Жас қаламгерлерге Президенттік сыйлық табысталды

Бүгін, 25 ақпан күні ҚР Ұлттық музейінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен 2024 жылғы жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушуылар одағының стратегиялық әріптестігі аясында «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасымен жарық көрген 20 жас қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері және министрлік жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының мүшелері қатысты.
«Жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 2023 жылы Президент Жарлығымен тағайындалып, отандық әдебиет әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бұл – Мемлекет басшысының мәдениет саласын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған бастамаларының бірі. Бұл сыйлықтың басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашу. Мемлекет басшысының мәдениет пен өнерді дамытуға ерекше мән беруі – оның ұстанып отырған реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы. Өйткені мәдениетті, әдебиетті дамыту – жас ұрпақтың жан-жақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Ал рухани тұрғыдан кемелденген, білімді, еңбексүйгіш әрі патриот азаматтардан құралған қоғамда Заң мен Тәртіп үстемдік құрады, адамдар өз әрекеттері үшін жауапкершілік алады, дәстүрге құрметпен қарап, ұлттың негізгі құндылықтарын ардақтайды», – деді Аида Балаева.
Министр халқымыздың негізгі құндылықтарын насихаттау – әдебиет қайраткерлеріне жүктелер ауыр әрі мәртебелі міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ақын-жазушылар қоғамның моральдық бағыт-бағдарын айқындайтын рухани көшбасшылар екеніне тоқталды.
Басқосуда бүгінгі әдеби тенденциялар мен өзекті мәселелер талқыланып, түрлі ұсыныс-пікірлер көтерілді.
Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы «Проза» номинациясы бойынша «2026» шығармасы үшін Есбол Социалханға, «Поэзия» номинациясы бойынша «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы үшін Жәнібек Бақытұлы Әлимановқа, «Драматургия» номинациясы бойынша «Апатай» драмалық туындысы үшін Әлишер Жеңісұлы Айтуарға, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Рокет Ера» повесі үшін Әсет Жүкенұлы Сыздықовқа берілді.
Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер бұрын халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған туындыларымен қатысты.