ZhuldyzArt: Малайзиядан алған білім танымалдылығымды арттырды
Өзіміздің төл туындылар экспонат деңгейінде қабылданатыны қынжылтады
ZhuldyzArt есімімен танымал Жұлдыз Жолбарысты желіде танымайтын адам сирек. Оның қолынан шыққан иллюстрациялар қазақы бояуымен, заманауи стилімен тартымды. Алғашқы суреттерін салғаннан бастап бүгінге дейін 26 мың оқырман жинаған. Сән индустриясында Fashion scetch атты жаңа бағытты дамытып жүрген Жұлдызбен сұхбатымыз өнердің тың жанрлары жөнінде өрбіді.
- Жұлдыз, Сіз бейнелеу өнерінің ерекше түрімен айналысасыз? Түрен түспеген тың салаға қалай келдіңіз?
- Бейнелеу өнеріне кішкентай кезімнен қызыға бастадым. 3 жасымнан бастап сурет салады екенмін. Бұл-түйсіктің өнері деуге болады. Әйгілі қылқалам шебері Пабло Пикассо «Адамның жүзін, бет-әлпетін кім дұрыс көре алады? Фотограф па, айна ма, әлде суретші ме?» деген сауал тастаған екен. Сұраққа жауап бергендердің дені суретшіге тоқтапты. Фотограф пен айна адамның сыртқы пішінін ғана таспалай алса, суретші жалпы болмысты терең түсінеді. Сондықтан, бұл оңай жұмыс емес. Дегенмен, оқушы кезімде дизайнер болуды армандадым. Келе-келе ол бағытты да меңгеруге талпыныс жасалды. Суретті де жаныма серік етемін.
- Қайда оқыдыңыз? Кәсіби білім алғансыз ба?
- Сурет өнерін мектеп қабырғасында үйрене бастадық. Кейін қабілетімді шыңдау үшін Қастеев атындағы бейнелеу өнері мен техникалық дизайн мектебіне оқуға мүмкіндік алдым.Қастеев мектебі менің өнер жолыма көп өзгеріс әкелді. Бейнелеу саласының ұңғыл-шұңғылына үңілдім. Осы мектептің арқасында сурет салу бойынша іргетасым қаланды. Мектеп бітірген соң бала күнгі арманым-киім дизайны бағытында оқимын деп шешім қабылдадым. Осылайша Малайзиядағы LIMKOKWING UNIVERSITY OF CREATIVE TECHNOLOGY университетіне қабылдандым.
Малайзияда 4 жыл оқып, жоғары білім алып шықтым. Университет алдымнан жаңа көкжиек ашты, озық білім, жаңаша көзқарас берді. Оған дейін тек қағазға сурет салатын болсам, енді планшетпен жұмыс істей бастадым. Малайзиядан алған білім танымалдылығымды арттырды. Сөйтіп, университетті аяқтаған соң, әлеуметтік желіден жеке парақшамды аштым. Суреттерім осылай интернетте кең таралып, көп окырман жинаймын деп мүлде ойламаған едім.
- Сіздің суреттеріңіз ел арасында ерекше таралды. Этно стильді заманмен үйлестіре білдіңіз. Бұл бағыт қалай аталады?
- Негізі көбіне қыздарды бейнелеймін. Аталмыш жанрды портрет деп атауға болады. Портретте аруларды кескіндегенде оны ұлттық стильмен біріктіріп саламын. Қазақтың ою-өрнектері құпиясы ашылмаған әлем ғой. Ертеректе оюларды халқымыз жазу ретінде қолданыпты. Қазақ әшекейлері мен ою-өрнегінен ерекше шабыт аламын. Мұндай жауһар басқа елдерде жоқ. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық киімдер, өрнек-оюлар, қайталанбас әшекейлерді оқырмандарыма көрсеткім, танытқым келеді. Себебі, өзіміздің төл туындылар экспонат деңгейінде қабылданатыны қынжылтады. Жастар отандық өнімге қызықса бүкіл халық солай киінеді. Олар үлкен күш. Бір қуаныштысы, қазақы әшекейлерімізді заманауи киіммен үйлестіріп киюге болатынын көрсеткен секілдімін. Менің суреттерімнен шабыт алып жүрген замандастарым аз емес. Көшеден ұлттық нақыштағы тақия киетін қыздарды жиі байқаймын. Соған қарағанда діттеген мақсатымызға жетіп келе жатқан сияқтымыз.
- Суреттеріңізде тек қыздарды бейнелейді екенсіз. Мұның қандай да бір себебі бар ма?
- Бір ақынның «қыз жанын ұғу үшін, қыз болып туу керек» деген өлеңі бар еді. Сол сияқты әркім өзінің терең білетін дүниесімен айналысқаны дұрыс деп санаймын. Арулар әлемінің қойнауында жатқан құпиясы көп. Сол құпияларды бейнелеу өнерінің тілінде сөйлетсем деймін. Сонымен бірге, киім дизайнын да қыздардың суреттері арқылы насихаттаймын.
- Бір иллюстрацияңыздың бағасы қанша?
- Бағасын нақты айта алмаймын. Себебі, картинаның идеясына, қиындығына байланысты құны өзгере береді. Сурет күрделі болған сайын бағасы да қымбаттайды.
- Осы суреттер арқылы айналаңызға қандай ой айтқыңыз келеді? Тамырыңа үңіл, төл мәдениетіңді таны деген сияқты мағынада деп білдім өз басым...
- Қазақтың бір ғана сырғасының өзі философияға, мән-мағынаға толы. Жасөспірім қыз, тұрмысқа шыққан әйел, құдағи, әже дейсіз бе әрқайсысының сырғасы әр түрлі. Кім екенін сырғасына қарап таныған. Ұзатылған қыз жат жұртқа барған соң үйіне жастық, орамал жібереді екен ертеректе. Әке-шешесі сол бұйымға түскен оюлар арқылы қызының қандай жағдайда жүргенін тап басып біліп отыратын болған. Біздің әдемі ою-өрнектеріміз, әшекейлеріміз және сәнді қазақи киімдерді ұмытпауға замандастарымды үндеймін. Осы әшекейлерді заманға сәйкес жарасымды үлгіде киюге болатынына идея бергім келеді. Тарихымызды, мәдениет, өнерімізді жаңғыртуға тиіспіз. Сондықтан, ұлттық жауһарларды креативті түрде дамытуды қолға алдым.
- Алдағы мақсат-жоспарларыңыз туралы білсек...
- Жоспарым көп. Өзімнің ZHULDYZART брендімді дамытып, жеке көрмемді ашқым келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!