Құқықтық әліппені мектеп қабырғасынан үйреткен дұрыс

Айжан Кесебаева – халықпен етене жұмыс істеп, құқықтық көмекке мұқтаж жандарға тегін заңгерлік кеңесін беріп жүрген белсенді заңгерлердің бірі. Заңгер, медиатор, «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент филиалының басшысы қызметін атқарып отырған Айжан Өмірзаққызы халық жиі бетпе-бет келетін, үнемі көмек күтетін сұрақтарға әлеуметтік желілер арқылы жауап беріп, бағыт-бағдар беруді дәстүрге айналдырған.

  • 23.10.2023

Тұтынушыларға тегін заңгерлік көмек беріп келе жатқан заңгерден аймақ халқының құқықтық сауаттылығын көтеру бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы сұраған едік.

Айжан Өмірзаққызы, өңір халқының құқықтық сауаттылығы қандай? Азаматтар қандай сұрақтар бойынша заңгерлер көмегіне жиі жүгінеді?

– Бүгінгі халықтың құқықтық мәдениетін бұқрынғы кездермен салыстыру мүмкін емес. Шын мәнінде халықтың құқықтық сауаты өскен, соған орай азаматтық қоғамның белсенділігі де жоғарылап келеді. Сонымен бірге, заң, құқықтық сауатты арттыратын дәріс, курстарға жазылып, өзінің білім-білігін көтеріп жүрген жастар санының артқаны қуантады. Алайда, заңдағы нақтылықтың жоқтығын, азаматтардың тез сенгіштігін пайдаланған алаяқтар да құры жатқан жоқ. Қылмыскерлер жасанды интеллект, жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып интернет алаяқтық секілді құқық бұзушылықтарды түрлендіруде. Алаяқтардың адам ойына кіріп шықпайтын амал-айлаларды ойлап табатынына еріксіз таңғаласыз. Олардың мұндай қадамын заңды жетік білетіндер болмаса, қатардағы адамдар біліп, байқай алмауы мүмкін. Сол себепті халықтың құқықтық сауатын көтерумен тікелей айналысуы тиіс мемлекеттік құрылым қызметкерлері өзіне жүктелген істерге жауаптылықпен қарап, азаматтарды қылмыстан сақтандыру, заңдағы жаңашылдықтар мен артықшылықтарды түсіндіру бойынша жұмыстарын тоқтапауы керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мұндай ауқымды, сауапты іс-шаралардан заңгерлер де шет қалмағаны жөн. Заң саласында жүрген әріптестерім өз мамандықтарына бизнес, табыс көзі деп қарамай, елге риясыз қызмет етудің, есепсіз көмек берудің мүмкіндігі ретінде қараса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ қоғамын құқықтық сауатты ету миссиясы қазақтілді заңгерлерге жүктелген. Осыны ұмытпауымыз керек және дәл осы бағытта көп жұмыс жүргізуіміз керек. Өкініше орай, қазақ тілді әріптестерімнің басым көпшілігі, әсіресе жас буын арест шешу, графикке қою деген қызметтерден ары аса алмай жүр.

– Мемлекетте ана мен баланың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Соған қарамастан соңғы уақытта балалар құқығын бұзатын теріс әрекеттер мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық неге жиілеп кетті?

– Мұндай жағдайдың қалыптасуына ата-ана өзіміз кінәліміз деп ойлаймын. Қазір балаларға ақпараттық әсер ету өте жоғары деңгейде. Ұялы телефон, интернет, әлеуметтік желі барынша қолжетімді. Балалар ата-анасының ақылынан гөрі, ирнеттегі «ақылды» көбірек тыңдайды. Оның бәрі енді қалыптасып келе жатқан жасөспірімдердің психикасына әсер етпей қоймайды. Ата-ана ретінде осыларға шектеу қоймаймыз, балаларға еркіндікті беріп қойдық. Сосын баланың сөзін сөйлейтін ата-аналар көбейді. Бала өзінің шектен шыққан әрекетінің заңды салдары бар екенін түсінетін жаста емес. Оны түсіндіретін біздер, ата-ана. «Мен кәмелетке толмағанмын, маған жаза жоқ» деп ойлайды көбінесе балалар. Кәмелетке толмаған баланың жасаған құқыққа қайшы әрекеті үшін ата-анасы жауапты екенін түсіндіруіміз, түйсіндіруіміз керек.

