Шәкәрім шаңырағын не күтіп тұр?!

Абай арманын ақиқатқа айналдырам дегеніне «Батыраштар» мұрша бермеді

Malim Админ

  • 29.05.2023

Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің 9 жыл тізесі айырылмаған қаламдас ағасы Бейімбет Майлин жазықсыз тұтқындалғанда «Би-ағаң жау болса, мен де жаумын» деген екен. Мен де ф.ғ.д., профессор, Шәкәрім университетінің ректоры Б.А. Ердембеков лауазымынан негізсіз босатылып, ұжымға бұйрықты министрліктің өкілі емес, өз жаназасын өзі шығарған дала данасы Мәшһүр Жүсіптей өзі таныстырғанда Ғабеңнің бұл сөзін тілге тиек етіп, «Ердембеков жау болса, мен де жаумын» дедім. Сөздің өтірік-шындығына сол залда болғандардың барлығы куә.

Менің Бауыржан Аманкелдіұлымен таныстығым 2009 жылдың мамырынан басталды. Ол кезде мен Семей мемлекеттік педагогикалық институтының 1 курс студентімін, ол су жаңа ғылым докторы, жасы жаңа отыздан асқан.

Екеуміз Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы бастаған зиялы қауыммен кездесу сәтінде таныстық... Содан бастап Ұстаз бен шәкірт, басшы мен қосшы, аға мен іні өмір ағымында бірге жүзіп келе жатырмыз... 

Кезінде әйгілі ақын Кердері Әбубәкір:

«Ұстаздан ғылым алмаса,

Айдар малы болмаса –

Не жақсының бастары

Есікте бар да, төрде жоқ»,- деген еді. 

Ақын айтқандай, Бауыржан Аманкелдіұлы Арап Еспенбетовтей ұлағатты ұстазынан ғылым ғана алған жоқ, тайм-менеджменттің таразысы – уақытты меңгерді: 24 жасында кандидаттық, 33 жасында докторлық диссертациясын қорғады.

Әріп ақын шығармашылығы, Абайдың әдеби ортасы, «Біржан - Сара айтысы» хақындағы ғылыми және публикациялық еңбектеріндегі соны тұжырымдары – сананың тәуелсіз жолындағы салиқалы еңбектері.

         Педагогтар династиясының өкілі дәрісханада тек сабақ қана бермеді, шәкіртінің бойына білім нәрін құйып, ой санасының өсуіне ықпал етті. Санасында сәулесі бар Алтай мен Атыраудың арасындағы қаймана қазақтың балаларын бауырына басып, табиғатына сай талантын шыңдады.

Баян-Өлгейлік талантты ақын Жандос Аманжолұлының «Тасқа бүрлеген тағдыр» атты жыр жинағына алғы сөз жазып, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ «Берел» баспасынан шығарып беруі – жас ақын шығармашылығына деген қандай қамқорлық!?

Магистранты Қызырбек Дүргінбайұлына «Моңғолиядағы қазақ ақын жазушылары» атты ғылыми тақырып беріп, бірлесіп Моңғолия қазақ ақын жазушыларының антологиясын құрастырып, жариялауы – ғалымдық һәм ағалық даралығы.

Алаштың бірегей ақыны Сұраған Рахметұлы айтқан екен: «Аямасаң алтын сасып кетеді»,- деп. Алтынғадыс Күнтуғанұлындай асыл сөздің рудасын Өлгейден өзі барып тауып, оқуға түсірді. Ұстазының ақ адал пейіліне риза болған жас шәкірті:

«Нар Қазақтың маңдайына өткізбе»,- деп тағдыр сыз,

Артта қалған жолдарыма қарай берем жаңбырлы із.

Дүбірлетіп тарихтың сан сыры бар кеудесін,

Тұлпарлардың тұяғынан көкке ұшқан алтынбыз.

Сақ пен Ғұнның сауытынан қара күнде сөгіліп,

Бар әлемге шашыраған, біз алтынбыз тегі құт.

Орхондағы балбалдардың жүрегінен бүр жарып,

Келдім аға, езуімнен Күлтегіннің күрең жыры төгіліп.

Бабаларым қаны сіңген топырақты сүйіп тұрып далада,

«Алтындарды жинау керек!!!»- деді біреу санама.

Мен сеземін әр қазақты алтыныңдай көресің,

Айналайын жүрегіңнен аспан сияр, Бөрі-аға»,- деп жыр арнаған-ды кезінде.

Қазіргі қазақ поэзиясындағы арнау өлеңнің тарланы – Жүрсін Ерман болса, арланы атанған Қастербек Сайлауғазыұлы деген талантты жас ақын бар. Ол ұл боп туған анасының бауырында да, шәкірт боп ұстазы Бауыржанның жанында 10 жыл жүрді. Анасы жоқта ағасынан көп дем көрді. Тіпті, бір кездері анасыз өмірдің түрлі соқпағынан баз кешіп жүргенінде аға мейірімі қорған болған-ды.

«Шәкірт үшін сөзің серт, алтын басың

Тіліңде Абай, көзіңде от, нарқыңда асыл

Қомында Берікхандай қолқасы бар

Жолында жүк қалмайтын Нар тұлғасың!

Қашанда қаракөк қой текті деген

Бақыт болса ел үшін деп тілеген.

Шәкіртіңмін шашасы шаң көрмеген

Ұстаз барда қалпағы көк тіреген»,- деп асқақтай айтуы да сондықтан.

«Қомында Берікхандай қолқасы бар» деген Қастербек ақынның бірауыз сөзі Ұстаз өміріндегі образымды толық ашып тұр. 11 мамырдан бері БАҚ пен әлеуметтік желіде оны халықтың қызғыштай қорғауы оның жақсы ҰСТАЗ ғана емес, Адам деген атты арқалай алғандығында.

