Сөз зергерінің мерейтойы кең көлемде өтеді

Биыл – көрнекті сөз зергері, драматург, публицист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл. Қазір жер жерде қаламгерді еске алу шаралары өткізіліп жатыр. Жуырда жазушы туған Алтай жерінде, Өскемен қаласында тұлғаның 80 жылдығына орай республикалық конференция өтті. Оралхан Бөкей шығармашылығын саралауға арналған жиында Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе,Түркістан, Павлодар облыстары және Астана қаласынан келген зиялы қауым бас қосты. Оралхан Бөкеймен бір топырақта туған жазушы Әлібек Асқар сөз зергерінің шығармашылық мұрасын насихаттаумен көптен бері айналысып келеді. Әдеби мәжілісті бастаған қаламгер «Алтайдың кербұғысы» жайында ерекше сыр шертті. Оның айтуынша, оқырманы қисапсыз қаламгерлердің алдыңғы легінде Оралхан тұр. Ә.Асқар сөз зергерінің ерекшелігі жайында да тебірене толғады. Ол – көркем әдебиет пен көсемсөзді жымдастыра жазған үлкен жазушы. Мысал ретінде салыстырмала түрде даңқты жазушы Эрнест Хемингуэйді сөзіне арқау етті. «Оралханға ұқсатып жазу оңай емес. Оған еліктейтіндер өте көп. Өйткені, Оралханның жазу қолтаңбасы тым өзгеше», - деп толғанды ол. Белгілі қаламгер, Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбай аймақта Оралхан мұрасын дәріптеу үшін еселі еңбек сіңіруде. Ақын жерлесі жайлы кезінде «Құйрықты жұлдыз аққан түн» атты толғау-элегия жазған-ды. «Оралхан бізден екі сыныптай жоғары оқыды. Өзі де бір сөзінде «мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса жетуге тиісті» деп жазған еді. Ақыры арманына жетті. Асқар Алтайды адамзатқа танытамын дейтін» деп еске алды. Жазушы мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі. Очерк жанрын жаңғырту мақсатында «Неткен ғажап дүние!» атты 2-әдеби конкурс ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қабырғасында «Мұзтау» әдеби клубының негізі қаланды.