«Ұлттық аспап – ұлт мәдениетінің мәйегі»

Мұражайда еліміздің әр өңіріне тән домбыралардың барлық түрінің түпнұсқасы сақталған

Malim Админ

  • 14.02.2024

Павлодар қаласында «Шаңырақ» облыстық орталығы мен «Jebe» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық аспап – ұлт мәдениетінің мәйегі» атты көшпелі көрме ашылды. Көрмеге Ақмола облысы, Қосшы қаласының мәдениет үйіне қарасты Ұлттық аспаптар музейінің қорында сақталған көне аспаптар қойылды.

Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова және павлодарлық зиялы қауым өкілдері мен өнер иелері қатысты. Көрмемен Қосшы қаласы мәдениет үйінің директоры Баянды Сахария таныстырды.

«Мұражайдың қорында 1600-ден астам аспап бар. Ертіс-Баян өңірінен бастау алған алғашқы көшпелі көрмеге, тасып жүру мүмкін болған аспаптарды ғана алып келдік. Біздің мұражай жоғалып кеткен, атын ғана естіп, затын көрмеген аспаптарды, этнограф ғалымдардың еңбектерін оқып, зерттеп, қалпына келтірумен айналысады. Біздің ұжым сол аспаптарды бүгінгі күнге бейімдеп, халыққа ұсынып келеді», - деді Баянды мырза.

Біздің аңғарғанымыз, мұражай қызметкерлері – бесаспап. Олар әрі аспапты жасаушы шебер, әрі орындаушы. Мамандар аспаптарды өздерінің шағын шеберханасында жасайды. Шеберханада күніне 100-150 аспап «дүниеге келеді».

Мұражайда еліміздің әр өңіріне тән домбыралардың барлық түрінің түпнұсқасы сақталған. Және де, қорда академик Қаныш Сәтбаев ұстаған домбыраның көшірмесі бар. Аспапты мұражай шеберлері жасап шыққан екен. Бұл домбыра академик туралы фильмде пайдаланылған.

Көшпелі көрмеге, домбырадан бөлек, сыбызғының, қобыздың ондаған түрі қойылған. Көрмедегі ең көне жәдігерлердің бірі – 223 жыл бұрын жасалған домбыра. Оның бет тақтайы 1960 жылдары ауыстырылған екен. Сондай-ақ, Қазақстанның халық күйшісі Кәлек Құмақайұлы ұстаған сыбызғы да ерекше жәдігерлердің бірі. Бұл аспап қайта жөнделмеген, бүгінгі күнге қалай жетті, сол күйінде сақталып келеді.

Мұражайдың тағы бір ерекшелігі – онда жәдігерлерді ұстап көруге, аспаптарда ойнауға болады. Саздан сазсырнай да жасап көруге болады.

Көрменің ашылу салтанатында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова: «Халқымыз ұлттық аспаптарын қастерлеген, сақтаған, киелі деп санаған. Біздің ұлттық музыкамыз - ғасырдан-ғасырға жалғасқан, атадан-балаға қалған мирас. Сол мұраны, құндылықты насихаттау - баршаға ортақ міндет. Бұл көрменің маңыздылығы жоғары деп білемін», - деп, Қосшы қаласынан келген құрметті қонақтарға алғыс білдірді.

Көрменің таныстырылымы лекция-концертке ұласты. Оны мұражай жетекшісі, этнограф, музыкатанушы, аспап жасаушы шебер Азамат Бақия жүргізді. Концерт сазсырнай аспабын таныстырумен басталды. Мұражай қызметкерлерінен құралған «Қосшы» ансамблі халық әні «Балапан қазды» орындады.

Одан кейін Азамат Бейсеналыұлы: «Сазсырнай аспабының желбуаз, уілдек, тастауық, үскірік, шыңырау, құссайрау, қоссаз, қосуілдек, тұлыпсырнай секілді түрлері елімізде кең таралған. Мысалы, екі сазсырнайды қосқанда пайда болатын акарена деген аспап бар. Ол әлемде ХХ ғасырда қолданысқа енген. Ал, этнограф Ақселеу Сейдімбек екі түрлі дыбыс шығаратын қоссаз аспабы қазақтың даласында ХІІІ ғасырда болғанын жазған екен. Бір сазсырнаймен бірнеше дыбыс шығару дегеніміз үлкен өнер әрі асқан сауаттылық деп білемін», - деп қоссазбен Ықыластың «Ерден» күйін орындап берді.

Азамат мырза сазсырнай аспабында ойнауды үйрететін авторлық әдістемесімен де таныстырды. Маманның сөзінше, кез-келген адам сазсырнайда 5-7 минутта ойнап үйрене алады.

«Сазсырнай аспабы жас балалар үшін өте пайдалы. Мұнда 6 ойық – 6 нота бар. Ал, балалар қолынан тастамайтын смартфонда бұдан да көп комбинация жасайды. Біріншіден, үрмелі аспап өкпеге пайдалы. Екіншіден, қолдың маторикасын дамытуға өте ыңғайлы», - деді Азамат.

Бұдан кейін көрерменге сыбызғы туралы мағлұмат берілді. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде қазақтың даласында екінің бірі сыбызғы меңгерген деген ақпарат кездеседі екен. Қазір бұл өнер кенжелеп барады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін көп күш жұмсалып, жұмыс істелуде. Сыбызғыны көмей қосып ойнайтын тәсіл де ұмыт болып барады. Осы өнер түрін сыбызғышы Ерлан Сәтұлы паш етіп, халық күйі «Кербез қызды» орындады.