Мансап емес елдіктің жолын қуған,

«Басшы шығар деуші еді ел!» толымды ұлдан.

Асқаралы талпынтып асқарларға,

Адалдыққа Ақ Ертіс шомылдырған.

Иә, қарапайым Асқаралыдай 9 жылдық шағын жинақты мектептің түлегі 1992-1996 жылдар аралығында «Семей» мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын (бакалавр) үздік тәмамдап, аспирантурада оқуын жалғастырады. Кейіннен өзі оқыған жоғары оқу орнында аға оқытушы ретінде қызмет жолын бастайды. М.Әуезов атындағы Семей университетінде декан, проректор (2001-2011), Семей мемлекеттік педагогикалық институтында декан, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі (2011-2012), С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры (2012-2017), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің (2017-2021) және Шәкәрім университетінің (2021-2023) ректоры қызметтерін атқарған. Оның ғылым мен білім саласының көшбасшысына айналуы бүгінгі жүйеде ұстазы Қ.Шаяхметұлы айтқандай «нестандартный» құбылыс.

Оқушыдан бастап профессорлыққа дейін ізденіс жолы мен вертикальді-горизонтальді еңбек жолында ол бүгінгі білім беру жүйесінің проблемаларын көрімен көріп, жан дүниесімен түйсінді. Сол үшін өзі басқарған ЖОО қарапайым халық мүддесі көзделген батыл реформалар жасады.

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-де қызмет атқарған жылдары 2012-2013 жылдары елдегі демографиялық жағдайға байланысты талапкерлер санының рецессиясы мен университет қаржы дағдарысы екі алқымнан алып ПОҚ пен қызметкерлері бірнеше ай еңбекақыны уақытылы ала алмайтын кездер болды. Сондай уақытта университетте үлкен оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп, тұрақты даму жолына салған-ды. Бұл бастама алдында байыз таппаған әріптесіне «40 адамның өкпесін аламыз, 400 адамды тұрақты еңбекақымен қамтамасыз етеміз» деген-ді. Бұл – бір.

Екінші, Ақтөбедегі Жұбанов атындағы университетте ірі-ірі жобаларды жүзеге асырды. 1 млрд теңгеге 500 орындық жатақхана, 250 млн теңгеге технопарк салынды, университет инфрақұрылымның 90 пайызы жаңартылды. Тарихи тұлғаларды насихаттайтын «Ақтөбе ақтаңгерлері», университетке инвесторлар тартатын «Zhubanov-қа жомарттық», кампустың экожүйесін жақсарту арналған «Жасыл желекті Zhubanov», жат елдегі қарагөзді қарашаңыраққа шақыруға арналған «Атақоныс Ақтөбе», «Zhubanov-тың көзімен...» экспедициясы, «Ақтөбе – ақбөкендер мекені», «Жәдігер жерде қалмасын», т.б. жобалар жүзеге асты. Сөзім өтірік десеңіз ақиқатын Жұбановшылар айтсын.

Үшінші, Шәкәрім университетіне министрі А.Аймағамбетовтің тапсырмасымен келді. Бір жылдың 5 айында 5 ректор ауысқан соң... Келбетінің келісті ауысқанын, жаңару, жаңғыру қаншалықты болғанын осынған дейін көз көргендер көп жазды, әділ бағасы беріп жазды, қайталап жатуымның қажеті шамалы...  

*      *      *

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ проректоры лауазымнан Жұбанов университетіне ректор боп тағайындалғанда:

«Арайланып атар талай таң күліп,

Жүректерде үміт отын жандырып.

Ақтөбеге аттың басын бұрдыңыз,

Асқаралы Алтайыңды қалдырып.

Көкпар өмір көк серкесін қолға алып.

Барар бағыт, ұстар тізгін болды анық,

Көкжал аға жолың болсын жортқанда,

Жар боп Алла, жолыңызды оңғарып»,- деп тілесті құзар шыңның мұзбалақтары.

Қарт Семей қайта ораларда Құтты мекендіктердің ықласы тіптен ерекше болды. Жасы бар, қарты бар, данасы бар, дарасы бар

«...Таласып ақ сүт ембей-ақ

Бір үйден өсіп өнбей-ақ

Жанашыр болып кеттік-ау

Бауырым болсын сендей-ақ

Менің ағам керемет

Бұдан артық не керек

Қамқоршымыз болып жүр

Нұрын себелеп...»,- деп әуелеген әнмен, қимас көңілмен алғыс арқалатып еліне шығарып салған-ды.

Ал Абайға деген алып махаббатынан ба, абайтанушы болғаннан ба ақыры айналып келіп, ауылында Шәкәрім тағдырын кешті... Абай арманын ақиқатқа айналдырам дегеніне «Батыраштар» мұрша бермеді. Дос боп алдады, дұспан боп арбады... Ақыры дегеніне жетті. Шіркін-ай, шіркін, «қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (Абай) дерсің амалсыздан...

Өз қолымда болғанмен тізгін ерік

Қысты болжай алмаспын күзді көріп

Ой түзедім Абайдың сөздерімен,

Бой түзедім, ал Аға сізді көріп.

Бірі емес көк атты көлденеңнің,

Күйін шерткен Ер едің шермен елдің,- дегендей бұл дауылда да Сіздің сағыңыз сынбас, бірақ, шайқалып, шарасыздықтан шырылдап қалған Шәкәрім шаңырағын тағы қандай тағдыр күтіп тұр екен?

Берікхан Иісбекұлы 

Байланысты жаналықтар

Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

24.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

23.03.2024

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

22.03.2024

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

22.03.2024

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

22.03.2024

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы

22.03.2024
MalimBlocks
Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы