457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Тәттімбеттің мерейтойына бағышталған концертте не түйдік?

IMAGE: ©Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік бірлестігі

Жуырда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік бірлестігінде белгілі күйші, зерттеуші Қайрат Айтбаевтың «Сарыжайлау» атты поэтикалық жеке шығармашылық концерті өтті.

Ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына арналған күй кеші көрерменін серпілтіп, құдіретті күй өнерінің тылсым сырларына сүңгітті. Қайрат Айтбаев – Арқа күйлерін, оның ішінде Тәттімбет мұрасын орындап қана қоймай, зерттеп, нотаға түсіріп жүрген дәулескер күйші. Қазақ күйінің шыңырауын қос ішекте бебеулеткен Таласбек Әсемқұлов пен бүгінгі шертпе күйдің саңлағы, Өнер университетінің оқытушысы, профессор Жанғали Жүзбайдың шәкірті. Тәттімбет конкурсының жеңімпазы.

Күй кешінде Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Көкейкесті», «Сылқылдақ», «Қырмызы қосбасар», «Бозайғыр», «Бестөре», Сүгірдің «Шалқыма», Мағауия Хамзиннің «Шопан», Сембек Айдосұлының «Наз қосбасар», Әшім Дүңшіұлының «Кеңес», Әбікен Хасеннің «Қоңыр», Байжігіттің «Ерке атан», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлері орындалды. Ал әйгілі Кетбұға жыраудың «Ақсақ құлан» күйін Айтолқын Тоқтаған шертіп, көрерменді ықылым заманға жетеледі.

Күй – құлақпен емес, жүрекпен тыңдайтын қасиетті өнер. Жүрегіңді ашпасаң, күй еміренбейді. Күй еміренбесе, көңіл толқып, көкірек нұрланбасын анық. Мұндай сәтте қос ішектен шыққан дыбыс тасқа шашқан судай шашырайды. Тыңдарман әр күйді жүрекпен тыңдады. Әр күй сайын ықыластана шапалақ соғып, күйшілерге зор құрмет көрсетті. Энергия. Күйдің, әннің, жырдың, өлеңнің энергиясы.

«Қазақконцерттің» камералық залы күймен тербеліп, ән-жырмен қанаттанып, өлеңмен ой толқынына ілесті. Күймен бірге шертілген, күймен бірге алағызған тыңдарманға куә болдық. Мұндай кештер жиі өтсе әрі ұлттық музыканың бағасы өлшеусіз өнер екенін бағамдайтын халық көп болса деп отырдық. Домбыра күйін радиодан, интернеттен, телеарналардан, түрлі платформалардан тыңдаған бөлек те, қасында отырып ет құлақпен, жұмыр жүрекпен тыңдаған бір бөлек. Көкірегіңдегі көгала үйрек күй болып пыр-пырлап ұшып кететіндей әсерге бөлейді.

Күнсұлу Түрікпеннің жыры, Венара Табыстың жетігенде ойнаған «Ана махаббаты», Сержан Мұсайын шырқаған Кенжебек Күмісбековтың «Қарқаралысы», Айдос Саниязбекұлы асқақтатқан Жаяу Мұсаның «Көгаршыны» кештің алапасын асырды. Ал ақын Төлеген Меллат пен Тілеубек Батыстың оқыған өлеңдері күй иірімінде жүзген көңіл толқынын сөзбен тербеді.

Кешті белгілі ақын Ұмтыл Зарыққан тамаша жүргізді. Төгіліп сөйледі. Жүректен шыққан, сценарийсіз айтылған ойлар мен күй мен өнер туралы байламдары зерделі жанның алғаусыз пікірі екені байқалды. Күймен ауырған, күймен емделген, күймен өмір сүретін ақын екенін бұрыннан білетінбіз, бұл жолы күй туралы зерттеп қана қоймай, жай күндері де күймен күбірлесіп жүретінін байқадық. Ұмтылған телеарнадан күй туралы бағдарлама ашып берсе де болғандай екен. Бұрын сондай хабарлар болушы еді. Қазір телеарнаның ешбірінде ондай бағдарлама жоқ. Телеарна басшылары бұл олқылықтың орнын толтырар деген ойдамыз.


«Биыл туғанына 210 жыл толып отырған Тәттімбет Қазанғапұлының күй мұрасы тұтас халықтың рухани келбетіне айналды. Әлемде бұндай күйші, бұндай музыкант, бұндай уақытынан озып туған қайраткер кемде кем екені тағы рас. Тәттекеңнің күйлері тыңдарманның арын, ұятын, иманын сынайды. Сұлулыққа, ізгілікке деген махаббатын безбендейді.», –


деді Ұмтыл Заррыққан «Сарыжайлау» күйіне кезек берер сәтте.

Мұндай сүбелі пайымдар әр күй сайын айтылды. Ақынның алғаусыз пікірлеріне есті жұрт бас изеп отырды. Кеш соңында түркі әлеміне танымал тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов әдемі лебіз білдіріп, жуырда Тәттімбет Қазанғапұлының ескерткіші Түркияда қойылғанын, концерттің Тәттімбеттің 210 жылдығына арналғанының маңызды екенін айтып, кеш иесін құттықтады.

Айтпақшы, «философ күйші» (А. Сейдімбек) Тәттекеңнің Қазақстанда бірде-бір ескерткіші жоқ дейді... Бұл концерт бейнетаспаға жазылды ма, жазылмады ма, білмеймін, негізі этномузыкаға арналған кез келген мағыналы концертті таспалап отыру керек. Кешке келген зиялық қауым өкілдері осындай оймен қайтты.