Көрерменге ұсынылған келесі аспап – шаңқобыз. Азамат мырза: «Шаңқобыз, кішкентай ғана болғанымен өте күрделі, өте қиын аспап. Ертеде бұл аспапты бақсылар қолданған. Қазақ даласында ұлттық аспаптар жойылып, жоғалып кетуге айналған кезеңде, көптеген ұлттық аспаппен бірге шаңқобыз да, музыкатанушы Болат Сарыбаевтың еңбегімен қайта жаңғырған», - деп бақсылық сарын мен жаңа заман ырғағын біріктіріп ерекше бір шығарма орындады.

Мұражай қорындағы тағы бір аспап – сылдырман домбыра немесе барбыт деп аталады. «Бұл аспап қазақтың даласында үйсіндер мекен еткен кезде Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас жасау үшін пайдаланылған екен», - деді Азамат мырза. Одан кейін ансамбль «Алтын бесік» шығармасын орындады, барбыт аспабында Бағдар Жарқынұлы ойнады.

Көрермен қауым әр аспап туралы деректі тыңдап, олардың үніне құлақ түріп, өнерпаздар тартуын ықыласпен қабыл алды. Азамат мырза айтқан келесі ақпарат та тарихпен сабақтасып жатты. «Қазақ даласында Тұран жолбарысы мекен еткенінен хабардарсыздар. Осы деректің нақты екенін айғақтайтын дәлел бар. Ол – қауақ деген музыкалық аспап. Ертеде бабаларымыз қалың қамыс арасынан өтетін кезде, жолбарыс жарып кетпеу үшін, сол аспапты пайдаланған екен. Бұл – кәдімгі қауақ деген көкөніс. Қауақтың екі жақ шетін кесіп тастап, ішін тазалайды. Бетін ешкінің терісімен қаптайды. Ортасын тесіп, қалыңдығы бір елі қылды бекітеді. Қылды сулап тартқан кезде аспаптан ақырған жолбарыстың дауысы шығады. Осы дауысты естіген аң, қамыс ішінде басқа жолбарыс бар екен деп адамға таянбаған екен. Міне, қазақ даласында осындай көрегенділік болған», - деді. Одан кейін ансамбль музыкалық шығарма орындады. Жиналған қауым қауақ аспабынан жолбарыстың ақырған дауысын естіді.

Азамат Бақия одан кейін көрермен алдында балбалтас пішініндегі сазсырнай аспабын жасап берді. Жасалған жаңа аспапты ол Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрмановаға сыйлады.

Мұражай қорындағы тағы бір ерекше аспап – керней. Бұл аспап жайлы да мол мағлұмат берілді. «Кернейдің дауысы 4 шақырымға дейін жетеді. Музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім кернейді ертеде соғыс жорығында дыбыстық сигнал ретінде пайдаланғанын жазады. Мысалы, 5 кернейші болса, дауыс 20 шақырымға жетеді. Солайша, алыс қашықтықтан ақпарат алынған. Әр хабардың өз дыбыс белгісі болған.

Керней аспабы туралы:

«Керней, сырнай тартқызып,

Беделін жұртқа артқызып,

Алпамыс батыр келеді...», - деген жолдар «Алпамыс батыр» жырында кездеседі», - деді Азамат Бақия. Аспаптың зор дауысына куә болған қонақтар да кернейді үрлеп көрді. Аспап дауысы, шынымен де, арқамызды қоздырып, көшпенді болмысымызды қайта оятқандай болды.

Жерлестеріміз куә болған келесі аспап – ұра деп аталады. Бұл аспап түркітілдес халықтардың көбінде бар екен. Аспап атауы туралы Азамат мырза былай деді. «Ұраның дауысы – жеңістің белгісі. Сондықтан ол соғыстан жеңіспен келе жатқанда қолданылатын болған. Жорықтан қайтып келе жатқан әскердің алдынан шыққан ауыл мал сойып, қазан көтереді екен. Жарқын Шәкәрімнің еңбегінде «Ұра» – «Ура» сөзінің этимологиясы екені айтылады», - деді Азамат мырза. Ансамбль ұра аспабының көмегімен Азамат Бақияның «Рухты ел» шығармасын орындады.

Бұл шығарма лекция-концерттің нүктесі болды. Одан кейін қонақтар аспаптары қолға алып, өздері де ойнап көрді. Егер, сіз де қазақтың көне аспаптарын көріп, дауысына куә болғыңыз келсе, «Шаңырақ» орталығынан (Торайғыров, 48) табылыңыз! Көрме 12 наурыз күні, яғни ертең де жұмыс істейді.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Суреттерді түсірген – Ажар ҚАЙЫРОВА.   

Байланысты жаналықтар

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

24.10.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Димаш Құдайберген Euronews теларанасына сұқбат берді

18.09.2024

Президент Лаки Кесоглуді І дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады

22.07.2024

Астанада креативті хаб ашылды

17.07.2024
MalimBlocks
Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Димаш Құдайберген Euronews теларанасына сұқбат берді

Димаш Құдайберген Euronews арнасына сұқбат берді. Әңгіме барысында Димаш шығармашылығы, қазақ ұлттық музыкасы жайлы да айтқан. Әлемдік БАҚ-қа жариялаған экслизив сұқбаттың еркін аудармасын Қазақпарат агенттігі ұсынды.

Президент Лаки Кесоглуді І дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада креативті хаб ашылды