– Теріс әрекет жасаған баласын түзу жолға салу үшін көмек сұрайтын, жол көрсетуді өтінетін ата-аналар бар ма?

– Осыдан бір жыл бұрын маған бір ата-ана келді. Қаладағы жеке мектептердің бірінде 10 сынып оқитын ұлын «гей» деп мектеп оқушылары оқитын әлеуметтік желі парақшасына шығарған. Бұл – кибербуллинг. Мектеп басшылығы да, құқыққорғау органдары да осы мәселені көріп, біле тұра әрекетсіздік танытқан. Біз прокуратураға шағым келтіріп, жоғарыдағы мәселені көтерген соң ғана, құзырлы орындар қимылдай бастады. Тексеру барысында сыныптасына зәбір көрсеткен 8-сыныптың 2 қызы екендігі анықталды. Соған орай бойжеткен қыздарының тәрбиесіне көңіл бөлмеген, айналасындағы адамдарға құрметпен қарауды үйретпеген ата-анасының жауапкершілігі құзырлы органдар тарапынан қаралды. Балалар көп жағдайда мұндай қадамды қызық үшін, прикол үшін жасадым деп ойлауы мүмкін. Бірақ ойнап істеген әрекеттері үшін ата-анасы жауапқа тартылғанда ғана олар өздерінің қателік жасағанын түсінді, заңның оларға да қолданылатынын білді. Сондықтан мектеп оқушыларына 7-8 сыныптан бастап құқықтық сабақтар, дәрістер көптеп өткізілуі тиіс. Ондай шараларды педагогтар ғана емес, тәжірибелі заңгерлер жүргізсе нәтижеліболар ма еді деп ойлаймын.

– Отбасылық мәселелерге қатысты көмек сұрайтындар көп пе?

– Дәл осы мәселе бойынша хабарласып, кеңес алатындар өте көп. Әсіресе алимент өндіру мәселесі, ажырасу, баланың тұрғылықты мекен-жайын анықтау, отбасылық зорлық-зомбылық т.б. тақырыптар өзекті болып барады. Айналып келгенде осы мәселелердің барлығы сол құқықтық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Қарапайым құқықты білмегеннің салдарынан жапа шегіп жатқан жандар аймақтарда аз емес. Мысалы, жақында кеңсемізге көмек сұрап бір әйел келді. Қайнағасы мен абысыны балалы болмаған соң, үлкендердің қолқалауымен туған қызын сол кісілерге асырауға берген. Сот шешімімен бала асырап алынған. Қазіргі таңда сол абысыны мен қайнағасы ажырасқалы жатыр, ажырасып кетсе бала абысынымда кетеді, баланы көрмей қаламын дейді келіншек. Себебі бүлдіршінді басқа адамдар сот тәртібімен асырап алған жағдайда биологиялық ата-анасының құқығы толық тоқтайды. “Баланы көрмей қаламын” деген себепті асырап алудың күшін жоюды сотта талап ете алмаймыз, заңда ондай талап жоқ. Міне осы секілді қарапайым құқықтан бейхабар болған азаматтар сан соғып қалып жатады. Сол сияқты ажырасқан азаматтардың ортақ мүлікті бөлу, балаға алимент тағайындау, баланың кіммен қалатынын анықтау, баламен кездесу уақытын белгілеу секілді мәселелермен жиі жүгінетінін айта кетуіміз керек. Осының бәрі құқықтық сауаттың төмендігінен емес, отбасылық құндылықтардың тыс әлсіреп кеткенін көрсетеді. Сондықтан, құқықтық сауаттың қарапайым әліппесін үйрететін телехабарлар санын көбейтіп, ақпарат құралдарында заң нормаларын түсіндіретін материалдарға көбірек орын берген дұрыс.