Кеңес заманының  іргесін ыдыратқан «Желтоқсан оқиғасы»  ақынның тағдырына  бұлт үйірген, ақынның ғана емес, Елім деген Ерлердің тағыдырын талқан еткен, жас боздақтар қанын төккен қилы заман болды. Сондай асыл ер, мемлекет қайраткері Асанбай Асқар аға жазықсыз  айыпталып, Бішкектің түрмесіне қамалғанда  арашашы болған кім еді? Ағасына хат жазып, қарлығаш тілегін жеткізген Фариза Оңғарсынқызы болатын. «Түрмеге хат» деген өлеңін жазды:

... Хат жаздым бүгін Сізге – шыдамадым,
шетінде тұрғандаймын құламаның.
Бұл хатым – жүрек сөзі қазақтағы
қарындас атаулының, мың ананың.
 

.... Кетпеді, даламызды зар мекендеп,
шарасыз жігіттер жүр, жанда – кермек:
«Маңдайға Асекеңді сыйғызбаған
қазақтай сормаңдай ел бар ма екен», - деп.

... Жұмақ бар жер бетінде, тамұқ та бар,
қоршайды қоғам деген алып қамал.
Шара жоқ қарындаста, кептер-жырым
көңілімді Сізге деген алып барар…

Қанды көйлек киген, қызыл тулы қызыл жендеттер басқарған заманда мұндай сөзді Фариза ақын ғана айта алды!

         Жаны – арының,  ары – малының садағасы болған Фариза апайым, енді біраз күннен кейін, дәл бір айдан кейін жарық дүниемен қоштасып, көз жұмғаныңа он жыл болады.

Жаным апайым,  кезінде досың да, дұшпаның да болған шығар, жалғыздықтың да мұңды шерін талай рет басыңнан өткізген де шығарсың, талай рет жазықсыз жастар жаладан жапа шеккенде, қолыңнан келер дәрмен болмағанда,  ешкімге көрсетпей еңіреп тұрып жылаған да шығарсың...

Қазір... тыншсың ба? Бауыр-жүрекпен жаныңның тыныш болғанын қалаймын. Бірақ мынау ел ішіндегі  жиіркенішті қылықтардың, тоқтамаға келмеген, құлқыны тоймаған пенделерге  тоқтау айтар Фариза жоқ.  Сені жоқтаймыз, Фариза! Фариза ақын! Фариза Ана! 

Табиғат кейде қайта-қайта тосын сый жасайды... Азынаған жел, дауылды боран соғады. Сонда ойлаймын бұл көктен көріп тұрған – Фариза ғой деп...

Гүлтас Сайынқызы

24.12.2023

Байланысты жаналықтар

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024

Есенғали Раушановтың өлеңдері

22.08.2024

Жәркен Бөдешұлының жырлары

22.08.2024

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024
MalimBlocks
Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Есенғали Раушановтың өлеңдері

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 2021 жылы 16 сәуірде өмірден өтті. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Жәркен Бөдешұлының жырлары

Ақын Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Жармұхаммед. 2021 жылдын 22 cәуірінде өмірден озды. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Еліміздегі көптеген баспаларда, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. «Емендер түнде бүрлейді», «Жұлдызға орын ай бермес», «Бұрылыс», «Құбылыс», «Жұлдызтас» секілді ондаған кітаптың авторы.

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Белгілі ақын Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы қараша айының 20 жұлдызында Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Үрімжіде қайтыс болды. Ол поэзияға жаңа леп әкелген тұлғаның бірі. Ақынның шығармалары 1960 жылдардың басында «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сол кездегі әдеби қауым таңғалысқан деседі. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі бар. Бүгін оқырман назарына 1993 жылы бұрынғы бағытынан да басқа мәнерде жазылған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.